Accessibility links

Қажылық – туристік сапар емес, ғибадат ету сапары


Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 2 қыркүйек, 2009 жыл.

Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 2 қыркүйек, 2009 жыл.

Мұсылмандықтың бес парызының бірі – Меккеге қажылыққа бару сапары биыл 27 қарашада басталады. Алайда, әлемнің көптеген елдерінде доңыз тұмауының кең таралуына байланысты қажылыққа баратын мұсылмандардың жас мөлшеріне шектеу қойылмақ.


ӘЗІРГЕ НИЕТ БІЛДІРГЕНДЕР САНЫ -ЖИЫРМАДАЙ БОЛАДЫ


БАӘ нің (Біріккен Араб Әмірлігі) Қажылық істер министрлігі 2009 жылғы қажылық сапар үшін Қазақстанға тура былтырғыдай 4 мың квоталық орын бөлген.

2008 жылға бөлінген дәл осындай төрт мың квоталық орынға Қазақстаннан қажылық парызын өтеуге тек 2500 адам ғана барған екен. Мұның себебін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі әлемдік экономикалық дағдарыспен байланыстырады.

2 қыркүйек күні 2009 жылғы 27 қарашада басталатын қажылық сапарға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз мәслихатын өткізді. Онда бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі биылғы қажылық сапарды ұйымдастыру үшін 20 туристік фирмаға таңдау түскенін жеткізді. Оның мәлімдеуінше, егер биылғы қажылық сапар кезінде қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін туристік фирмалар болса, келесі жылы ондай фирмалармен қажылық сапар жасау келісімшарты жасалмайды.
Алматыдағы орталық мешіт, 2 қыркүйек, 2009 жыл.


- Былтыр сапасыз қызмет көрсеткен бірнеше туристік фирма биыл жұмысын тоқтатты. Биыл іріктелген 20 туристік фирма Әділет министрлігінің тіркеуінен өтті. Олардың қажылық сапарға адамдарды апару, әкелу, қызмет көрсету жұмыстарынан тәжірибелері бар. Және де туристік фирмалар қажылық сапарға ниет еткен әрбір мұсылманмен келісімшартқа отырып, қаражатын алғаннан кейін жолда я барған соң ешқандай мәселемен басын қатырмауы тиіс. Себебі, қажылық парызын өтеуге барған мұсылманның жағдайын туристік фирма жасайды,- деді Әбсаттар Дербісәлі.

Сонымен қатар, бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің сөзіне қарағанда, қажылыққа тек қана ҚР азаматтары бара алады. Бас мүфти өз сөзінде қажылық сапар әлеуметтік, қаржылық жағдайы бар мұсылманға Алладан парыз етілген дүние екенін, оны туристік сапармен шатастыруға болмайтынын қадап айтты.

Ал, әзірге қажылық парызын өтеуге ниет етіп, Меккеге сапар шегуге бел буған адамдардың саны шамалы көрінеді. «Яссауи» туристік фирмасының директоры Таңатар Қарабаевтың айтуынша, бүгінге дейін 20 адам қажылық сапардың келісімшартына отырған.

- Алла қаласа, оразадан кейін қажылық парызын өтеуге ниет еткен мұсылмандардың саны артатын шығар. Біз биыл Түркияның, Египеттің, Арабияның әуе компанияларымен жолаушыларды тасымалдаймыз. Өткенде аталмыш әуе компанияларының қожайындарымен кездескенбіз. Олар бізге осы аптаның ішінде барлық мәселелерді тиянақты шешуге уәде еткен. Биылғы қажылық сапардың құны – 3000-3200 доллардың айналасында болатын шығар, - деді Таңатар Қарабаев.

ҚАЖЫЛЫҚ САПАРҒА ДӘРІГЕРЛІК АНЫҚТАМАМЕН ШЫҒАСЫЗ

Қажылық сапарға байланысты арнайы баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі доңыз тұмауының қажылық сапарға да әсер етіп отырғанына тоқталды.
Орталық мешіт ауласындағы туристік фирмалардың жарнама тақтайшалары, 2 қыркүйек, 2009 жыл.

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұсылман елдері бойынша Каирдегі Бас кеңсесі қажылық сапарына байланысты барлық мұсылман елдеріне 12 - 65 жас аралығындағы адамдардың ғана қажылыққа баруына рұқсат етуге ал, 65 -тен жоғары жастағы адамдарға шектеу салуға ұсыныс түсірді. Ұсыныста қажылыққа баратын адамдардың денсаулығы туралы арнайы дәрігерлік анықтаманың міндетті түрде болуы да айтылған. Біз де бұл ұсынысқа оң көзбен қараймыз. Өйткені бізге өз азаматтарымыздың аман-есен елге оралғаны керек. Осыған орай діни басқарма атынан Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы хат дайындап жатырмыз. Хатта қажылыққа баратын адамдардың дәрігерлік тексеруден өтуін министрліктің қатаң бақылауға алуын сұрап отырмыз,- деді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Ал, «Яссауи» туристік фирмасының директоры Таңатар Қарабаев доңыз тұмауы туралы тек ескерту жасалғанын айтады. Оның айтуынша, өз фирмасы апаратын адамдардың жанында дәрігерлер болады. Және доңыз тұмауынан қалай сақтану туралы егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін де атап өтті. Алайда, сапар барысында күтпеген жағдайлар болуы да мүмкін. Ол тек бір Аллаға ғана аян іс екенін де қадап айтты.

Биылғы қажылық сапар кезінде жолаушылар тасымалы мен қызмет көрсететін әрбір туристік фирмамен бірге бір имам еріп баратын болып отыр. Өз қаражатымен баратын бұл имамдар қажылыққа барғандарға діни жағынан кеңес береді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG