Accessibility links

Сенат «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» заң жобасын мақұлдады


Дін істері жөніндегі агенттік жетекшісі Қайрат Лама Шариф. Астана, 29 қыркүйек 2011 жыл.

Дін істері жөніндегі агенттік жетекшісі Қайрат Лама Шариф. Астана, 29 қыркүйек 2011 жыл.

Енді құжаттың «тағдырын» президент шешеді. Алайда халықаралық ұйымдар бұл құжатты қабылдамауға шақырады.


Қыркүйектің 29-ы күні Қазақстан парламенті «Діни қызмет жіне діни ұйымдар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлдады. Осылайша қыркүйектің басынан бері қызу талқыланған құжат парламенттің қос палатасынан да қолдау тапты.

НАМАЗ, ЖАНАЗА ЖӘНЕ АЗАНШЫ

- Заң жобасының негізгі мақсаты – Қазақстандағы 4500 діни бірлестіктердің жұмысын реттеу. Екінші мақсат – еліміздің зайырлығын сақтау, - деді парламент отырысынан шыққан Дін істері жөніндегі агенттік жетекшісі Қайрат Лама Шариф.

Оның сөзінше, құжаттағы сынға іліккен 7-бапқа қатысты дау шығуына кей ақпарат құралдары жауапты көрінеді.

- 7-баптың 3-тармағында мемлекеттік мекемелерде Құдайға құлшық еткені, яғни намаз оқығаны үшін айыппұл немесе жазалау көрсетілмеген. Әкімшілік құқық бұзу кодексінде де ол мәселе қарастырылмаған. Бұл бапты күшейтіп отырған себебіміз, өздеріңізге белгілі, шариғат заңы бойынша, адам намазын мешітте оқығаны дұрыс. Мұны кейбір өткір, ащы жаңалықтарға құштар ақпарат құралдары нетіп жатыр, - деді Лама Шариф.

Естеріңізде болса, 7-баптың 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік мекемелерде (ұйымдарда, қарулы күштер мен әскери құрамаларда, құқық қорғау органдарында, т.б. жерлерде) діни рәсім орындауға тыйым салынған. Ал «тыйымға қарсы келгендер әкімшілік жазаға тартылады» делінген. Алайда заң жобасының мәжілісте қатаң сынға алынған бұл тұсы қоғамдық палата мен жұмыс тобының талқылаулары кезінде алынып тасталды.

Сонымен қатар, Қайрат Лама Шариф діни рәсімдерді өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.

- Ислам дінін ұстанбайтын көптеген азаматтар муэдзиннің (азаншының)
Саясаткер Дос Көшім. Алматы, 19 сәуір 2010 жыл.

дауысын азайтуды сұрайды... Әсіресе таңғы сағат 5-те намазға шақыру көптеген азаматтарды мазалайды. Жаназаға қатысты да осы, - дегенді айтты.

«ПЕРЕКУРҒА - РҰҚСАТ БАР, НАМАЗҒА - РҰҚСАТ ЖОҚ»

Заң жобасын қоғамдық палатадағы талқылауына қатысқан саясаткер Дос Көшім 7-бапқа қатысты өз наразылығын айтады.

- Мысалы темекі шегуге рұқсат бар, перекур деген. Сонда намаз оқып алуға рұқсат жоқ болғаны ма? Менің түсінбейтінім осы, - дейді ол.

Оның пікірінше, заңның осы тұсы «егер сенің діни жоралғыны ұстануың өз қызметіңе және айналаңдағы адамдарға кері әсер етпейтін болса, кез-келген жоралғыны ұстануға болады» деп жазылуы екен.

Дос Көшімнің пікірінше, заң жобасындағы жаназаны тек мешіттен ғана шығару мәселесі де «үлкен қайшылық» тудырады.

- Мысалы алыс жерлер бар. Барлық жерде бірдей мешітке бару мүмкін емес. Ол енді ақымақтық сияқты. Алыс ауылдар бар, қойшылар жазда жайлауға шығып кетеді. Онда мешіттер жоқ қой. Сондықтан діни жоралғы сақтау жөнінен қазақтың өзінің әдеттегі өміріне сай мәселелерін ескеру керек, - дейді Дос Көшім.

«ТЫЙЫМ ТЕК ЖАҒДАЙДЫ УШЫҚТЫРАДЫ»

Саясаттанушы Расул Жұмалы дін мәселесінде тыйым емес, түсіндіру жұмыстары қолға алынуы керектігін айтады.

- Заңның өзі шектеулер мен тыйым салуға негізделген. Бұл, меніңше, дін сияқты өте сезімтал мәселеде өте жеткіліксіз. Тыйым салу, шектеу және
Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.

жауапқа тартумен бұл мәселе шешілмейді, кей кездері тіпті ушығып кетуі ықтимал, - дейді саясаттанушы.

Ол дін немесе тіл сияқты қоғамға өте маңызды заңдардың Қазақстанда тез қабылданатындығын айтады. «Содан қоғамда дау туып, заңға өзгертулер енгізіп, толықтырып жатамыз» дейді. Ол бұл заңның қабылдануы оншақты жылға кешігіп қалғандығын сөз етті.

- Бұл заң 90-жылдарда қабылдануы тиіс еді. Енді қазір жағдай насырға шауып, көш жүріп кеткенде қабылданып жатқан заңның кей тұсы біздің бүгінгі өмірімізден қалып қойды, - дейді.

«БОСТАНДЫҚ ДЕГЕН СӨЗ АТЫМЕН ЖОҚ»

Құқық қорғаушы Нинель Фокинаның атап өтуінше, егер қазір қолданыстағы заң «Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» деп аталса, парламент мақұлдаған заң жобасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» деп аталады.

- Яғни «бостандық» деген ұғымның өзі заңның атауынан да, оның ішінен де алынып тасталған. Осының өзі бұл құжаттың қаншалықты «жақсы» екендігін көрсетеді, - дейді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ПІКІРІ

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша кеңсесі бүгін Қазақстан парламенті сенатында мақұлданған дін туралы заң жобасын сынады.

Ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша кеңсесінің басшысы Янез Ленарчичтің мәлімдеуінше, аталмыш заң жобасы діни бостандықты шектейді. Ленарчич Қазақстан билігін бұл заң жобасын қайта қарауға шақырды.

Сенатта мақұлданған «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» жаңа заң жобасын қолдаушылардың айтуынша, ол діни экстремизммен күресуге көмектеседі.

Ал «Фридом Хаус» халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл заң жобасы қазақстандықтардың діни бостандығын шектейтіндігін айтып, алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жариялады. Ұйым қазақ парламентін заңды мақұлдамауға шақырды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG