Accessibility links

“Фридом Хауз” ұйымы мұнай бағасы өскен сайын Қазақстанда еркіндік азая түсті дейді


Америка Құрама Штаттарында орналасқан “Фридом Хауз” ұйымы Евразия құрлығындағы елдердің өтпелі кезеңіне арналған жаңа баяндамасын жариялады. “Өтпелі кезең елдері – 2008” деп аталатын баяндамада Қазақстанда адам құқықтарының жағдайы, баспасөз бостандығы, дін бостандығы және өзгеде негізгі бостандықтардың жағдайы одан ары нашарлай түсті делінеді.

“Фридом Хауз” ұйымының Қазақстан сияқты елдердің жағдайына арналған жаңа баяндамасына “Мұнай авторитаризмі және Евразияның жаңа шектесулері” деген тақырыпша қойылыпты. Берлин қабырғасының құлағанына 20 жылдай болсада Евразияның басым көпшілігінде әлі де еркіндік жоқ, көптеген халыққа Европа елдері қауымдастығының іргетасы боп табылатын демократия құндылықтары әлі де берілмей отыр.

“Фридом Хауз” ұйымы баяндамасының екінші негізгі түйіні – энергия көздеріне сұраныс өскен сайын энергия көздерін тұтынатын демократиялық елдер мен мұнай-газ шикізатын өндіретін авторитарлық елдердің қарым-қатынастары одан ары нашарлап жатыр. Мұнай-газ байлықтары Қазақстан сияқты елдерде авторитарлық үкіметтерді одан ары байытып жатса, евро-атлантикалық демократиялық елдер демократия құндылықтарын одан ары жылжыту мүмкіншілігін әлсіретіп алды, - делінеді “Фридом Хауз” ұйымының баяндамасында.

Мұнай мен табиғи газ шикізатын өндіретін үш бұрынғы совет елі – Қазақстан, Ресей және Әзірбайжандағы жағдай сарапқа салынғанда бір ерекшелік байқалады: мұнай бағасы өскен сайын бұл елдерде демократиялық рейтинг бағасы төмендей түседі. Бұл соңғы бес-алты жылдағы жағдайға арналған графикте анық байқалады. Нақты айтқанда, Қазақстанның сайлау жүйесінде, азаматтық қоғам саласында, тәуелсіз баспасөз саласында, сот жүйесінде соңғы жылдары прогресс болмады.

“Фридом Хауз” ұйымы Қазақстанның 2010 жылы Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кезекті төраға болатынын ерекше атап, дегенмен, бұл мәртебе дипломатиялық әрекеттердің арқасында және демократиялық реформа атқарамыз деген уәденің арқасында берілді дейді.

Кезекті төраға мәртебесі Қазақстанға нақты өзгеріс жасау міндеттемесін қойып отыр, алайда президент Нұрсұлтан Назарбаев дара билігін одан ары күшейтіп жатыр, балама құра алатын тұлғаларды, тіпті өз отбасы мүшелерін саясат сахнасынан одан ары алыстатып жатыр.

“Азаттық” Радиосына сұхбат берген Қазақстан оппозициясының жетекшісі Серікболсын Әбдилдин “Фридом Хауз” ұйымының бұл қорытындысымен толық келісіп отыр:

- Демократиялық жол деген Қазақстанда мүлдем жоқ. Қазір – монархия. Назарбаев барлық саяси, экономикалық билікті өз қолында ұстап отыр. Сондықтан да олардың айтып отырған пікірімен толық келісемін. Жағыдай жақсы емес.

Қазақстан президентінің әкімшілігі елде бес мыңдай бейүкіметтік ұйым жұмыс істеп жатыр десе де, олардың көпшілігі жалған ұйым ретінде құрылған, олар тәуелсіз ұйымдардың грант алуларына кедергі келтірумен айналысады. “Фридом Хауз” ұйымы тәуелсіз баспасөз жағдайының нашарлап жатқанын, дәстүрлі емес діни ұйымдарға қарсы қудалаудың күшейгенін айтады.

“Азаттық” Радиосына сұхбат берген Қазақстан парламентінің депутаты Камал Бұрханов “Фридом хаус” ұйымының бұл сыни қорытындысы орынсыз дейді:

- Адам құқықтарын сақтау жерінде, демократияға ілгері қарай жылжу ретінде бізде ешқандай кемшілік жоқ деп ойлаймын. Өйткені, саяси партиялар өмір сүріп жатыр, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істеп жатыр. Оларды ешкім қуғын-сүргінге салып жатқан жоқ, ешкім олардың ауызын жауып жатқан жоқ, ешкім оларды түрмеге қамап жатқан жоқ. Жұмыстан шығарып жатқан жоқ ешкім ешкімді. Қалаған адам қалаған партияға дауысын беріп жатыр. Осы президенттік сайлауда қаншалықты балама кандидат болды – қалаған адам өзі қалаған адамға дауысын беріп жатыр.

Қазақстан парламентінің депутаты Камал Бұрханов, сол сияқты, “Фридом хаус” ұйымының жалпы зерттеу сапасына күмән келтіреді, демократия орнату жұмысына ұзақ уақыт керек деген уәж айтады:

- Айтып жатқан әңгімелеріне рахмет, әрине. Дегенмен, эксперттері нашарлау ма, жоқ, басқа жағдай болды ма, білмедім. Жазу өздерінің жұмыстары ғой енді. Демократияға процесс ретінде қарау керек. Сараптаманы жөндеп қарау керек, жөндеп жасау керек барлығын. Теңізші Колумб Америка материгін әлі ашпаған кезде бізде Қазақ хандығы болған, біз хан сайлаған мемлекетпіз, хан сайлаған ұлтпыз, біз хан сайлағанбыз.

“Фридом Хауз” ұйымы Қазақстанның әкімшілік-атқару жүйесі президент Назарбаевқа тікелей бағынады, халық мұқтаждығын танытуға құрылған жергілікті мәслихаттар әкімдердің шешімдерін үнсіз қабылдайтын мекемелерге айналған дейді.
XS
SM
MD
LG