Accessibility links

Шымкентте оқушы қыздардың хиджап киюіне қарсы қызу науқан жүріп жатыр


 Мектеп оқушыларына насихат жүргізілуде. Шымкент, 4 мамыр, 2010 жыл.

Мектеп оқушыларына насихат жүргізілуде. Шымкент, 4 мамыр, 2010 жыл.

Шымкенттегі № 66 орта мектеп оқушыларының арасында хиджап кигендермен күресу ұзаққа созылғандай. Мектеп басшылығы жарты жылдан бері жергілікті билік пен діндарларды шақырып, насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.


ХИДЖАП КИЮДІ ЗАҢДАСТЫРУ

Даудың басы осыдан бірнеше ай бұрын басталыпты. Шымкент қаласындағы № 66 орта мектептің басшылығы 11 сынып оқушыларына Ұлттық бірыңғай тестке хиджап киіп келуге, емтиханға кіру үшін берілетін рұқсат қағаздың суретіне орамал тартып түсуге тыйым салған еді.

Мектептің 6 оқушысы Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет басқармасына өтініш жазып, фотоға орамалмен түсуге рұқсат алады. Осыдан кейін емтиханға кіру мәселесі де шешілді. Оқушылар Әділет министрлігіне хабарласып, жеке куәліктің суретіне де орамалмен түсуге рұқсат қағаз алады.
Жеке куәліктің суретіне орамал тағып түсуге рұқсат берілген. Шымкент, 4 мамыр, 2010 жыл.


Оқушы қыздар сұхбат беруден бас тартты. Арасында ата-аналарының қарсы болатынын айтқандар да болды. «Хиджапты заңды түрде киюге құқымыз бар» дегенді айтқан бойжеткендер жаңадан алған жеке куәліктерін көрсетіп, сөздерін дәлелдемек болды.

ОҚО әділет басқармасына хабарласқанымызда, құжаттандыру бөлімінің аты-жөнін айтудан бас тартқан бас маманы расында да жеке куәлікке орамал тағып суретке түсуге министрлік рұқсат беретінін жеткізді. Бұл мәселе тұрғындардың арыз-шағымы көбейгеннен кейін жүзеге асқан екен.

– «Неке қидыруға барамын» деп, не «қажылықтан келдім, жалаңбас жүрмеймін» деп шағым айтқандар бар. Осыдан кейін рұқсат берілетін болды, – деді басқарма өкілі Азаттық тілшісіне.

«ИМАН АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ...»

Хиджап киген оқушылар арасында насихат жұмыстарын жүргізген білім ұясының басшылығы мен діндарлар жастарға ақыл-кеңестерін айтып-ақ жатыр. Олар жарты жылдан бері талай жиын өткізіп, оқушылардың ата-аналарымен кездескен. Алайда одан шыққан нәтиже шамалы.
Шымкент қаласындағы №66 орта мектептің оқушылары жиналыста отыр. Шымкент, 4 мамыр, 2010 жыл.


– Мәскеудегі метроны жарғандар – бет-аузын қымтағандар. Қазір бүкіл әлем терроризммен күресіп жатыр. Отпен айнауға болмайды. Дінді фанатизмге айналдырмау керек. Иман – адамның жүрегінде. Егер иман болмаса, он қабат хиджап кисең де – бәрібір. Қымтанудан гөрі ілім жолын таңдаған дұрыс. Мен сақал-мұртымды алып тастадым. Сонда мен мұсылман емеспін бе? – дейді «Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Бақадыр.

Жастарға ақыл айтқан діндарлар: «Мектеп қабырғасында жүргенде басшыға бағынып, сөзін бұлжытпай орындаудың өзі – маңызды құлшылық. Зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін заң мен талапқа мойынсұну керек» деп есептейді. Білім министрлігі орта мектептерде тек бірыңғай форма киюге рұқсат беретіні жайлы да айтылды.

– Сәлде мен шапан кидім деп, елден ерекшемін дей алмаймын ғой. Мектеп қабырғасында діни түсінік жоқ. Біз ислам мемлекеті емеспіз. Ілімнің ең үлкені – Алладан қорқу. Білім алу – парыз. Ал білім алуға кедергі деп табылған жайтқа оған мойынсұнуға тиіспіз. Демек, орта оған дайын емес. Бұл айтылған сөздерді жанайқай деп қабылдаңыздар. Оған қарсы жауап іздеудің қажеті жоқ, – деді жастар алдында сөйлеген облыстық бас имам Ахметжан Керімбеков.

Әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастардың қатары күрт артқанын алға тартқан діндарлар мен жергілікті билік өкілдері бірнеше мысал келтіріп, жастардың көңілін ауламақ болды.

– Діни ағымдарда адасып жүргендер көп. Көбі – жастар. Белгілі бір деңгейде ұстаным бар. Артық кетіп жатқандар жетерлік. Бүгінде Еуропаның бірнеше елдерінде хиджап, жамылғы киюге тосқауыл қойып жатыр. Бельгияда қоғамдық орындарда ондай киімге тыйым салынды. Бұл жайдан-жай жасалып жатқан шара емес, – дейді ОҚО ішкі саясат басқармасы дін бөлімінің бастығы Ербол Байқонақов.
Қазақстан - №66 орта мектептің хиджаб киген оқушы қыздары. Шымкент, 4 мамыр, 2010 жыл.


ИМАМНЫҢ ҚЫЗЫ ДА ХИДЖАБЫН ШЕШКЕН

Мектеп директорының айтуынша, жоғары сынып оқушылары арасында хиджап кию соңғы бірер жылдың ішінде ерекше кең тарай бастаған. Өткен жылдың желтоқсан айында Білім министрлігінен мектепте дін мәселесіне қатысты түсініктеме жұмыстарын жүргізуге байланысты тапсырма келген.

– Ата-аналармен сөйлестік. Содан кейін жергілікті имамның қызы хиджабын шешті. Тағы бірі уәде берді. Біртіндеп нәтиже шыға бастады. Басында, тіпті, айтқан сөзіңді қабылдамайтындай халде еді. Негізі, бұл іс өте қиын. Алда әлі талай жұмыс бар. Талап бойынша мектепте форма кию керек, – дейді № 66 мектептің директоры Ержан Төлендиев.

Орамал тағудан бас тартпай жүрген мектеп оқушыларымен сөйлесіп едік, хиджапты ешқашан шешпейтіндерін қадап тұрып айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG