Accessibility links

Қазақстанда дін туралы жаңа заң күшіне енбей тұрып орындала бастады


«Кришна санасы» шіркеуінің мүшелері. Алматы, 29 маусым 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

«Кришна санасы» шіркеуінің мүшелері. Алматы, 29 маусым 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

«Қазақстанда жергілікті билік дін туралы жаңа заңның күшіне енетін күнін күтпестен-ақ оның талаптарын орындауға кірісіп кетті» деп жазады халықаралық «Форум-18 ұйымы».


Норвегияда орналасқан әлемдегі дін ұстану еркіндігінің жай-күйін бақылап отыратын «Форум-18» халықаралық адам құқын қорғау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанда билік дін туралы жаңа заңды іске асыра бастаған, заңның ресми күшіне енуін күтпеген.

Бір қызығы, кейбір шенеуніктер ол заңға парламентте қабылданбай тұрып сілтеме жасаған екен. «Форум-18» ұйымының тілшілерімен әңгіме барысында «Кришна санасы» шіркеуінің, ахмадийлік мұсылмандар мен католиктердің өкілдері діни рәсімдерін атқару кезінде билік тарапынан кедергіге және жазаға ұшыраулары мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген. Алайда олардың ешқайсысы биліктің қаһарынан қорқып, ашық мәлімдеме жасамаған.

«ИЕГОВА КУӘГЕРЛЕРІ» ШІРКЕУІНІҢ МҮШЕЛЕРІН ҰСТАП ӘКЕТТІ

18 қазан күні Алматыда «Иегова куәгерлері» шіркеуіне барып жүрген бірнеше адамды өздерінің діни сенімдерін көшеде айтып жүргендері үшін Әуезов аудандық полиция қызметкерлері ұстап әкеткен.

«Иегова куәгерлері» шіркеуі өкілдерінің «Форум-18» ұйымының тілшісіне айтқандарына қарағанда, полицейлер оларға «жаңа заң көшеде миссионерлік қызмет жүргізуге тыйым салады» депті. Алайда діндарлар өздерінің тіркеу құжаттарын әкеліп беріп, жаңа заңның әлі күшіне енбегенін түсіндірген кезде, оларды босатып қоя берген.

Полиция бөлімшесіне телефон шалған «Форум-18» ұйымына Әуезов аудандық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Думан Аухадиев «бізге адамдардың қандай әдебиеттерді таратып жүргендерін көру қажет болды» дейді. Ал әлі күшіне енбеген заңды не үшін қолданысқа енгізуге тырысқандарын сұрағанда ол телефон арқылы түсінік бере алмайтынын айтты.

«ЖАҢА ӨМІР» ШІРКЕУІНДЕГІ ТЕКСЕРУ

Атырау қаласындағы «Жаңа өмір» шіркеуі біраздан бері ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тарапынан қысым көріп келеді» деп жазады «Форум-18» ұйымы. Жергілікті «Прикаспийская коммуна» газетінің 10 қыркүйек күнгі санында Айнұр Жұбанова деген автор «Жаңа өмір» шіркеуінің пасторы Ғалымжан Нағмадиновты «қауым мүшелерін үгіттеп, дүние-мүліктері мен ақшаларын шіркеуге әкеп беруді саналарына құйып тастаған» деп айыптайды.

Басылым бас редакторының көмекшісі Алексей Буренковтың айтуына қарағанда, мұндай ақпарат пен айғақты оларға ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері әкеліп берген. Ұйым «Не себепті пастор Ғалымжан Нағмадиновтың немесе шіркеу мүшелерінің пікірілерін білмедіңіз?» деп сұрағанда, Буренков: «Мен бұл жерде бөтен нәрсе көріп тұрған жоқпын. Бізде дәлел бар. Біз оларды қалаған адамымызға көрсете аламыз» деп жауап берген. Ал «Жаңа өмір» шіркеуі мүшелерінің жауап ретінде жазған мақаласымен келісесіздер ме?» деген сұраққа: «Егер олар қызықты бір нәрсе жазған болса, келісе аламыз» деп жауап беріпті.

Пастор Ғалымжан Нағмадинов «Форум-18» ұйымының тілшісіне айтуынша, «Жаңа өмір» шіркеуі үшін кедергілердің жаңа кезеңі 16 қыркүйек күні ҰҚК қызметкерлерінің шіркеу мүшелері кездесулер өткізіп жүрген үйдің қожайынына жалға беру туралы келісімді бұзу туралы айтқанынан басталған. Қуғындалудан қорыққан қожайын ақыр соңында келісімді бұзып, шіркеу мүшелерінің жиынына бармайтын болыпты.

«Жаңа өмір» шіркеуінің мүшелері 2 қазан күні «Ақ Жайық» қонақ үйінен орын жалдаған. «Жиын басталысымен бірден ол жерге ҰҚК мен полиция "Кришна санасы" ұйымы мүшелерінің діни мейрамы. Алматы облысы Қарасай ауданы, 2007 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

"Кришна санасы" ұйымы мүшелерінің діни мейрамы. Алматы облысы Қарасай ауданы, 2007 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

қызметкерлері кіріп келіп, жұртты бейнетаспаға түсіре бастады» дейді Ғалымжан Нағмадинов. Оның сөзіне қарағанда, полиция қатысушыларға шіркеудің жиынына қатыспауларын, себебі оның қауіпті ағым екендігін, дін туралы жаңа заң бойынша тіркелген мекен-жайдан тыс жерлерде діни жиын өткізуге тыйым салынатынын айтқан.

Тексеру кезінде 17 жастағы Айна Нұрманова болып жатқан оқиғаларды ұялы телефонына жазып ала бастаған. Мұны көрген полицейлердің бірі оны бетінен ұрып жіберген. «Жас қыз есінен танып қалды» дейді қауым мүшелері.

«Форум-18» ұйымы телефон шалғанда, полиция қызметкері Рүстем Ізтілеуов «мұндай мәселелерді телефон арқылы талқылауға уақыты да, ынтасы да жоқ» екендігін айтты. Ал «орган қызметкерлері Айна Нұрмановаға жасалған әрекеттерді де таспаға түсіріп алды ма» деген сұраққа Ізтілеуов: «Ол залда болған жоқ, біз оған не болғанын білмейміз» деп жауап берген. Алайда қауым мүшелері барлық оқиғаның залда болғанын және оны барлық қызметкерлер көргенін айтады.

ҚАЗАҚСТАН ВЕНЕЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯҒА НЕ ҮШІН КІРМЕК?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дін туралы жаңа заңға қол қойғанға дейін, 11 қазан күні сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Еуропалық құқықтан демократияға комиссияның құрамына енуге өтініш берді. «1990 жылдары демократиялық қозғалыстар басталғалы бері Қазақстан комиссия ұстанатын принциптерді берік ұстанып келеді. Біз конституция негізінде, 1996 жылы конституциялық кеңес құру арқылы адам құқықтарын қорғауға көштік» деген өтініштен үзінді келтіреді «Форум-18» ұйымы.

Венециялық комиссия конституцияға байланысты барлық мәселені қарастырады. Әсіресе комиссия құрамына енетін мемлекеттердің өтініші бойынша конституция мен демократиялық институттардың жұмыс жасауына қажетті өзге де заңнамаларды қабылдау, түзету енгізу, түсіндіру жұмыстарына қатысты көмек көрсетіп, ұсыныстар жасап отырады. «Еуропалық Комиссия мен ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша бюросы Венециялық комиссияның пленарлық отырыстарына тұрақты түрде қатысып отырады» деп жазылған Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің сайтындағы баспасөз баянында. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша бюросының өкілдері дін туралы жаңа заң елдегі сенім бостандығын шектейтінін бірнеше рет айтып, ондағы баптарды қайта қарауға шақырған болатын.

13 қазанда дін туралы жаңа заңға қол қойылғанына түсінік берген ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша бюросының баспасөз хатшысы Йенс Эшенбэхер «Форум-18» ұйымының тілшісіне: «Біз Қазақстан билігіне заңның дін мен дін ұстану еркіндігін шектейтіндігін айттық. Біз сондай-ақ 2009 жылғы заң жобасына қатысты берген пікірімізге де сүйендік» деді.

2009 жылы Қазақстанның конституциялық кеңесі дін туралы заңнаманы жаңартуды «конституцияның талаптарына сай келмейді» деп жариялаған еді.

Осыған байланысты қазақстандық бірнеше құқық қорғаушы билікті «Венециялық комиссияның негізгі ұстанымдарына адал екендігін» іс жүзінде дәлелдеуге және сол заңды комиссияның сараптамасына жіберуге өткізуге шақырды. Басқа сарапшылар қазақстанның Венециялық комиссияға кіруге дайын еместігін айтады. «Фридом Хаус» халықаралық құқық қорғау ұйымының Алматыдағы өкілі Вячеслав Абрамович «Бұл Қазақстан үшін тағы бір беделді халықаралық ұйымның тізіміне еніп, бедел жинаудан басқа ештеңе емес» дейді. Қазақстанның өтініші қабылданса, «Қазақстан адам құқықтарын бұза беретінін және сонымен бірге беделді ұйымның мүшесі бола беретінін айқын білдіреді» дейді Вячеслав Абрамович.

Қазақстанның өтініші Еуропа министрлер кеңесінің Комитетінде қаралады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG