Accessibility links

Алматыдағы буддистер қауымы


Алматыдағы буддистер қауымының уағызшысы Ким Тэ Иль ғибадатханада құлшылық жасап отыр. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Алматыдағы буддистер қауымының уағызшысы Ким Тэ Иль ғибадатханада құлшылық жасап отыр. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Қазақстанда буддистердің ресми тіркелген екі қауымы (Алматы мен Атырауда) қалды. Дін туралы жаңа заңға сәйкес қайта тіркеу жүргізілгенге дейін олардың саны төртеу еді.

Алматыдағы буддистер қауымның мүшелері – этникалық кәрістер. Олар буддизмнің осыдан жүз жыл бұрын Кореяда пайда болған «вон-буддизм» немесе «вонбульгё» деп аталатын ағымын ұстанады. Азаттық тілшісі қауымның жексенбілік құлшылық ету жоралғысында болды.

БҰРЫНҒЫ КОММУНИСТІҢ РУХАНИ ІЗДЕНІСІ

72 жастағы Василий Дон вон-буддизм дініне жақында бет бұрыпты. Бұрын коммунист және атеист болған ол кісі Алматыдағы буддизм ғибадатханасына әйелі Венера Цоймен бірге 2008 жылдан бері барады.

– Дінге 1998 жылы бет бұрдым. Алдымен христиан дінінің протестант ағымына кірдім. 2007 жылы жұбайым қайтыс болып, екінші рет үйлендім. Әйелімнің буддистер ғибадатханасына барып жүргенін байқадым. Содан мен де «Барып көрейін, нем кетеді? Сенімге ұйытар, жаман нәрселерді үйретпес, ізгілікке жөн сілтер» деп ойладым. Бұл храмға келгеніме өкінбеймін, - дейді Василий Дон.
Василий Дон – вон-буддизм дінін ұстанушы. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Василий Дон – вон-буддизм дінін ұстанушы. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.


​Оның әйелі Венера Цой вон-буддизм қауымына 1993 жылдан бері мүше. Василий Дон Оңтүстік Кореядағы орталықтың жолдамасымен Қазақстанға 1992 жылы келген буддизм храмының уағызшысы Иль Ким Тэні «ұстаз» деп атайды.

– Мұнда келгенде ол қазақ тілін де, орыс тілін де білмейтін. Бізбен қағазға жазып тілдесетін. 1992 жылы газетке «Кәріс тілін үйретемін» деген хабарландыру берді. Біз осы хабарландыру бойынша келдік. Кәрістің тілін, салт-дәстүрлерін үйрендік. Үш бөлмелі пәтер сатып алып, сенім-наным, діндер тарихы туралы ілімді бізге біртіндеп жеткізе бастады. Өзі өте дарынды кісі, білмейтіні жоқ, - дейді Венера Цой.

АУРА

Алматыдағы вон-буддистер ғибадатханасы Достық даңғылынан Көктөбеге қарай созылып жатқан Клочков көшесінде орналасқан. Оның храм екенін үш қабатты ғимараттың сыртындағы сақина бейнесінен тануға болады. Ғимарттың айналасы бетон дуалмен қоршалған. Аулада Оңтүстік Кореяда жасалған шағын киіз үй мен бір қабатты кішілеу ғимарат тұр. Алматылық вон-буддизм қауымының жетекшісі Лариса Палагина «Ғибадатханаға екеуінің де қатысы жоқ. Бұлар әжетханасы бар, тұрмысқа жайлы жылжымалы баспаналардың осы заманда да бар екенін көрсетеді» деп түсіндірді.
Алматыдағы буддистер храмының уағызшысы Ким Тэ Иль (сол жақта) мен алматылық вон-буддизм қауымының жетекшісі Лариса Палагина. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Алматыдағы буддистер храмының уағызшысы Ким Тэ Иль (сол жақта) мен алматылық вон-буддизм қауымының жетекшісі Лариса Палагина. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.


​Ғибадатхананың әр қабатына жеке есіктен кіреді. Бірінші қабатта шаруашылық бөлмелері мен уағызшы Иль Ким Тэнің кеңсесі орналасқан. Екінші қабатта оның отбасы тұрады. Құлшылық ету үшінші қабатта өтеді. Оған көтерілу үшін ғимараттың шығыс жағындағы есіктен өтіп, баспалдақпен шығу керек. Үшінші қабаттың кіре берісіндегі шағын дәлізде келген адам аяқ киімін шешеді.

Құлшылық етуге арналған бөлменің іші жарық, күнгей мен терістікке қараған терезелері үлкен. Батыс жақтағы қабырғада алтарь орналасқан.

Үш қабатты ғибадатхананың құрылысы 1994 жылы басталыпты. Алматыдағы вон-буддистер қауымы одан бір жыл бұрын тіркелген.

– Ұстаз 1994 жылы осы жер телімін сатып алды. Бұл қорғаныс министрлігінің бұрынғы саяжайлары болған жер екен. Ол мына үй мен аумағы 20 сотық болатын екі жер телімін сатып алды. Шөп пен бұта, тас басып кеткен тау етегі ол кезде бос жатқан. Сенбілік өткізіп, ауладағы мына үйді ғибадатханаға лайықтап жөндедік, - дейді храм ауласындағы бір қабатты үйді көрсеткен Венера Цой.

Қауым мүшесі Венераның айтуынша, "Иль Ким Тэ үш қабатты храмды тұрғызуға бар жиған-тергенін салған".

– Ол - бай кісі. Атасының Кореяда жері болыпты. Сол кісіден қалған мұраның өзіне тиесілі бөлігін сұраған екен, әкесі тиісті ақшасын толық беріпті, - дейді Венера Цой.
Вон-буддистер храмы. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Вон-буддистер храмы. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.


​Вон-буддистер храмы салынған соң Алматының бұл ауданында бизнес-орталықтар пайда болды. Осыдан бір жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясының кеңсесі салынды.

– Храм салатын жерді ұстаз ұзақ іздеді. Кірпішін енді бастап қалап жатқан кезде Кореядан нағыз буддист тақуаның келгені есімде. Ол кісі кіріп келіп: «Өте жаман жер. Жақсы жер емес» дей берді. Кезінде бұл жерден сел жүргенін, зілзаладан үйлер қирап, үйіндіге айналғанын біз білеміз ғой. Талай адам қаза тапқан орынның аурасын олар бірден сезді. Түкірініп, аластап жүріп «Қандай жаман жер!» деумен болды. Кейін ғибадатхананы тұрғызып, құлшылықты бастағанымызда ол тағы бір рет келді. Бұл жолы табалдырықтан аттай бере: «Аурасы қандай жақсы!» десті, - деп еске алады Венера Цой.

ҚАЗАҚСТАНДА 20 ЖЫЛ

Алматыдағы вон-буддизм храмының уағызшысы, қауым мүшелері «ұстаз» деп атайтын Ким Тэ Иль Азаттық тілшісі келгенде ғибадатхана ауласында жүр екен. Жалаңбас, кимоно-куртка, спорт шалбары мен кроссовка киіп алған.

Уағызшымен орыс тілінде әңгімелестік. Ким Тэ Иль қазірге дейін Оңтүстік Корея азаматы, ал Қазақстанда ықтияр хатпен тұрып жатыр. Алматыда тұрғанына 20 жыл болыпты. Қазақстан азаматына үйленген оның екі қызы бар.
Буддистер ғибадатханасында құлшылық жасап отырған адамдар. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Буддистер ғибадатханасында құлшылық жасап отырған адамдар. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.


​Алматыдағы вон-буддистер қауымы кіретін бас ұйымның штаб-пәтері Сеулде орналасқан. Қауым мүшелері өздерін Тибет, Моңғолия, Бурятия, Тува, Қалмақия және басқа аймақтарда тұратын буддистердің рухани көсемі, қуғындағы Далай Ламамен еш байланыстырмайды.

– Буддизмнің жеке бір ағымы ретінде вон-буддизм осыдан жүз жылдай бұрын Кореяда пайда болды. Оның негізін Пак мырза шамамен 1915 жылы қалаған. 2015 жылы вон-буддизмнің жүз жылдығын атап өтеміз, - дейді Алматыдағы вон-буддизм қауымының басшысы Лариса Палагина.

Бұрын Қазақстанда төрт буддизм қауымы болған. Былтыр дін туралы жаңа заңға сәйкес қайта тіркеуден өткеннен кейін Алматы мен Атырау қалаларында бір-бір қауымнан қалды. Атыраудағы қауым негізінен этникалық қалмақтардан тұрады, ал Алматыдағы қауым мүшелері - негізінен этникалық кәрістер. Лариса Палагинаның айтуынша, бұл екі қауымның бір-бірімен байланысы жоқ.

ҚҰЛШЫЛЫҚ

Уағызшы құлшылық рәсімін ұзын киім киіп өткізді. Ол кафедрада тұрып уағыз оқып, алтарь жанында діни жоралғыларын жасады. Храмда үлкен барабандар мен пианино тұрғанымен, музыка ойнаған жоқ. Уағыздың көп бөлігін орыс тілінде, арасында кәріс тілінде айтты. Ким Тэ Иль дұғаны мақаммен созып, жаңғырық үн шығаратын қара түсті металл ыдысты анда-санда қолындағы таяқшамен соғып қояды.
Буддизм дінін ұстанатын Наталья Вавилова ғибадатханадағы құлшылық кезінде. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Буддизм дінін ұстанатын Наталья Вавилова ғибадатханадағы құлшылық кезінде. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.


​Құлшылық етуге жиналған қауым мүшелерінің арасынан ақсары шашты әйел көзге түсті. Ол кісі - Наталья Вавилова буддизм дініне осыдан 15 жылдай бұрын бет бұрыпты. Екі қызы мен сегіз жасар немересі де буддизм дінін ұстанады. Қыздары мұнда келмейді, бірақ кейде немересі еріп келеді екен. Наталья Вавилова бұл храмға осыдан екі жыл бұрын келе бастапты.

– Мына ғибадатхананың барын бұрын білмеппін, - дейді ол.

Қайтыс болған әке-шешесінің әруақтарына сыйынып болған соң қауым мүшелері храмнан шығып, ауладағы бір қабатты үйге жиналды. Ол жерде әруақтарға арналған дәстүрлі шай ішу рәсімі өтті.

Кей жексенбіде құлшылық етудің орнына ғибадатханада медитация өтеді.

БАСҚА БУДДИСТЕР

Қазақстандағы қалмақ мәдени орталығының төрайымы Раиса Мамошина буддизмнің басқа ағымын ұстанады. Өзінің айтуынша, жылына бір рет Қалмақиядағы будда храмына барып қайтатын ол вон-буддизм храмына да, Қазақстандағы басқа буддизм храмдарына да бармайды екен.

Бурят мәдени орталығы төрағасының орынбасары Нимаша Касанова да буддизмнің вон-буддизмнен басқа ағымын ұстанады.

Алматыда буддизм дінін ұстанатын басқа адамдар да бар. Олардың бірі – 2005 жылдан 2010 жылға дейін Үндістанның Дхарамсал қаласындағы тантри монастырында дәріс тыңдап келген Александр Грицков.
Ступа ескерткішінің фотосы. (Александр Грицков берген суреттің көшірмесі)

Ступа ескерткішінің фотосы. (Александр Грицков берген суреттің көшірмесі)


​Александр Грицков әлгі монастырьдың тақуасы және тантра ілімінің оқытушысы Тензин Тинлимен бірлесіп Алматыда «қала тұрғындарын жер сілкінісі мен басқа табиғат апаттарынан қорғайтын» Ступа ескерткішін тұрғызбақ ниеті барын хабарлады. Буддистердің нанымы бойынша, буддизм тарихындағы сәулет-мүсін өнері мен діни ескерткіште ізгілікке үндейтін құдірет бар және ол табиғаттың алапат күштерін тыныштандырады. Олар Ступа тұрғызу идеясын Далай Ламаның қолдағанын айтады.

Әлемдік үш діннің бірі – буддизм Үндістанда пайда болып, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде, Ресейдің Қалмақия, Бурятия, Тува сияқты өңірлерінде кең тараған. Қазақстандағы этникалық кәрістер, қалмақтар мен буряттар буддизм дінін ұстанады. Мамырдың 17-сі күні буддизм дінінің ең қасиетті мерекесі – Будданың туған күні аталып өтеді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG