Accessibility links

Астананың Қырым жайлы мәлімдемесі Киевті алаңдатты


Қырым парламенті алдында Қырым туын ұстап отырған адам. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Қырым парламенті алдында Қырым туын ұстап отырған адам. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Киев Астананың Қырым жайлы мәлімдемесіне наразы болып, Қазақстанның бұл пікірі "Украинаның территориялық тұтастығын сақтауды қолдау" туралы алдыңғы сөзіне қайшы екенін айтты.

Украинаның сыртқы істер министрлігі сайтындағы ақпаратқа қарағанда, наурыздың 19-ы күні Украина сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Наталья Галибаренко Қазақстанның сол елдегі елшісі Зауытбек Тұрысбековті қабылдаған. Кездесу барысында Украина Қырымдағы референдум жайлы Қазақстанның позициясына пікір білдірген.

«Украина Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Қырым автономиялық республикасында өткен "референдум" туралы мәлімдемесіне қатты алаңдайды. Оның мазмұны Қазақстанның бұрынғы мәлімдемелеріне, соның ішінде Украинаның территориялық тұтастығын сақтауды қолдау қажеттігі туралы жоғары дәрежеде айтылған мәлімдемесіне қайшы келеді» дейді Украина сыртқы істер министрлігі.

Азаттық тілшісі Украинаның бұл мәлімдемесіне орай Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласқан еді. Министрліктің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов сауалымызға: «Біздің ұстанымымыз министрліктің сайтында жарияланған. Одан басқа айтарымыз жоқ» деп жауап берді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 18 наурызда арнайы мәлімдеме жариялап, Қырымда өткен референдумды «халықтың өз қалауын еркін білдіруі» деп сипаттап, «Ресей федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайтынын» білдірген.

16 наурызда Қырымда автономияның Ресейге қосылуын дауысқа салған референдум өтті. Ресми мәлімет бойынша, оның қорытындысында дауыс бергендердің 93 пайызы Қырымның Ресейге қосылуын жақтап шыққан.

18 наурызда Ресей президенті Владимир Путин референдумның «демократияға және халықаралық құқық нормаларына сай» екенін мәлімдеп, Қырымды Ресейге қосу туралы келісімге қол қойған.

Ресми Киев «Қырым – Украина территориясы» екенін айтып, онда өткен референдум нәтижесін мойындамаған.

АҚШ пен Еуропа Одағы да Қырымдағы референдум Украина конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін, бұл шара Ресей әскерилерінің қысымы мен қорқытуы арқылы өткенін ескертіп, оны мойындамайтындарын мәлімдеген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG