Accessibility links

ҚМДБ «Ханафи мазһабын дамытатын» жоспар жасады


Орталық мешіттің екінші қабатынан уағыз тыңдап отырған жігіт. Алматы, 15 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Орталық мешіттің екінші қабатынан уағыз тыңдап отырған жігіт. Алматы, 15 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңа тұжырымда қабылдаған ҚМДБ оны тарихи құжат ретінде сипаттайды. Ал сарапшылар мұндай жоспардың керегі барына күмәнданады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын қабылдағанын мәлімдеді. Тұжырымдама авторларының айтуынша, ол құжат Қазақстан конституциясының сенім бостандығы туралы бабына, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға, елдің 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына, ҚМДБ жарғысына негізделген.

«КЕРЕКТІ ТАРИХИ ҚҰЖАТ»

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан Малғажыұлының мүфтият сайтындағы дерегіне қарағанда, бұл «тарихи құжаттың басты міндеті – мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, дін өкілдерін, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстыру». Ол «дәстүрлі Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және Матуриди сенімі негізіндегі еңбектерді аудару жұмыстары жоспарға енгізілгенін» де хабарлаған.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан Малғажыұлы Маямеров.
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан Малғажыұлы Маямеров.

«Ханафи мазһабы ұстанымын ел аумағында одан әрі қарай дамытып, оның әлеуетін радикалды ағымдардың идеологиясына тойтарыс беретіндей деңгейге көтеру – басты мақсатымыз» дейді бас мүфти Ержан Малғажыұлы.

Тұжырымдама жақын күндері мемлекеттік басылымдарда жарияланатынын айтқан ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының сөзінше, ол құжатты қабылдауға қоғамдағы оқиғалар мен діни саладағы өзгерістер әсер еткен.

– Осындай күрделі кезеңде осындай тарихи құжаттарды қабылдамасақ, арнайы жұмыс жоспарымызға енгізбесек, жұмысымыздың жақсаруына кері әсер етер еді. Бұл – уақыт талабынан туған, елдің сұранысы және өзіміздің зерттеулеріміз бойынша талап етілген құжат, – деді ол.

ҚМДБ баспасөз хатшысының айтуынша, тұжырымдамада діни мамандарды даярлау, олардың білім сапасын арттыру жайы да қарастырылған.

Құжатта тек діни біліммен ғана шектелмей, басқа да ғылымдарды игеру мәселесі қойылды.
ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

– Осы құжатымызда тек діни біліммен ғана шектелмей, басқа да ғылымдарды игеру мәселесі қойылды. Мәселен, біздегі медресе, діни оқу орындарындағы бағдарламаны Мысырдағы әлемге белгілі Әл-Азхар университетінің бағдарламасына сәйкестендіру айтылған, – деді Ағабек Қонарбайұлы.

Тұжырымдамада ҚМДБ жанынан баспа, Астана және Алматы қалалары мен облыс орталықтарында жалпы оқырмандардың қолдануына қолайлы «Діни кітапхана» ашу жоспары айтылған.

ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының сөзінше, «әрбір мекеменің даму жоспары болады, бұл тұжырымдама да – ҚМДБ-ның жұмысын жетілдіруге арналған сондай құжаты».

«ТҰЖЫРЫМДАМАҒА ҚАЖЕТТІЛІК КӨРІП ТҰРҒАН ЖОҚПЫН»

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы ҚМДБ-ға 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы керек екеніне күмәнмен қарайды.

– Мен бұл тұжырымдама қабылдауына еш қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Өйткені бізде заң бар, мың жарым жыл бойына келе жатқан дін бар, – дейді Бейбіт Сапаралы.

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы. Алматы, 31 қазан 2012 жыл.
Дінтанушы Бейбіт Сапаралы. Алматы, 31 қазан 2012 жыл.

Мұндай құжат дайындалып жатқанынан хабарсыз болғанын айтқан дінтанушы тұжырымдаманы дайындаушылардың құрамымен де келіспейді.

– Бас мүфти «тұжырымдаманы ҚМДБ-ның білікті, діни салада тәжірибесі мол ғұламалар кеңесі мен жоғарғы төралқа мүшелері қабылдады» деді. Ғұламалар кеңесінің тізімін жариялайтын болсаңыз, оның 60-70 пайызы – магистранттар. Ғұлама деген жасы ұлғайған, тәжірибесі бар, шариғатты, Құранды білетін, кітап жазған, ғұлама дейтіндей адам болуы керек. Ғұламалар кеңесі мен төралқа мүшелері дегендері – қазіргі мүфтияттың басшылығында отырған адамдар, – дейді дінтанушы Бейбіт Сапаралы.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов ҚМДБ-ның мұндай тұжырымдама қабылдауын «мемлекеттің дінге ықпал етуі» деп бағалайды.

– Дін мұндай бағдарлама арқылы дамитын ілім емес. Дін – адамның жаны, ішкі иманы, оның ар-ұяты, нық сенімі. Сондықтан үкіметке еліктеп ондай бағдарлама жасау дұрыс емес, – дейді Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.
Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.

Саясаткердің пікірінше, биліктің діни ұйымдарға ықпалын азайту үшін әуелі ондай бірлестіктердің, мәселен, ҚМДБ-ның беделін арттыру қажет.

– [Билікке] жағымпазданамын деп өзінің тікелей функциясын ұмытып бара жатыр. Әйтпесе діни экстремизмнің өршуі, әртүрлі секталардың көбеюі – мүфтияттың кемшілігі, – дейді саясаткер.

Бейресми түрде «мүфтият» аталып кеткен, діни саясат бойынша Ақорданың ашық қолдауына ие ҚМДБ өзінің «Әбу Ханифа мазһабын және имам Матрудидің діни ілімін насихаттайтынын» жариялауға құштар.

Бұл ұйым 2011 жылы 25 қазанда күшіне енген «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 24-бабына сәйкес бір жылдың ішінде республикалық ислами діни бірлестік ретінде тіркеліп, барлық облыстардағы 2228 мешітін қайта тіркеуден өткізген. Дін істері жөніндегі агенттіктің сол кездегі басшысы Қайрат Лама Шариф осылайша «Қазақстанда бірегей және біртұтас ислами ұйым – ҚМДБ» қалыптасқанын жариялаған. Жаңа діни саясат аясында «Қазақстандағы негізгі екі дәстүрлі дінге» – исламның Әбу Ханифа мазхабы мен христиандықтың православиелік бағытына кірмейтін ондаған діни ұйым қайта тіркеуден өтпей қалған Содан бері елдің бар өңіріндегі ірі мешіттерді иеленген ҚМДБ имамдары исламның «дәстүрлі емес діни ағымдарына» өткен қазақстандықтарды «адаспауға» шақырып, уағыз айтып келеді.

XS
SM
MD
LG