Accessibility links

Әділет министрілігінің сайтындағы техникалық қатеден Қазақстанда Құран сүрелеріне тыйым салынып кете жаздады


Алматыдағы бас мешіт жанындағы жайма базарда сатылып жатқан діни әдебиеттер мен аудио таспалар. Алматы, 2 қазан, 2009 жыл.

Алматыдағы бас мешіт жанындағы жайма базарда сатылып жатқан діни әдебиеттер мен аудио таспалар. Алматы, 2 қазан, 2009 жыл.

Жұма күн "Экспресс К" газеті осыдан бір күн бұрын жарияланған «Суры Корана под запретом» деген мақаласы үшін оқырман мен мұсылман қауымдастығынан кешірім сұрады. Ал Әділет министрлігінің сайтындағы редакцияны шатастырған ақпарат алынып тасталыпты. Азаттық радиосы бұған қатысты өз зерттеуін жүргізген еді.


"Экспресс К" басылымы 2 қазан күнгі санында «Астана сотының 3 шілдедегі шешімі мен тыйым салынған діни әдебиеттрдің тізімі турасындағы ақпаратты Әділет министрлігінің сайтына орналастыру барысында техникалық қате кеткен екен, шындығында тізім салынған діни әдебиеттер мен парақшалар тізімінде Құран сүрелері емес, сол сүрелер жазылған аудиотаспаға белгісіз біреулер жасаған комментарий- түсініктемелерге тыйым салынған болып шықты. Редакция министрлік сайтындағы ақпаратты дұрыс жеткізбегені үшін кешірім өтінеді» делінген газеттің бүгінгі мақаласында.

Айта кету керек, сөз болып отырған Астана қаласы сотының 3 шілдедегі шешімі мен экстремистік деп танылып, тыйым салынған діни әдбиеттер мен парақшалар турасында "Экспресс К " газетінен басқа да қазақстандық бірқатар ақпарат құралдары да хабарлар таратып үлгерген еді.
Алматыдағы орталық мешіттегі жұма намазы. Алматы, 2 қазан 2009 жыл.

Шындығында тыйым салынған қандай діни әдебиеттер, ол қандай талап-шарттармен іріктелген еді деген сауалдармен біздің тілшіміз Әділет министрлігіне, Қазақстан мұсылмандар қауымдастығына, сарапшыларға хабарласқан болатын.

Азаттық тілшісі алдымен қоғамда дау туғыза бастаған осы тыйым салынған діни әдебиеттер тізімі жөніндегі Астана сотының шешімін Әділет министрлігінің сайтынан тағы бір қарап шықпақ болған еді, бірақ ақпарат бірінші беттен алынып тасталыпты. Министрлік сайтында қыркүйектің 8-де жарияланып, бұған дейін тұрған шешімнің мазмұны мынандай еді.

ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАТЕЛІК ҚАЙДАН КЕТТІ...

Қазақстан Республикасы атынан деп жазылған шешім былай басталады:

Астана қаласының соты ашық сот мәжілісінде ҚР Бас прокуратурасының арызы бойынша радикалды «ваххабизм» идеологиясын насихаттайтын, бірқатар ақпараттық материалдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және таратуға тыйым салды...

Тізімді мұқият қарап шыққан адам экстремистік деп танылған 200-ден аса материалдың арасында қасиетті Құран Кәрімде жазылған «Ахкаф», «Мухаммад», «Фатх», «Хужрат», «Каф», «Табарак», «Қалам», «Хакка», «Маариж», «Нух», «Музаммиль», «Муддасир», «Қияма», «Инсан», «Мурсалат», «Аль-Бақара» сияқты бірқатар сүрелердің аудио таспалары тұрғанын көреді.

Астана қаласының соты үкімді үстіміздегі жылдың шілде айының 3-і күні шығарғанымен, Әділет министрлігі бұл ақпаратты өз сайтында тек қыркүйек айында жариялаған. Жарияланғаны сол-ақ екен, бірқатар ақпарат құралдары арқылы ол қалың көпшілікке тарап та үлгерді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мешіттен шығып келе жатыр. Ақорда сайтындағы сурет

Мән- жайды анығырақ білу мақсатында аталған министрлікке хабарласқанымызда баспасөз қызметінің Аида есімді өкілі біздің радиомызға ешқандай түсініктеме бере алмайтындығын бірден айтты.

- Біз қазір түсініктеме бере алмаймыз, өйткені бұл құжат Дін істері комитетінде жатыр, олар тиісті жауабын дайындап жатқан болар, - деді министрлік өкілі.

Ал ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті Сараптама және талдау басқармасының бастығы Людмила Даниленко Астана сотының шілде айында осындай шешім шығарғандығын растады. Алайда, ол шешім мен әдебиеттер тізімі сайтқа жариялану барысында техникалық қателіктер орын алған деп атап көрсетті басқарма бастығы.

- Әділет министрлігінң сайтына жариялау барысында техникалық қателіктер кеткен. Ол жерде Құрандағы сүрелер емес, сол сүрелерге қатысты түсініктемелерге тыйым салынған, - дейді біздің радиомызға түсініктеме берген Людмила Даниленко.

Министрлік өкілі ол қандай қателік және оны кім жіберді, қандай шаралар қолданылып жатыр деген сауалдарымызды жауапсыз қалдырып, жақын күндері бұған қатысты министрліктің ресми мәлімдемесі жария болады деумен шектелді.

Ал Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасындағылар бұл ақпаратты көргенде таңданысынымызды жасыра алмадық дейді.


Қайрат Жолдыбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім басшысы. Алматы, 2 қазан 2009 жыл.
"Құран сүрелеріне тыйым салынуының себебін білу мақсатында Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетке хабарласқан едік. «Техникалық қателік» кетті деген жауап алған соң көңіліміз орнына түсті" дейді Діни басқарманың уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы.

- Бұл қасақана жасалған іс болса керек. ол мемлекеттің Құранға, оның бірқатар сүрелеріне қарсы екендігін білдірмейді. Оған дәлеліміз біздің барлық мешіттерде, медреселерде Құран әуендетіп айтылып жатыр. Мәселен, бүгін - жұма, бүгін де Құранның сүрелері айтылып жатыр. Бұған Қазақстанның, тіпті ешбір адамның қарсы болуы мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде бір қателік кеткені анық, - дейді Азаттық радиосына сұхбат берген Қайрат Жолдыбайұлы.

"ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН АҚПАРАТТЫҚ МАТЕРИАЛДАР -ЗАТТАЙ АЙҒАҚТАР..."

Астана сотымен тыйым салған ақпараттық материалдардың жалпы саны 207. Олар - Ислам тақырыбындағы парақшалар мен үнпарақтар, бірқатар кітаптар мен аудио жазбалар. Діни басқарма мамандары, сот тыйым салыған кітаптарды экстремистік деп тану барысында жүргізген сараптама жұмыстарына өздерінің қатыспағандығын айтады.

Ал ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті Сараптама және талдау басқармасының бастығы Людмила Даниленконың айтуынша, бұл тізімдегі ақпараттық материалдар – сот істері барысындағы заттай айғақтар көрінеді.

- Анығына келер болсақ, аталған кітаптар ертеректе, 2005 жылдан бері Хизб-ут-Тахрир экстремистік партиясына қатысты сот істерінде, белгілі бір азаматтардың таратқан ақпараттық материалдары болатын. Сондықтан бұл тізімегі кітаптардың барлығы – сол істерден алынған заттай айғақтар. Әрине оларға қатысты арнайы сараптама жұмыстары жүргізіліп, сот арқылы олар экстремистік сипатқа ие деп мойындалған, - дейді дін істері комитетінің өкілі.

ЕЛГЕ ӘКЕЛІНЕТІН ДІНИ ӘДЕБИЕТТЕРГЕ ЕШКІМ ҚАДАҒАЛАУ ЖАСАМАЙДЫ

Алматыда бас мешіттің жанындағы жайма базарда жабайы сауда етек алған. Онда әдетте жайнамаз, тәспих, орамалдар мен діни әдебиеттер сатылады. Осында соңғы бірнеше жыл сауда жасайтын Талғат есімді азамат діни әдебиеттерді сатушылардың өздерінің 70-80 пайызы діни сауаты жоқ адамдар екендігін айтады.

- Бұл жерде өте абай болу керек! Дінге енді келіп жатқан адамдар қай кітапты, қандай баспадан шыққан, қандай аутордың кітабын алу керектігін білмейді. Егер ол экстремистік көзқарастағы шеттен келген басқа бір кітапқа тап болса, арты не болары белгісіз. Мен мында өткенде бір кітапты көрдім, ішінде «Фатиха» сүресін жазып алып, қолыңа тағып жүрсең дәрежең мен беделің артады деп жазылған. Бұл дегеніңіз адасудың алды ғой!- деген сатушы Діни басқарма тарапынан келіп жатқан діни басылымдарға бақылаудың қажет екендігін айтады.
Діни әдебиет: кітаптар, газеттер, журналдар, CD, DVD. Алматы, 2 қазан 2009 жыл.

- Меніңше басқармаға қарасты бірнеше дүкендер ашылса дұрыс болар еді. Онда тек біздің масхабымыз бен Исламның Қазақстандағы муфтият бекіткен жолын насихаттайтын кітаптары сатылсын. Әйтпесе күн көрістің қамымен қазір көпшілік кез келген сырты әдемі кітаптарды сатуды әдетке айналдырды, – дейді Талғат.

Дегенмен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы діни басылымдарды бақылау өздерінің құзырына кірмейтін іс екендігін алға тартады

- Діни басқарманың одан да өзге жұмыстары көп. Ал елге келіп жатқан діни әдебиеттерді қадағалау біздің құзырымызға кірмейді. Егер бізге мемлекеттік органдардан немесе жекелеген адамдар келіп, белгілі бір кітапты сараптап беруді өтінсе, біз әрдайым көмектесіп отырамыз, - дейді біздің радиомызға сұхбат берген басқарманың уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы.

Тағы бір белгілі болғаны, діни кітаптарды қадағалап, бақылау Әділет министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің де міндетіне кірмейді екен.

- 2007 жылы жарық көрген нөмері 70 қаулыда, діни сараптама мен діни әдебиеттер мен діни сипаттағы ақпараттық материалдарға бақылаудың ережелері көрсетілген. Осы қаулының негізінде тиісті сараптаманы бізге ондай әдебиеттерді мемлекеттік органдар жіберсе ғана жасаймыз. Ал өзіміз келіп, сатылып жатқан әдебиеттерді бақыламаймыз, - дейді ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті Сараптама және талдау басқармасының бастығы Людмила Даниленко.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG