Accessibility links

Жаңаөзен сотына келмек болған Еуропарламент депутатына виза берілмеді


Пол Мёрфи, Еуропарламенттің солшылдар фракциясының депутаты. Алматы, 19 маусым 2011 жыл.

Пол Мёрфи, Еуропарламенттің солшылдар фракциясының депутаты. Алматы, 19 маусым 2011 жыл.

Сәуірдің 4-і күні Еуропарламент депутаты Пол Мёрфиге Қазақстанға келуге сыртқы істер министрлігі виза беруден бас тартқан. Бұл туралы Еуропарламенттің солшылдар фракциясының www.guengl.eu сайтында хабарлама жарияланды.


Азаттық тілшісі Еуропарламенттің Брюссельдегі кеңсесіне қоңырау шалып, осы хабарламаның жай-жапсарын солшылдар фракцияның баспасөз қызметінің өкілі Давид Ландидан сұрап білді. Ланди хабарламаның Еуропарламенттің солшылдар фракциясының ресми құжаты екенін мәлімдеді.

Хабарламада "Депутат Пол Мёрфи сәуірдің 4-інде Еуропарламент делегациясын Ақтауға бастап баруы керек болатын. Алайда Еуропарламент хаттама қызметі Қазақстан елшілігінің Пол Мёрфиге паспортын қайтарып бергенін, депутатқа Қазақстанға кіруге не себепті рұқсат берілмегенін түсіндірмегенін хабарлады" деп жазылған.
Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфимен кездесуге келген мұнайшылар. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфимен кездесуге келген мұнайшылар. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.


"ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫ КІРГІЗБЕЙ ОТЫР"

Пол Мёрфи бұл хабарламаға өзінің мынандай пікірін қосқан: "Маған виза берілмеуінің себебі - Қазақстанда адам құқықтары шектеледі. Желтоқсанның 16-сы болған оқиғадан кейін, Қазақстанда оппозиция белсенділеріне, журналистерге, құқық қорғаушыларға қарсы қуғын-сүргін күшейіп отыр. Оппозицияның жетекші тұлғалары, мәселен, Владимир Козлов, белгілі құқық қорғаушы Вадим Курамшин түрмеде отыр және оларға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Ал Қазақстанның социалистік қозғалысының жетекшілері Айнұр Құрманов пен Есенбек Өктешбаев тұтқындалудан қорқып отандарына бара алмай жүр. Қазір Ақтауда 37 адамның үстінен көзбояушылықпен сот өтіп жатыр. Сот тергеу кезінде мұнайшыларға қарсы куәлік берген полицейлерді сот отырысына шақырмаған деген ақпарат бар. Ал прокурор айыпталушыларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Бізге виза бермеді. Бұдан шығатын қорытынды - Қазақстан үкіметі тәуелсіз бақылаушыларды Батыс Қазақстанға жібермей отыр".

"ЕШТЕҢЕ БІЛМЕЙМІН"

Азаттық тілшісі Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне де хабарласқан еді. Министрліктің ресми өкілі Алтай Абибулаев "күніне жүзге жуық адамға виза берілетінін, Еуропарламент депутаты Пол Мёрфиге виза берілмеуіне қатысты ештеме білмейтінін" айтты. Ал министрліктің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров "басқа шаруалармен қолым босамай тұр, Алтай Абибулаевқа хабарласыңыздар" деп жауап қайырды.

Наурыздың 14-15 күндері Страсбургте Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты тыңдаулар өткізіп, бірлескен қарар қабылдаған болатын.

Қарардың 18 баптан тұратын негізгі бөлімінің 3-бабында: «Еуропарламент Жаңаөзендегі шерушілерді полицияның күшпен басқанын қатты айыптайды. Бұл оқиғаны халықаралық ұйымдарды қатыстырып, тәуелсіз, әрі сенімді тергеу жүргізуге шақырады» деп жазылды. Ал 14-бапта Еуропарламент «Қазақстан үкіметін азаматтардың жиналу, еркін пікір айту, дін ұстану құқықтарын ЕҚЫҰ өкілдерінің ұсыныстарына сай құрметтеуге» шақырған еді. Бұл құжатта 2011 жылғы желтоқсанның 16-17 күндері Маңғыстау облысында болған толқудың күшпен басылғаны ресми түрде айыпталды.

Осы тыңдауда Пол Мерфи Жаңаөзендегі жағдайды атап өтіп, Еуропа одағының жетекшілеріне сөзден іске көшуді, адам құқықтарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындамаған жағдайда, Қазақстан үкіметімен әріптестік пен ынтымақтастық байланыстарды тоқтатуды ұсынды.
Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи (солдан оңға қарай үшінші), «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи (солдан оңға қарай үшінші), «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.


Пол Мерфи 2011 жылы шілденің 17-і күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласына барып, "Қазмұнайгаз Барлау.Өндіру" компаниясының басшылығымен кездесіп, оның өндіріс орны "Өзенмұнайгаз" бөлімшесінде болып, ереуілдеген мұнайшылармен кездесу өткізген еді. Кездесуден кейін Еуропарламент депутаты мұнайшылар ереуілін қолдайтынын да айтты.

2011 жылы 27 шілдеде Еуропалық парламент депутаттары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, елдегі мұнайшылар мәселесін бейбіт реттеуге шақырған болатын.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот басталардан бір күн бұрын, наурыздың 26-сы, Қазақстан жоғарғы сотының ресми өкілі Оксана Петерс "Соттың ашық, жария әрі шынайы түрде өтуін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалды" деген еді. Бұған дейін Қазақстан үкіметі Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотқа халықаралық бақылаушылардың да кедергісіз қатысатыны, тіпті тергеуге БҰҰ-ның сарапшылары да шақырылатыны туралы мәлімдемелер жасаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG