Accessibility links

Шіркеу тақуалары некеден рас бас тарта ма?


Ватикандағы Синод залына бара жатқан кардиналдар. Көрнекі сурет
Ватикандағы Синод залына бара жатқан кардиналдар. Көрнекі сурет

ВВС католик шіркеулерінде соңғы уақытта жиілеп кеткен "сексуалдық зорлық" туралы материал жариялап, "тақуалардың төсек ләззатынан бас тартатыны қайда?" деп сұрайды. Діни орындағы зорлық Қазақстанда да кездеседі.

ВВС наурыздың 8-і күні жариялаған материалда кейбір католик шіркеуінің қызметкерлері соңғы кезде целибат қағидасын бұзып жүргені айтылған.

Целибат – діни мақсатта неке мен жыныстық қатынастан бас тарту. Бұл жоралғыны көбіне католик шіркеуі қызметкерлері мен будда діндарлары ұстанады. Бірақ шіркеудегі мұндай тақуалыққа қарама-қарсы көріністер де байқалып жатады.

Жақында Шотландия католик шіркеуінің кардиналы Кейт О’Брайен «отыз жыл бұрын жыныстық әрекет жасаған» деп айыпталып, отставкаға кетті.

О’Брайеннің өзі бұрын нәпсісін тежей алмай, діни қызметкерге лайықсыз іс жасағанын айтып, өз қателігін мойындады.
«Отыз жыл бұрын жыныстық әрекеттерге барды» деп айыпталған Шотландия католик шіркеуінің кардиналы Кейт О’Брейн. Эдинбург, 23 ақпан 2013 жыл
«Отыз жыл бұрын жыныстық әрекеттерге барды» деп айыпталған Шотландия католик шіркеуінің кардиналы Кейт О’Брейн. Эдинбург, 23 ақпан 2013 жыл

Мақала авторына сұхбат берген ол "1997 жылы шілденің 13-інде некеден бас тартып, Римдегі Альбано өзені маңында тек қана Құдай мен адамзатқа қызмет етемін деп ант еткенін» айтады.

«НЕКЕСІЗ ӨМІР СҮРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Ал Оксфорд университетінің профессоры Джон Уасс «еркек бойындағы тестостерон белсенді болғандықтан әйелдерге қарағанда жыныстық қатынасты көп қалайды. Сондықтан некесіз өмір сүру ақылға сыймайды» дейді.

Профессордың ойынша, кейбір бойдақ еркектер простатит рагына шалдығып жатады.

"Кез-келген адам физиологиялық тұрғыдағы тән ләззатынан бас тарта алмайды. Сондықтан діни қызметкерлер жыныстық әрекетке бармаса да, өз-өзіне ләззат сыйлайтын әрекеттер жасауы мүмкін" дейді Джон Уасс.

Отбасын құру үшін шіркеудегі қызметін тастап кеткен Джимми О'Брайен некесіз өмір сүру қиын екенін айтады.

"Біз құмарлықпен күресеміз. Құмарлық және нәпсімен күресу күнделікті дағдымызға айналып кетті" деген шіркеудің бұрынғы қызметкері ВВС-ге берген сұхбатында.

Ал будда діндары Вишвапанидің ойынша, жыныстық құмарлықты тежеуге болады. Ол үшін нәпсіні медитация арқылы тежеп, секс туралы көп ойламау керек.

Будда храмы. Көрнекі сурет
Будда храмы. Көрнекі сурет
Аллен семинариясының деканы, діни қызметкер Стивен Ванг та «жыныстық құмарлықты тежеу мүмкін» дейді. Оның ойынша, құмарлықты жеңу үшін ішкі сенім мықты болу керек.

Вангтың сөзінше, католик дінінде мастурбация харам деп танылған.

Ал екі діндардың ойымен келіспейтін Джимми О'Брайеннің пайымдауынша, мәселе биологиялық ерекшелік пен сексуалдық құмарлықта ғана емес, адамның ішкі қажеттілігінде.

"Адамдар жұп болып қана өмір сүре алады" деген ол.

«БАТЫСТА ТАҚУАЛЫҚ АЗАЙЫП БАРАДЫ»

Будда діндары Вишвапани батыстағы католик шіркеуі қызметкерлері арасында целибат ережесін сақтау азайып бара жатқанын айтады.

"Дін жолындағы адамда тақуалық басым болғаны жөн. Егер діни қызметкер некесіз өмірді таңдаса, соңына дейін шыдауы тиіс. Бірақ батыста целибат төмендеп барады" деген ол ВВС тілшісімен сұхбатында.

ВВС-дің жазуынша, қазір кардинал О'Брайеннен бастап көптеген шіркеу қызметкерлері некесіздік пен целибат мәселесін қайта қарау керектігін ұсынып жатыр.

Шіркеуден кетіп, отбасын құрған Джимми О'Брайен өз шешіміне риза екенін айтады.

"Отбасын құру арқылы мен шіркеудегі өмірімнен де артық қуанышқа бөлендім" дейді ол.

Джимми О'Брайеннің ойынша, жаңа сайланатын Рим папасы некесіз өмір сүру мәселесін қайта қарап, целибат ережесін өзгертуі керек.

ИСЛАМДАҒЫ НЕКЕ МӘСЕЛЕСІ

Ал ислам дінінде отбасын құру "уәжіп" (рұқсат етілген қалаулы іс) саналады.
Татар театрында жүріп жатқан "Молда" спектакльі, Татарстан, Қазан, 7 қараша 2012 жыл
Татар театрында жүріп жатқан "Молда" спектакльі, Татарстан, Қазан, 7 қараша 2012 жыл
Құранда некесіз жыныстық қатынасқа түсу ("зина") күнә болып есептеледі. Мұсылмандар бұған дәлел ретінде Исра сүресінің 32-ші аятын келтіреді.

Қазақстан діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Жарқынбек Ережеповтің айтуынша, ислам дінінде целибат қағидасы бойынша дін үшін некеден бас тартқан имамдар болмаған.

- Кез келген мұсылман адам пайғамбарымыздың сүннеті бойынша үйлену керек. Балиғат жасына жеткен адам некеге отыруы уәжіп. Ислам дінінде дін үшін некеден бас тартқан оқиғалар тіркелмеген, - дейді басқарма өкілі.

Қазақстандағы діни институттар сексуалдық зорлыққа қатысты дау-дамайдан мүлдем ада деп те айтуға келмейді. Биылғы ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қайранбұлақ ауылының 26 жастағы имам қызметін атқарушыға "мешіт территориясындағы үйде жасөспірім қызды зорлады" деген айып тағылды. Қазір ол қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG