Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы референдум өткізу бастамасын шешуші кезеңге шығарды


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Орталық сайлау комиссиясы Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді сайлаушылардың жартысынан астамы қолдап отырғанын мәлімдеді. ОСК бұл туралы қорытынды құжатты Қазақстан президентіне тапсырмақ.


Қаңтардың 13-і күні Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда республикалық референдумға қатысуға құқығы бар, республикалық референдумды тағайындау туралы бастамаға қосылған азаматтар қолдарының растығын тексеру нәтижелері туралы қорытынды хаттаманы бекітті.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізу мәселесін көтерген бастамашыл топ жинап тапсырған бес миллионнан астам қол тексеріліп шыққан.

«Заңамаға сәйкес республикалық референдум өткізу үшін бастамашыл топ мүшелері кемінде 200 мың азаматтың қолын жинауға тиіс болатын. Заңның бұл нормасы орындалды және қолдардың қажетті санының дұрыстығын әділет органдарымен бірлесіп тексеріс өткізген аумақтық сайлау комиссиялары растап отыр» деп мәлімдеді бейсенбі күні Астанада журналистерге Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.



Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, референдум өткізуді қолдаған 5 миллион 16 мың адамның, яғни елдегі барлық сайлаушылардың 55,2 пайызының қолы тексеріліп, жарамды деп танылған. Ал бұдан өзге 194 мың қол жарамсыз болып шыққан.

«Әлбетте, қолдардың барлығын бір күнде тексеріп шығу мүмкін емес. Сол себепті қол жинау басталған күннен бастап, яғни өткен жылдың 27-ші желтоқсанынан республикадағы барлық аумақтық сайлау комиссиялары жергілікті әділет органдарымен бірлесе отырып қолдардың жарамды-жарамсыздығын тексеріп отырды», – дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Сонымен бірге Орталық сайлау комиссиясының мүшелері 194 мың қолдың жарамсыз деп танылуының бірнеше себебі болғанын айтады.

– Біріншіден, қол қойған өңірінде тіркелмегендіктен жарамсыз деп танылды. Екіншіден, техникалық қателіктер кеткен. Азаматтардың қол қою парақтарын толтырған кезде олардың аты-жөні, әкесінің аты, туған жылы, айы, күні қате жазылған. Тағы бір себеп – бір адам өзінің қолын бірнеше қол қою парақтарына қойып жіберген. Сонымен қатар 18 жасқа толмаған азаматтардың да қолдары бар. Осындай жарамсыз парақтар анықталды,- дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменова.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, Қазақстан аумағында 13 мың 200 сайлау округі бар. «Олардағы 97 мың сайлау комиссиясының мүшелері қолдарды тексеру науқанына қатысты», – дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Орталық сайлау комиссиясы қорытынды хаттаманы жедел түрде Қазақстан президентіне тапсыратындарын мәлімдеді.

Бастамашыл топ референдум өткізуді қолдаған бес миллионнан артық адамның қолын екі күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына тапсырған.

Сәрсенбі күні бастамашыл топ президент Назарбаевтың қызмет өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге келісім беруін сұрап президенттің өзіне және Конституцияға тиісті өзгеріс енгізуді сұрап парламентке қос үндеу жолдады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасы былтыр желтоқсанның 23-і күні Өскеменде бұқараға жария етілді.

Сол айдың 27-і күні бастамашыл топ Орталық сайлау комиссиясында тіркеліп, қол жинау басталды. Әу бастан ерекше қарқынмен жүргізілген бұл науқан екі аптадан сәл астам уақытқа жалғасты.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламенті қос палатасының бірлескен отырысы өтеді.

Оның күн тәртібінде Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту туралы мәселе қаралатыны туралы қаңтардың 12-күні журналистерге сенат депутаты Анатолий Башмаков мәлімдегенін Азаттық радиосы хабарлаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG