Accessibility links

Коммунадағы ұйымдасқан еңбек нашақорлықтан құтқарады


«Нашақорлар мен маскүнемдерді оңалту орталығындағы» үйлердің бірінде тұратын Максим мен Оксана баларымен бірге шай ішіп отыр. Қарағанды облысы, Сарытөбе кенті.

«Нашақорлар мен маскүнемдерді оңалту орталығындағы» үйлердің бірінде тұратын Максим мен Оксана баларымен бірге шай ішіп отыр. Қарағанды облысы, Сарытөбе кенті.

Қарағанды облысындағы Сарытөбе кентінде қоғамдық ұйымның паналау орны жұмыс істейді. Онда есірткі, ішімдік пен құмар ойындарға тәуелділіктен арылғысы келетін жандар саяқ өмір сүреді.

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Сарытөбе кентінің шетіндегі әлгі өзгеше қонысқа ерлі-зайыпты Максим мен Оксана жеті жыл бұрын келген. Талай жыл нашақор болған екеуі бұрын Алматыда тұрған. Бірақ Максимнің айтуынша, есірткіні тастағаннан кейін отбасында қиындықтар басталып, екеуі ажырасып кете жаздаған әрі оны наркологиялық есептен шығармай қойған билік орындарымен де проблема болған. Бұрынғы өміріне қайта оралу қаупі туған. Оңалту орталығына келуіне Максимнің әкесі түрткі болған.

Мұнда келген соң көп ұзамай Максимге наркологиялық есептен шығуға көмектескен әрі Оксана екеуіне ерлі-зайыпты ретінде әуелі шағын бір бөлме берген, ол кезде екеуінің ұлы Данил бір жарым жаста, қызы Софья төртке толайын деп жүрген. Оксана қияндағы жаңа өмірге әрең бейімделген.

- Мұнда келгенде әлдебір барактарды көріп, «мына атқорасы несі» деп ойладым. Үш күн болдым да, мына жерден кетпек болдым. Бірақ әлгі ойымнан айнытып, ақыры қалуға көндірді. Бұрын екеуміз жиі ұрсысып, үйден кетіп қалатынбыз, ал одан балалар зардап шегетін. Ал мұнда ақылға келдім. Мұндағы тіршілікке бейімделу үшін маған екі жылдай керек болды, - дейді Оксана.

Қазір отбасы бірнеше бөлмесі бар жеке шағын үйде тұрады. Оксана қоныста аспаз болып жұмыс істейді, сүт тартып, кілегей шайқап, май шайқап, ірімшік қайнатуды осы жерде үйренген. Ал күйеуі қоныстың шаруашылық жұмыстарымен айналысады.

ҚОНЫС

Паналау орнын қазір шетелде тұратын қарағандылық Владимир Крючков 1998 жылы ашқан. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің сөзінше, мұндай орталық құру идеясы оған Израильде «Дыбенко жертөлелері» деген фильмді көрген соң келген.

Реабилитация орталығындағы бірінің үстіне бірі орнатылған кереуеттер.

Реабилитация орталығындағы бірінің үстіне бірі орнатылған кереуеттер.

Совет заманында балалардың еңбек және демалыс лагері болған қоныс бір қабатты бірнеше үйі бар үлкен территорияда орналасқан. Мұнда екі қабатты үй де бар. Жатын бөлмесі, әжетханасы мен кіреберіс бөлмесі ортақ шағын үйлерде бірнеше адамнан тұрады. Бірақ жеке баспана бөлінген отбасылық жұптар да бар. Азаттық тілшісі қоныста бала-шағасымен тұратын отбасылар бар екенін көріп таңғалды. Ерлі-зайыптылардың көбі осында шаңырақ құрған, ал енді біреулері мұнда әйелі немесе күйеуімен келген. Паналау орнына таяу маңда торайымен қосқанда ондаған шошқа, сиыр, ат, қоян, құс асырайтын ферма бар. Оңалту бағдарламасынан өтіп жатқандар әлгі шаруашылықта жұмыс істейді әрі орталық соның өнімімен күнелтеді.

Қазір паналау орнында 50 ересек адам мен 20 бала тұрады. Әке-шешесі оңалту бағдарламасынан өтіп жатқан балалар Сарытөбе кентіндегі мектепте оқиды. Ал күнде таңертең паналау орны қызметкерлері балаларын апаратын балабақша көршілес Петровка ауылында. Қоныста емшектегі сәбилер де бар. Паналау орны ашылғаннан бері мұнда ондаған үйлену тойы болған.

Паналау орны тұрғындары мен қызметкерлері «қоныс» деп атайтын орталықтан қилы адамдарды жолықтыруға болады. Мұнда бұрынғы полицейлер де, ауқатты адамдардың балалары да, үйсіз-күйсіз жандар да бар. Олардың бәрі кезінде есірткі, ішімдік және құмар ойындарға тәуелді болып, мұнда зиянды әдеттен арылу үшін келген. Көбін жақын адамының тәуелділігін өз күшімен немесе дәрі-дәрмекпен қойдыра алмай қажыған туыстары әкеледі. Кейбірі өзі келген.

Реабилитация орталығының қызметкері, бұрын өзі де нашақор болған Павел Ненашев.

Реабилитация орталығының қызметкері, бұрын өзі де нашақор болған Павел Ненашев.

Қоныстың тұрғындардың бәрі орындауы тиіс күн тәртібі бар. Тұрғындар таңғы сағат 6:45-те тұрады. Жуынып, шайынып, Інжіл кітабынан дұғаларын оқығаннан кейін ортақ дастарханнан таңғы ас ішеді. Сосын олар әркімнің шамасына қарай жүктелген шаруасына кіріседі. Орталық ең бастысы, адам міндетті түрде еңбекпен айналуы тиіс деген принцип ұстанады. Түстен кейін де жұмыс істеп, кешке міндетті түрде моншаға түседі. Моншадан кейін жиналып күнделікті шаруаларын талқылайды, ал кешкі сағат 11-де ұйықтауға жатады. Сенбі күні түнгі 12-де жатады. Жексенбі күні таңғы сағат 8-де тұрып, әркім өз шаруасымен айналысады немесе тынығады. Паналау орны қызметкері, өзі де бұрын нашақор болып, осында оңалту бағдарламасынан өткен Павел Ненашев Азаттық тілшісіне:

- Бізде демеушілер жоқ. Бірақ осында оңалту бағдарламасынан өтіп, жұрт қатарына ілігіп кеткен жігіттер кейде қарайласып тұрады. Өзіміздің шағын қосалқы шаруашылық есебінен күнелтеміз. Ешқандай коммерциялық іспен айналыспаймыз. Ет, сүт өнімдері, жеміс-көкөніс сияқты мына жерде өзіміз өсіріп, баптаған нәрселермен қоректенеміз. Нанды өзіміз пісіреміз. Кейдедәнді дақылдар ғана сатып аламыз. Мұнда реаблитациядан өтіп жатқандардың әке-шешелері де көмектесіп тұрады. Германияда тұратын менің әпкем де ақшалай көмектескен. Бірнеше жыл бұрын жергілікті әкімдік көмір бөлген. Демеушілер көмектессе, жақсы болар еді, - деді.

БИЛІКПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Паналау орны тұрғындары кейде ауылда қосымша жұмыс істейді, көбінесе ауыл тұрғындарының шаруасына көмектеседі. Жұрт ақысына азын-аулақ ақша немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін береді. Кей кәсіпорындар да көмектесіп тұрады. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, паналау орнында тұратындардың туыстары кейде шығындарды жарым-жартылай жауып береді. Паналау орны өкілдерінің сөзінше, орталық пен ондағы жандарға азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары, отын жағынан көмектескісі келетін адамдар үнемі табылады. Көкпекті ауылдық округы әкімінің міндетін атқарушы Дәрібай Мусин Азаттық тілшісіне:

Реабилитация орталығындағы иттер.

Реабилитация орталығындағы иттер.

- Ондай орталық бар екенін білеміз. Ол жердегі жігіттер туралы жаман ештеңе айта алмаймыз. Бәрімен татумыз. Бізге ешқандай зияны жоқ. Бірдеңе сұрап келсе, қарайласамыз. Бізге бірдеңе керек болып қалса, олар да көмектен бас тартпайды. Су тасқынынан кейін лайды тазартуға шықты, біз де оларға лай тазалауға техника жағынан көмектестік. Олар зиянды әдетке тәуелді болып қалған жандарға көмектеседі. Ондағы жігіттермен араласып тұрамыз, араларында діндар, тәрбиелі адамдар бар. Бірақ мемлекет тарапынан әлеуметтік тапсырыс алу үшін олар жеке меншік кәсіпорын сияқты болуы тиіс, ал олар қоғамдық бірлестік саналады, - деді.

Паналау орны 2009 жылдан бері қазіргі қоныс тұрған жер телімі үшін таласып келеді. Кезінде паналау орны территориясында тұратын адамдарды шығармақ болған, бірақ шығармаған. Қоныс орналасқан жер үшін талай жыл соттасуға тура келген. Өйткені олар жерді жалға алған «Шаңырақ Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кейін жерден бас тартып, оны мемлекет пайдасына өткізген. Бірнеше соттан кейін жер Бұқар жырау ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өткен. Енді қоғамдық бірлестік өкілдері талай жылдан бергі сергелдеңіміз аяқталатын шығар деп үміттенеді. «Нашақорлар мен маскүнемдерді оңалтудың рухани орталығы» бірлестігінің өкілі Игорь Скурихин Азаттық тілшісіне:

- Реаблитация орталығы тиімді жұмыс істеу үшін қазір мүлікке (жер телімі мен жылжымайтын мүлік нысандары) меншік құқығын алу мәселесі қаралып жатыр, - дейді.

Азаттықтың паналау орны тұрған жер теліміне қатысты сұрағына Көкпекті ауылдық округы әкімінің міндетін атқарушы Дәрібай Мусин:

- Қандай көмектен үміттене алады дейсіз бе? Біз оларға жерді бере аламыз. Соттары біткен, қазір жер мемлекеттің коммуналдық меншігінде. Енді аукцион болады, олар соған қатыса алады. Аудан қарсы емес, оларды ешкім қудалап жатқан жоқ, - деп жауап берді.

Игорь Скурихин мен Павел Ненашевтің сөзінше, қоғамдық бірлестік әлеуметтік бизнес емес, ешқандай ақылы қызмет көрсетпейді және ешқандай грант алмайды.

«ЕШКІМДІ ЗОРЛАП ҰСТАМАЙМЫЗ»

Орталық оңалту бағдарламасын шамамен бір жарым жылға есептеп құрған. Бірақ кейде бұл мерзімді қайта қарайтын жағдайлар болады. Оңалту бағдарламасын бірнеше айда өтуді ұйғарғандарға, дәлелді себебі болмаса, қоныс территориясынан кетпеуге кеңес береді. Мұны зиянды әдетке тағы салынып кетпес үшін ұсынады. Проблема тумас үшін жыныстық қатынасқа некеге отырған жұбайларға ғана рұқсат етіледі. «Нашақорлар мен маскүнемдерді оңалту орталығы» қызметкері Павел Ненашев:

Реабилитация орталығы аумағында ойнап жүрген балалар. Олар мұнда ата-аналарымен бірге тұрады.

Реабилитация орталығы аумағында ойнап жүрген балалар. Олар мұнда ата-аналарымен бірге тұрады.

- Ұнатпаған адам бұл жерден кете беруіне болады. Мұнда ешкімді күштеп ұстамаймыз, оған құқығымыз да жоқ. Оның қажеті де жоқ, өйткені адамның өзі түсінуі тиіс. Әйтпесе мәні болмайды. Өйткені адамға туыстарының үгіті де, түрме де көмектеспейді. Қала мен бұрынғы достарынан жырақта болғаны жақсы нәтиже береді. Бейімделу кезеңін енді бастаған кей жандарға бұрынғы өмірімен байланыс болмас үшін телефон әкелмеуге кеңес береміз. Інжіл кітабын оқимыз, - дейді.

Орталық басшыларының айтуынша, паналау орнына келген жанға қойылатын ең басты шарт – тәуелділіктен құтылсам деген құлшыныс адамның өзінде болуы тиіс. Әлгі қоныста өмір сүру адамдардың көбіне нағыз сынақ, азап болып көрінуі мүмкін, өйткені көп нәрседен бас тартуға тура келеді. Мысалы, бұрын орталықта темекі шегуге рұқсат етілетін, ал қазір тыйым салынған. Бұдан бөлек, паналау орнына қауқарсыз жанды қабылдамайды, өйткені мұнда оған күтім жасайтын ешкім жоқ.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG