Accessibility links

«Нұр Отан» өз қатарына өтетіндердің діни сенімін тексермек


Алматы қалалық дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров. Алматы, 3 қараша 2011 жыл.
Алматы қалалық дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров. Алматы, 3 қараша 2011 жыл.

«Мұнан кейін «Нұр Отан» партиясының қатарына өтетіндерге діни көзқарасы туралы сұрақ қоятын боламыз» дейді осы партияның Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Санжар Боқаев.


Бейсенбі, 3 қарашада Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясына «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Санжар Боқаев, Алматы қалалық дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров және Алматы қалалық жастар ісі басқармасының жетекшісі келіп, академия студенттерімен кездесу өткізді.

«ПАРТИЯ ҚАТАРЫНА ТЕРРОРИСТ ЕНІП КЕТУІ МҮМКІН»

Кездесуді осы оқу орнында оқытушылық қызмет атқаратын Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков жүргізді.

Мемлекеттік органдар мен «Нұр Отан» партиясы студенттерді алдағы Құрбан айтпен құттықтай отырып, дін туралы қабылданған жаңа заңға орай елде қалыптасқан діни ахуал жөнінде баяндап, «жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі қандай болуы тиістігі» жөніндегі сөз қозғады.

«Нұр Отан» партиясының атынан сөйлеген Санжар Боқаев жастарды
"Нұр Отан" партиясының съезі. Астана, 11 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
"Нұр Отан" партиясының съезі. Астана, 11 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
«теріс жолға түспеуге» шақыра келе, террористік әрекеттердің алдын алуға «Нұр Отан» партиясы да кірісіп кеткенін айтты.

Оның мұндай мәселе көтеруіне Мұрат Телібековтің «Мүфтият өкілдері немесе мүфтидің өзі саяси партияға, мәселен «Нұр Отан» партиясына мүше бола ала ма?» деген сауалы түрткі болған еді.

– Бола алады. Партия жарғысында оған тыйым салынбаған, бірақ партияның діни бірлестіктерден қаржы алуына құқы жоқ, – деген Санжар Боқаев «Алайда...» деп бір тоқтады.

– Алайда біз партияға мүшелікке қабылдау мәселесіне ерекше назар аудара бастадық, – деп сөзін қайта жалғастырды «Нұр Отанның» өкілі. – Өйткені кім болса сол партияға кіріп кетуі мүмкін. Сондықтан партия қатарына қабылданатын кандидатқа діни тақырыптар бойынша да сұрақ қоюды ойластырып отырмыз. Әйтпесе кім біледі, «Нұр Отан» партиясының қатарына қарапайым адам болып әлдебір террорлық ұйымның белсендісі кіріп кетуі де мүмкін ғой.

Осыған орай Азаттық радиосы тілшісі «Нұр Отан» партиясының қатарына кіруге ханафит мұсылмандар мен православ христиандардан өзге адам, мәселен христиан баптист немесе кришнаид өтініш білдірсе қайтесіздер?» деген сауал қойды.

– Біз деструктивті діни топтарды айтып отырмыз. Бірақ бізге соларды анықтайтын теолог мамандар керек. Деструктивті ағымдардың мақсаты – билікті басып алу. Саяси партиялар мен өзге де мемлекеттік органдар – соған апаратын бірден-бір жол. Сондықтан партияға қабылданатын кандидатты тестілейтін теологтар іздестіріп отырмыз, – деді Санжар Боқаев.

«ХИЗБУТ ТАХРИРДІҢ» ӨКІЛІ «НҰР ОТАНДЫ» ҚОЛДАСА ШЕ?»

Азаттық тілшісі осыдан кейін Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы Мұрат Телібековтен «Нұр Отан» партиясының өкіліне қойған сауалының мәнісін сұраған еді.

– Мүфтият та, «Нұр Отан» да мемлекеттік саясатты қолдайды, олай болса
Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы Мұрат Телібеков. Алматы, 3 қараша 2011 жыл.
Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы Мұрат Телібеков. Алматы, 3 қараша 2011 жыл.
мүфтиге неге партияға кірмеске? Қазіргі мүфти бұрын компартияның мүшесі болды, кейін атеистік кафедраны басқарды емес пе, – дейді ол.

«Нұр Отанның» жаңа талабы бойынша, мәселен сізді партия қатарына қабылдар ма еді?» деген сұрағымызға Мұрат Телібеков ойланып қалды.

– Мен өзім намазды ханафиттер мазхабынының жолымен оқимын. Бұрын мұндай мазхабтарға бөліну болмаған, сондықтан тек Құранға бағынамын. Мен өзімді ханафитпін деп ойлаймын. Осылай мазхабтарға бөлгенді ұнатпаймын. Мені қабылдайтын шығар, – дейді Мұрат Телібеков.

«Жалпы, Қазақстан Конституциясында діни қызметкерлердің партияға кіруіне тыйым салынбаған. Дін қызметкерлер партияға кірсе мемлекет саясатына да, дінге де зияны жоқ» деген Мұрат Телібеков «бұл өте қызық мәселе» екенін айтты.

– Мәселен, кришнаид келіп «Нұр Отанның» саясатын қолдаймын» десе, оны қабылдамай ма? Менің ойымша, қабылдау керек. Ал «Хизбут тахрирдің» өкілі «Нұр Отанды» қолдаса ше? - дейді Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы.

«НҰР МҮБАРАК» АТАУЫ ҚАЛА БЕРУІ КЕРЕК»

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанда 100-ден аса ұлт өкілдері мен 40-тан аса конфессия өз мәдениетін сақтап, дамытып отыр, – деп сөз бастаған Алматы қалалық дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров. – Ханафит мәзһабын ұстау – ислам дініндегі Қазақстан азаматтарының міндеті, - деп бір тоқтады.

– «Бізбен бірге жүрмесеңдер, мұсылман емессіңдер» дейтіндер намаз оқымайтындарды мұсылман емес деп санайды. Ал дәстүрлі исламда кім тілін кәлимаға келтірсе, сол мұсылман. Ал намаз оқу – иманның байлығы, - дейді Ершат Оңғаров.

Ол шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттердің туралы «жан-жақты ақпарат жинастырылғанын» да айтты. Шетелдегі студенттер оқып жатқан бағыт Қазақстанның діни бағытына сай келмесе, міндетті түрде кері қайтарылмақ екен.

Ершат Оңғаровтың айтуынша, шетелден қайтқан студенттер Қазақстанға
"Нұр Мүбәрәк" мешітінде Қадір түні құлшылық етіп отырған жастар. Алматы, 5 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
"Нұр Мүбәрәк" мешітінде Қадір түні құлшылық етіп отырған жастар. Алматы, 5 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
келгенде оқуларын Алматыдағы «Нұр Мүбәрәк» ислам университетінде жалғастыруына болады:

- Ол үшін биыл 100 грант бөлінсе, келер жылы 200 грант бөлінбек, - дейді ол.

Орайы келгенде Азаттық тілшісі дін істері жөніндегі агенттік өкіліне «Нұр Мүбарак» ислам университетінің бір кездері Египет президенті Хосни Мүбәрәктің Қазақстанға жасаған сыйы ретінде ашылғанын алға тартып, «Енді оның атауы өзгертілуі мүмкін бе?» деп сұрап еді.

– Бұл университеттің ашылуы тарихта алтын әріппен жазылатын оқиға болды. «Нұр Мүбәрәк» университетінің Қазақстан халқына жасаған маңызы зор. Өз ойымша, оның «Нұр Мүбәрәк» атауы қала беруі керек, – деп жауап берді Ершат Оңғаров.
XS
SM
MD
LG