Accessibility links

Батыр ана жеті баласын асырай алмай отыр

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Көпбалалы ана Мейрамгүл Нәбиева. Алматы облысы, Шелек, 21 қаңтар 2016 жыл.

Көпбалалы ана Мейрамгүл Нәбиева. Алматы облысы, Шелек, 21 қаңтар 2016 жыл.

Күйеуі кетіп қалған 37 жастағы Мейрамгүл Нәбиева жеті баласымен Алматы облысы Шелек кентінде қайыршылықтың аз алдында күн кешіп жатыр. Билік отбасының қиын жағдайына «мінезі жаман» әйелдің өзін кінәлайды.

37 жастағы Мейрамгүл Нәбиева кәмелетке толмаған жеті баласымен Алматы облысы Шелек кентіндегі тозығы жеткен үйде алты айдан бері тұрып жатыр. Кішкентай бір бөлмесі мен шағын ас бөлмесі бар үйде кереует те жоқ, бүкіл отбасы ескі әрі жыртық төсеніште ұйықтайды.

«ҮЙІМІЗ ӨРТЕНІП КЕТКЕН»

Қазақстанда жеті бала тәрбиелеген әйелге «Батыр ана» мәртебесін беріп, айрықша медальмен марапаттайды. Мейрамгүл Нәбиева «бұрын басқа ауылда тұрғанбыз, ол жақтағы үйіміз 2013 жылы өртеніп кетті, ал күйеуім бала-шағасын тастап кетіп қалды» дейді. Қазір Шелек кентінде жартылай қираған лашықты 10 мың теңгеге жалдап тұратын көп балалы ана енді қайырымды жандардан көмек сұрайды. Мейрамгүлдің бұрынғы күйеуі Азаттық тілшісіне комментарий беруден бас тартты.

Көпбалалы ана Мейрамгүл Нәбиева балаларымен жалдаған үйлерінің жанында тұр. Алматы облысы, Шелек, 21 қаңтар 2016 жыл.

Көпбалалы ана Мейрамгүл Нәбиева балаларымен жалдаған үйлерінің жанында тұр. Алматы облысы, Шелек, 21 қаңтар 2016 жыл.

Коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай қарыз болып қалған Мейрамгүл Нәбиеваның баспанасын электр жарығынан ажыратып тастаған. Отын мен көмір жоқ болғандықтан, Мейрамгүл жартылай қираған пешке жұрт жуынды төгетін жерден жинап әкелген қоқысты жағады. Көбінесе ескі аяқ киімдер табылады, оларды жаққан кезде көз ашытатын түтін үйді алып кетеді.

- Тамақ пісіру үшін пешке ескі-құсқы аяқ киімдерді жаққан кезде зиянды газбен уланып қалмасын деп кішкентайларды далаға қуамыз, - дейді 14 жастағы Әлфия.

Жеті баланың ең кішісі Зүлфия жуырда төрт жасқа толған, ал Мейрамгүлдің үлкен ұлы Арманжан 16 жаста. Балалардың бесеуі мектепте оқуы тиіс. Бірақ балалар сабаққа көбінесе бармайды.

- Киім жоқ болғандықтан, балаларым екі ай мектепке барған жоқ. Көршілерден жағалай киім сұрап, бергендерін кигізіп, мектепке жібердім. Бірақ сыныптағы балалар «біреулердің ескі-құсқысын киіп жүрсіңдер» деп мазақтаған соң екі күннен кейін сабаққа бармай қойды. Ал әкімдік «қай жақтан келдің, сонда бар» деп, көмек көрсетуден бас тартты. Тұрғылықты мекенжайға қатысты анықтама қағаз бермеген соң балаларға жәрдемақы да ресімдей алмай отырмын, - дейді көзіне жас тығылған Мейрамгүл Нәбиева.

Бірақ жергілікті биліктің Мейрамгүлдің отбасындағы жағдайға қатысты көзқарасы өзгеше. Олар «отбасын тоздырған өзі» деп әйелді айыптайды.

ӘКІМДІКТІҢ ЖАЗҒЫРУЫ

Округ әкімі Есенғали Есенханов пен оның орынбасары Мәди Бектасов Шелек ауылдық округы әкімдігіне Азаттық тілшісіне еріп келген Мейрамгүл Нәбиеваны «журналистерге шағындың» деп жазғыра бастады. Шенеуніктер әйелді «шындық іздеп, журналистерге жүгіргенше, өзіңнің мінезің мен жүріс-тұрысыңды түзе» деп сөгеді.

Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов. 21 қаңтар 2016 жыл.

Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов. 21 қаңтар 2016 жыл.

- Ол бұрын Ұйғыр ауданында тұрған, мінезі бұзық болған соң ол жақтан ақсақалдар кеңесі қуып жіберген, кейін мына көрші Тескенсу ауылында тұрған болатын, ол жаққа да сыймады. Бұл әйелден тіпті күйеуі де қашып кетті,- дейді Есенғали Есенханов.

- Балаларын интернатқа орналастырып қойып едік, мына әйел мас күйінде барып, мекеме меңгерушісімен төбелесіпті. Полиция шақыруға тура келді, - дейді бастығын қостаған Мәди Бектасов.

Шенеуніктердің әлгі сөздерінен кейін әңгімеге Мейрамгүл кірісіп, айғайға басты. Ол шенеуніктерді «қайырымсыз, жалақорлар» деп жазғыра бастады.

- Батыр ана ретінде алатын 15 мың теңге жәрдемақыға күнелтіп отырмын. Араққа ақшаны қайдан алмақпын? Сотқа жүгініп, алимент өндіріп беруді сұрайын десем, мекенжайым туралы анықтама қағаз ала алмаймын. Маған көмектесудің орнына жала жабасыңдар, - дейді ол.

Мейрамгүлдің жеті баласының бесеуі оқуы тиіс Абай атындағы мектеп басшылығы тұрмысы жайсыз отбасындағы балалардың оқу үлгеріміне алаңдайды.

- Оларды мұқтаж отбасылар тізіміне енгізіп, тегін түскі тамақпен қамтыдық. Бірақ балалары сабаққа сирек келеді. Бұл отбасы материалдық көмекке зәру, - дейді тәрбие жұмысы жөніндегі меңгеруші Шұға Батталғазиева.

Мейрамгүл Нәбиеваның балалары иттерен ойнап жүр. Алматы облысы, Шелек, 21 қаңтар 2016 жыл.

Мейрамгүл Нәбиеваның балалары иттерен ойнап жүр. Алматы облысы, Шелек, 21 қаңтар 2016 жыл.

Қазақстандағы дағдарыс ортылықтары одағы төрайымы Зүлфия Байсақова «дер кезінде қол ұшын бергенде, Мейрамгүл Нәбиева көп қиындыққа тап болмас еді» деп санайды.

- Бізде осындай отбасылардың тағдырымен айналысуы тиіс мемлекеттік органдар көп. Бірақ өкінішке орай, бізде ведомствоаралық байланыс жоқ. Оның үстіне, Қазақстанда отбасын қолдаумен айналысатын бір де мекеме жоқ. Отбасын қолдау стратегиясы жоқ болғандықтан, Мейрамгүлдің отбасы сияқты отбасыларға ешкім көмектеспейді, - деп түйіндейді Зүлфия Байсақова.

Мейрамгүл Нәбиева «Бәрінен бұрын кішкентай балаларыма ойыншық сатып әпере алмағаныма қамығамын. Қыздарым әдемі қуыршақпен ойнауды армандайды, бірақ мұның орнына лас аулада қаңғыбас иттермен ойнауға мәжбүр» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG