Accessibility links

Франция сотының қазақстандық олигархты экстрадициялау туралы шешімін оппозициялық саясаткерлер сынап шықты. Ал билікшіл саясаткерлер судья «әділ үкім шығарды» деп санайды.

Қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы франциялық сот шешіміне оны жақтайтындар да, оған қарсылар да қызу реакция танытты.

Қаңтардың 9-ы күні Франциядағы Экс-ан-Прованс қаласының соты былтырғы шілдеден бері осы елде қамауда отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынаушы Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы үкім еткен.

«АЖДАҺАНЫҢ АУЗЫНА ТАСТАҒАНМЕН БІРДЕЙ»

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин – соңғы сәтке дейін Франция Әблязовты үшінші тарапқа бермейді деп үміттенген адамдардың бірі.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин.

Постсоветтік елдерде тәуелсіз сот жүйесі жоқ деп санайтын саясаткер Франция сотының Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы шешім шығаруын «демократия құндылықтарын таптап, Қазақстанның энергетикалық байлықтарына айырбастау» деп бағалайды.

​«Әблязовты бұл елдің қай-қайсысына болсын беру – оны аждаһаның аузына тастағанмен бірдей. Ресей мен Украинаны да диктаторлар басқарып отырғанын, Әблязов ісі бойынша олардың Қазақстан билігімен келісіп отырғанын Франция білмей отырған жоқ. Демек өкінішке қарай бұл жерде астыртын шешім болғаны ғой. Кезінде Ұлыбритания соты да Ақорданың пайдасына шешті. Италия да Ақорданың қысымымен Әблязовтың отбасын берген еді. Енді, міне...» дейді ол.

Франция сотының шешімін «әділетсіз шешім» ретінде сипаттаған саясаткер Әміржан Қосанов Мұхтар Әблязов Ресей мен Украинаға тапсырылған жағдайда оның өміріне қауіп төнеді деп алаңдайды.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

«Қазақстанның Ресейге және Украинаға ықпалы бар екенін, Ресеймен бірге бір одаққа кіріп жатқанын ескеретін болсақ, біз Мұхтардың бостандығы ғана емес, оның өміріне, денсаулығына қатты алаңдаушылық білдіруіміз керек» дейді Әміржан Қосанов.

Ол Мұхтар Әблязовтың қорғаушылары апелляциялық шағым түсіріп жатқан шақта Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдері, саясаткердің әріптестері үнсіз қалмауы тиіс деп санайды.

«ОРЫНДЫ ШЕШІМ»

Мұхтар Әблязовқа қатысты Франция соты әділ шешім шығарды деп есептейтін саясаткерлер де бар. «Ақжол» партиясының жетекшісі, мәжіліс депутаты Азат Перуашев Азаттық тілшісіне ресми БАҚ-та жиі аталатын «Әблязовтың қылмыстарын» санамалап шықты. Ол Әблязовтың кесірінен Қазақстан экономикасы дағдарыс кезінде зор зиян шекті деп ойлайды.

«Әблязов Ресейде, Украинада, әсіресе Қазақстанда көп ұрлықтармен айналысқан. Миллиардтай ақшаны жалған несиелер арқылы елден шығарды. 2008-2009 жылы болған қаржы дағдарысын елімізге алып келген, оған ерекше ықпал еткен сол – Әблязов басқарған БТА банкі» деді ол.

Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі, мәжіліс депутаты Вячеслав Косарев.

Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі, мәжіліс депутаты Вячеслав Косарев.

Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі, мәжіліс депутаты Вячеслав Косарев «Әблязовтың бәрібір ұсталатынын білгенін» айтады. «Англия мен Франция сотынан құтылып кетуіне оның ақшасы жетпейді» деп санай тұра Косарев Франция сотының үкімі әділетсіз деп біледі.

«Бірақ бұл әділ үкім деп атай алмаймын. Қазақстан Әблязовты жазаламай-ақ елге қайтарып, үкіметтің бақылауымен жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе дұрыс болатын еді. Ол – ірі қаржыгер, кәсіпкер, қаржымен жұмыс істей алады» деді Косарев.

Коммунист саясаткер Әблязовты жеке танитынын, тіпті түрмеде отырған кезде халін біліп тұрғанын айтты.

«Мен оны жақсы білем, отбасын да танимын. Егер айлакер болмағанда Қазақстанның өзінде де жұмыс істеуіне болатын еді. Ол өз-өзін алдады. Мәскеуде де, Киевте де бизнес жасады. Бірақ барлық жерде де ісі жүрмеді. Бұлай жасауға болмайды ғой» деді Косарев.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ

Франция сотының шешімі белгілі болған кезде Facebook желісінде әртүрлі эмоциялық реңкті пікірлер пайда бола бастады.

Режиссер, қоғамдық белсенді Болат Атабаев.

Режиссер, қоғамдық белсенді Болат Атабаев.

Шешімді естіп, «есеңгіреп қалғанын» жазған режиссер Болат Атабаев сот үкімін «саяси сауда» деп айыптайды.

«Есімді жинайын дедім. Барлығы есеңгіреп қалды. Себебі мен іштей Мұхтарды түрмеден босап шыққанымен құттықтауға дайын едім. Судья шешімін оқып жатып: «Украина мен Ресейдің экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырсын» деді. Бұл елдер оны өзара қалай бөліседі десеңші? Сөз жоқ, бұл – саяси сауда» деп жазды.

Azamat Argynbayev есімді қолданушы «Ресейдің арнайы қызметінің Әблязовты уысында ұстауға қол жеткізгенін» жазып, «бұл Кремльдің болашақта Ақордаға «шантаж» жасауына керек болады» деп болжайды.

Әблязов жақтастарының бірі Ирина Петрушова «шешімнің қатаң екенін, бірақ әлі үміт бар» екенін жазады.

«Меніңше, француздар уақытты созып жатқан сияқты. Бұл қазақтардың мүддесі үшін тиімді. Жанашырлық танытқан ресейлік арнайы қызмет өкілдерінің бірімен әңгімелескен едім, ол: «Қазақтарыңыз Әблязовты Қазақстанға қайтаруға қатты құлшынып отырған жоқ, оларға әйтеуір оның түрмеде отырғаны маңызды, ал Францияда ма, Ұлыбританияда ма немесе Украинада ма – маңызды емес» деді» деп жазған.

Amnesty International ұйымының мүшесі акция өткізіп тұр. (Көрнекі сурет)

Amnesty International ұйымының мүшесі акция өткізіп тұр. (Көрнекі сурет)

Қаңтардың 9-ы күні Әблязовқа қатысты шыққан сот үкімі туралы Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы мәлімдеме таратты. Ұйым Франция үкіметін Әблязовты Қазақстанға экстрадицияламауға шақырды.

«Ресей мен Украинаның арнайы қауіпсіздік қызметтері Қазақстанның қауіпсіздік аппаратымен үнемі ынтымақтасып отырады. Біз Әблязов Ресей мен Украинада әділ түрде сотқа тартылмайды деп қана емес, ақыр соңында ол Қазақстаннан бір-ақ шығып, азаптауға ұшырай ма деп те қорқамыз» деді ұйымның контр-терроризм және адам құқықтары жөніндегі сарапшысы Джулия Холл.

«ФРАНЦИЯ СОТЫ ӘКЕМДІ ӨЛІМГЕ БАЙЛАДЫ»

Францияның Экс-ан-Прованс қаласында қаңтардың 9-ы күні өткен сотқа Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызы да қатысқан.

Әблязовтың қызы Мәдина Reuters агенттігіне «Экстрадиция туралы шешім - Франциядағы, осы елдің сот жүйесіндегі масқара жағдай. Адам құқығы бұзылды, бұл - сөз бостандығына қарсы шешім. Өйткені менің әкем - Қазақстан оппозициясының лидері. Ол демократия, сөз бостандығы үшін көп жылдар бойы күресіп келеді. Егер оны Ресейге немесе Украинаға берсе, онда әкемді өлімге байлағандары» деген.

Әблязовтың адвокаттары сот шешіміне қарсы апелляциялық арыз бермек. Адвокат Жерар Чолакян «Біз бұл шешімге таңғалып тұрмыз. Еуропа соты, одан басқа да Еуропалық органдар Ресей мен Украинада әділ сот жоқ екенін, бұл елдерде адамды абақтыда қалай ұстайтынын, Еуропа конвенциясындағы адам құқықтары кепілдіктері сақталмайтынын біледі» дейді.

Экс-ан-Прованс сотының видеосын мына жерден көре аласыз:

Қазақстан мен Франция арасында экстрадиция туралы келісім жоқ. Әблязовты Ресей мен Украина сұратып отыр. Reuters мәліметіне қарағанда, сот оны «қаржылық істері Украинадан гөрі Ресейде көп болғандықтан», Ресейге беру туралы шешім шығарған.

Әблязовтың жақтастары егер Франция оны Ресейге берсе, Мәскеу бірден Қазақстанға ұстап береді деп қауіптенеді.

Ал Әблязовқа қарсы соттасып жатқан БТА банкінің адвокаты Антонин Леви «Ресейдің Әблязовты бірден Қазақстанға беруі мүмкін емес» деген пікір айтқан.

Франция соты Мұхтар Әблязовтың қорғаушыларына Ресейге экстрадициялау бойынша апелляциялық шағым беру үшін 7 күн, Украина бойынша 5 күн уақыт берді. Әблязовтың адвокаттары шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Қазақстан билігі БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыптайды. Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG