Accessibility links

Ұлттық банк соңғы екі девальвация себебін қалай түсіндірді?


Қазақстан ұлттық банкі алдына барған девальвацияға наразы азаматтар. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл.

Қазақстан ұлттық банкі алдына барған девальвацияға наразы азаматтар. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл.

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда теңге екі мәрте күрт құнсызданды. Ұлттық банк екі жағдайда да девальвацияның себебін әлемдік экономикадағы дағдарыс салдары деп түсіндірді.

Ақпан айының басында ұлттық банк жүргізген девальвация теңге бағамын 20 пайызға жуық арзандатып жіберді. Теңге 2009 жылдың ақпанында да осынша пайызға құнсызданған еді.

ДЕВАЛЬВАЦИЯ-2009

2009 жылы ақпанда ұлттық банк девальвацияға „әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауы және Қазақстанның сауда-саттық әріптестері саналатын елдердің ұлттық валюталарының құнсыздануы негіз болды” деп екі себепті атаған еді.

Алғашқы девальвация кезінде ұлттық банк төрағасы қызметін атқарған Григорий Марченко.

Алғашқы девальвация кезінде ұлттық банк төрағасы қызметін атқарған Григорий Марченко.

2003 жылдан бастап мұнай бағасы күрт өсті. 2003 жылы желтоқсан айының аяғында әлем нарықтарында 30,72 доллар болған мұнайдың бір баррелі 2008 жылы шілденің 7-сі күні шарықтау шегіне жетіп, 143,19 долларға бағаланды. Сол күннен бастап мұнай бағасы күрт арзандап, 2009 жылы ақпанның 16-сы күні 46,61 долларға дейін түсті.

Ол кезде мұнай бағасы шынымен құлдырады да, ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін валюта қорын жұмсады. Бірақ 2009 жылдың ақпанында мұнай бағасы қайтадан өсіп, жыл соңына қарай бір баррелі 77,34 доллардан сатыла бастады.

Ұлттық банк сол жылғы теңге девальвациясын да сауда-саттық әріптестері валютасының долларға шаққандағы бағамының арзандауынан деп түсіндірген. Ол кезде ұлттық валюта Ресейде - 44 пайызға, Англияда - 38 пайызға, еуроаймақта - 13 пайызға, Норвегияда 28 пайызға құнсызданды.

ДЕВАЛЬВАЦИЯ-2014

2014 жылдың ақпанында тағы теңге девальвациясы жасалды. Ұлттық банк бұл жолы да девальвацияны әлем экономикасындағы дағдарыс, „жаман” доллар және басқа себептермен байланыстырды. Негізгі себептердің ішінде БРИКС елдеріндегі экономикалық жағдайдың нашарлауы, дамушы елдерде капиталдың сыртқа кетуі, Ресей рублінің айырбас бағамының тұрақсыздығы аталды.

Былтыр Қазақстан импортының жалпы көлеміндегі Ресей тауарларының үлесі 36,2 пайыз болған. Ал Қазақстан Ресейге бұдан үш есе аз тауар экспорттаған.

Девальвация себептерінің бірі ретінде тұтыну тауарларын сырттан әкелу есебінен импорттың өсуі, төлем балансының нашарлауы аталды.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов девальвация себептерін түсіндіріп отыр. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов девальвация себептерін түсіндіріп отыр. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның тұрмысқа арналған тауарларға тәуелділігі артып келеді. Ал бұл салаға ие болатын шағын және орта бизнес дамымай отыр.

Экономика ғылымдарының докторы Мағбат Спанов Тotal.kz сайтында жарияланған комментарийінде „үкімет пен қаржы министрлігінің тиімді жұмыс істемеуі теңгені девальвацияға ұшыратты” дейді. Сарапшылар теңгенің келешек бағамына қатысты әр түрлі болжам жасайды. „Караван” газетінде талдау жариялаған „Асыл-Инвест” инвестициялық компаниясы девальвация деңгейі бұдан көп төмен болуы тиіс еді деп есептейді. Ұлттық банктің қазіргі саясатына байланысты компания „теңге бағамы бұрынғыдай тұрақты болмайды, сыртқы баға факторларының өзгеруіне қарай көп құбылатын болады” деген болжам жасайды.

Ал ұлттық банк әзірше айырбас бағамын қатаң реттеуден бас тартып, инфляциялық, яғни құбылмалы бағамға көшуді жоспарлайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG