Accessibility links

Судья өзбек босқындарының шағымын қанағаттандырған жоқ


Өзбек босқынының әйелі Рано Жалолхонова. Алматы. 10 желтоқсан, 2010 жыл.
Өзбек босқынының әйелі Рано Жалолхонова. Алматы. 10 желтоқсан, 2010 жыл.

Алматыдағы өзбек босқындарының шағымы бойынша сот процесінде жұма күні үш өзбек азаматының арызы қаралды. Сотқа арызданушылар қатыстырылмады, есесіне әйелдері елдерінде күйеулері мен өздері көрген қысым мен қыспақ туралы айтып берді. Бірақ судья бәрін тізбектемей жалпылама сөйлеуді сұрады.


Тамыз айында Қазақстан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Алматы бойынша көші-қон департаменті қамауда жатқан 29 өзбек азаматын тыйым салынған діни ұйымдарға қатысы бар деп, «Босқындар туралы» заңдағы 12-ші бапқа сәйкес, оларды босқын мәртебесіне ие бола алмайды деген шешім шығарған болатын.

Осыған дейін бұл шешімге наразы әлгі азаматтар мен олардың туыстары оның күшін жойдыру туралы сотқа арыз түсірген еді. Осы арыз бойынша жұма күні өткен сот отырысында босқын мәртебесін сұраған үш өзбек азаматының шағымы қаралды. Азаматтық іс Алмалы аудандық сотында қаралып жатыр.

«ЕШҚАНДАЙ ДӘЛЕЛ-ДӘЙЕК КЕЛТІРІЛМЕГЕН»
Күлсүн Ысқақова, Алматы көші-қон полициясының өкілі. Алматы, 10 желтоқсан, 2010 жыл.

Сот отырысына жауапкер тарапынан келген Алматы қалалық көші-қон полициясының оралмандар және босқындар ісі жөніндегі бөлімінің бастығы Күлсүн Ысқақова үш өзбек азаматының халықаралық дәрежеде тыйым салынған діни ұйым өкілдерімен байланысы болғанын айтты. Ол бұл жайттардың осы азаматтардан алынған өтініштер мен интервьюлер, сонымен қатар жиын-отырыстар кезіндегі әңгімелерден анықталғанын жеткізіп, шешімнің күшінде қалуын өтінді.

Сотта Алмалы аудандық прокурорының көмекшісі Жақсылық Бөрлібаев босқындардың әрқайсысының шағымы бойынша қысқа ғана сөйлеп, көші-қон полициясының бағытын қолдап отырды.

Десе де, сотта өзбек азаматтарының мүддесін қорғаған БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасынан келген адвокат Игорь Пан жауапкер жақтың қолдарында ешқандай дәлел жоқтығын, бұл тұжырымдарды тек жалаң сөздер мен болжамдарға сүйеніп жасап отырғанын жеткізді.

– Жауапкер өкілі өз сөзінде Жалолхоновтың (шағымы қаралған өзбек босқыны) имам Назаровпен таныс болған, онымен байланысып тұрған деген жалаң сөзбен ғана айтады. Жауапкердің келтіруінше, Назаровтың дәрістерінде діни төзбеушілік, күш қолданатын экстремизмге шақыратын элементтер бар... Бірақ оларды дәлелдейтіндей дерек факті келтірілмеген, – деді Игорь Пан.

ӨЗБЕК ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ЖАН ШОШЫТҚАН ӘҢГІМЕЛЕРІ
Шахло Жалолова, өзбек босқыны Ұлұқбек Остоновтың әйелі. Алматы. 10 желтоқсан, 2010 жыл.

Сот отырысына өзбек азаматтарының жақындары, туыстары да келді. Шағымы қаралған азаматтардың әйелдеріне сөз берілген кезде олар қамауда жатқан күйеулерінің ешқандай діни ұйымдарға қатысы болмағанын, өз елдерінде күштік құрылымдар мен арнайы қызметтер тыныштық бермеген соң, өзге елдерге кетуге мәжбүр болғандарын айтысты.

Олардың сөздеріне қарағанда, Өзбекстанның күштік құрылымдары мұнымен қоймай, елде қалған бұл азаматтардың отбасы мен туыстарына да қысым көрсеткен екен. Өзбекстанда көрген қорлық-азаптарын тізіп айтып, тауыса алмаған бір өзбек әйеліне судья Дәурен Тілеубаев «тек қысым жасады деген сияқты жалпылап айт» деп ескерту жасап отырды.

Өйткені оның айтқан азаптау жайлы әңгімелері тым жан түршігерлік, әрі қорқынышты еді. Тіпті бұған өзбек әйелдерінің сөзін орысшаға аударып тұрған аудармашы бозбала да шыдамай жылап жіберді...

Өзбек әйелдері қамауда жатқан жақындарын өз елдерінде азаптаулар күтіп тұрғанын айтып, бұларға босқын мәртебесі берілуін сұрады.
Алмалы аудандық сотының судьясы Дәурен Тілеубаев, Алматы, 10 желтоқсан, 2010 жыл


Төрт сағатқа созылған сот отырысы барысында тараптардың сөздерінен кейін судья үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесінен қалыпты шешім шығарып оралды. Алмалы аудандық сотының судьясы Дәурен Тілеубаев жұма күні қаралған шағымның ешқайсысын қанағаттандырған жоқ.


Сөйтіп сот Сирожиддин Талипов, Саидәкбар Жалолхонов пен Олимжон Холтураевқа қатысты көші-қон департаменті шығарған шешімді күшінде қалдырып, арызданушыларға босқын мәртебесі берілмейді деген ұйғарым жасады.


Шағымы қаралған үш азаматтың әйелдері сот шешімін естіген сайын қыстығып жылап көз жастарына ерік берді.

Ең соңында төртінші өзбек азаматы Ұлұқбек Остоновтың шағымы қаралып жатыр еді. Адвокат өзін нашар сезініп тұрғанын айтып, сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады. Сөйтіп, соттың жалғасы келесі дүйсенбіге қалдырылды.

Бұл сот отырысына Адам құқығына қатысты сот процестерін жібермейтін құқық қорғаушылардың ешқайсысы қатыспады.
Мұтабар Тәжібаева, өзбек құқыққорғаушысы. 2 маусым, 2010 жыл.

Қазақстаннан экстрадициялану қаупі төніп тұрған өзбек босқындарын қорғау жөніндегі халықаралық комитеттің өкілі Мұтабар Тәжібаева желтоқсанның 10-ы күні Азаттық радиосына берген сұхбатында «маусым айында Қазақстанда ұсталғаннан бері өзбек босқындарының құқтары өрескел бұзылып келеді» деп мәлімдеді.

– Мұның өзі олардың бәрінің Өзбекстан билігінің тапсырмасын орындап отырғанын көрсетеді, – дейді Мұтабар Тәжібаева.

Еске сала кетсек, осы жылдың жазында Алматыда қазақ полициясы «Мигрант» операциясы барысында елу өзбек босқынын ұстап, олардың отызын тергеу изоляторына қамаған болатын. Алматыдағы ҰҚК мен Әділет министрлігінің қамау изоляторында отырған олардың бірнешеуін полиция өкілдері Өзбекстанның күштік құрылымдарына қайтарып та үлгерген болатын.

Қазақстандық арнайы мекемелері босқын мәртебесін сұрап келген бұл азаматтардың тек біреуінің ғана өтінішін қанағаттандырған.

Өзбек босқындарының ісі бойынша сотта түсірілген видео:

Өзбек босқындарының соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG