Accessibility links

Чехиядағы қазақ діни босқындарына Франция ұйымдары көмек қолын созды


«Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясының жетекшісі Надежда Атаева. Прага, 20 ақпан, 2009 жыл.

«Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясының жетекшісі Надежда Атаева. Прага, 20 ақпан, 2009 жыл.

«Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясының басшысы Надежда Атаева өткен демалыс күндері Чехияның айналасындағы қалалар мен поселкелерде тұратын діни босқындармен кездесті. Оның айтуынша, Чехия үкіметі олардың құқықтарын шектеп отыр.


«ЧЕХИЯ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ЕУРОПА КОНВЕНЦИЯСЫН
БҰЗЫП ОТЫР»

- Надежда ханым, Азаттық радиосының Прагадағы студиясына хош келдіңіз. Алдымен Прагадағы үш жылдан бері халықаралық қорғау мәртебесін ала алмай жүрген жүздеген қазақ діни босқындарының жағдайлары туралы қалай хабардар болғаныңызды біле отырсақ.

- Бұл босқындар туралы бұдан екі жыл бұрын естігеннен бері мені мазасыздық жайлады. Біздің «Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясына осы босқындардың бірі хат жолдады. Оның үстіне, менің әріптесім Виталий Пономарев босқындардың тағдырын тағы бір есіме салды, содан бастап екеуіміз оларды қорғауға мүмкіндік беретін механизмдерді ойластыра бастадық.

Босқындардан түскен ақпараттардың аздығынан олардың жағдайларының жай - жапсарын білу мүмкін болмады. Осыдан төрт күн бұрын босқындар тобынан бір адам қоңырау шалып, дәл қазіргі кезде депортацияға екі жүздей адамның ұшырауы мүмкін екендігін жеткізді.

Оларды күштеп Қазақстанға шығарып жіберу қауіпті болғандықтан біз босқындармен кездесіп, сөйлесіп, көші-қон қызметі берген құжаттарын қарауды ойластырдық. Олардың мүдделерін қорғау мақсатында Чехияда қол қойылған халықаралық міндеттемелердің жүзеге асуын қамтамасыз ететін барлық халықаралық бақылаушылар мен ведомстволарға қажетті ақпараттар дайындадық.

- Надежда ханым, біздің Азаттық радиосы босқындар мәселесіне арналған бірнеше мақалалар жариялады. Чехияның сот органдарының құжаттары, оның ішінде Чехия Жоғарғы сотының веб-сайты арқылы қолымызға түскен құжаттарға қарағанда босқын мәртебесін сұрап отырған осы адамдар Қазақстанда билікпен арада саяси кикілжіңдерге бармаған көрінеді. Оның үстіне босқындар өз арыздарында көрсеткеніндей, негізінен полицияның қысымы, жемқорлық, полиция шенеуніктерінің қызметті асыра пайдалануы сияқты нәрселер Батыста да кеңінен таралған құбылыстар емес пе? Сіз осы тұрғыдағы чех билігінің негізгі алға тартып отырған уәжіне қалай қарайсыз?

- Мен керісінше, әзірше чех билігі тарапы келтіріп отырған пәлендей уәж жоқ деп ойлаймын. Олар тек ысырып салушылықпен шектеліп отыр. Менің ойымша, әзірше чех билігінің осы мәселеге қатысты анық бағыт-бағдары болмай тұр және де осы жағдайға байланысты қоғамда туындаған пікірлерге де қалайша үн қосарын бағамдаған жоқ.

Босқындарға қатысты барлық құжаттар мен басқа да ақпараттарды тереңірек зерттей келе біздің «Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясы Чех парламентінің адам құқығы жөніндегі комитетін және де Чехия Сыртқы істер министрлігін хабардар ететін болармыз.

Бәрінен бұрын бұл мәселеге тек БҰҰ-ның «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясы механизмімен ғана емес, сонымен қатар зорлыққа қарсы келісім тұрғысынан да қарау керек. Біздің түсінігімізше, біздің ассоциацияның қолындағы мәліметтерге қарағанда тек соңғы жылдардың өзінде ғана Қазақстанда зорлық-зомбылық жасаудың ондаған фактілері БАҚ арқылы ашық жазылып, таратылды.

Егер елде зорлық жасау фактілері бар болса, ол туралы ЕвроОдақ пен БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Кеңесінің арнаулы қарауында бірнеше рет қаралған болса, ол БҰҰ-ның азапатуға қарсы конвенциясының 3-ші бабына жатқызылады, ал ол бапта өзін зорлық-зомбылық күтіп тұрған адамды еліне қайтаруға болмайтыны көрсетілген.

Меніңше, чех билігі әзірге нақты шаралар жасамаған. Біздің зерттеуіміз бен құқық қорғаушы әріптестеріміздің белсенді жұмысының арқасында осы адамдарды қорғап, Қазақстанға күштеп қайтарудың алдын алу үшін барлық халықаралық қорғау механизмдерін атсалысуға шақырамыз деп ойлаймын.

- Надежда ханым, Азаттық радиосына мәлім болғанындай, Чехияның сот органдарының кейбір құжаттары Чех билігінің БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы басқармасының 2006 жылғы құжаттарына сүйенгенін көрсетіп отыр. Бұл құжатта (чех сот билігінің сілтемелерін қаншалықты дұрыс түсінгенімізге қарай) БҰҰ 2006 жылы Қазақстанда «Хизб ут-Тахрир» партиясы топтары өкілдерінен басқа азшылық мұсылмандардың зорлыққа ұшырамағанын жария еткеніне назар аударады. Сонымен бірге БҰҰ-ның 2006 жылғы Қазақстанның шеттен келген босқындарды қабылдаудағы оң тәжірибесіне де сүйеніп отыр.

- Бұл талас туғызатын нәрсе. Біріншіден, бұл босқындар және біздер соңғы күндері жауап алған адамдар зорлық құрбандары. Екіншіден, 2008 жылдың қаңтар айында Қазақстан үкіметі азаптауға қарсы Конвенцияны құптаған болса, сол 2008 жылдың тамызында біз тұтқындарға қалай зорлық-зомбылық жасалғаны дәлелденген видеосюжетті алдық.

- Сіз Азаттық радиосы жария қылған Атырау түрмесінде болған жағдайды айтып отырсыз ба?

- Иә, тура сол жағдай. Оған қоса біздің қазақстандық әріптестеріміз діни көзқарастары үшін зорлыққа ұшыраған осы адамдарға мониторинг жүргізіп, Қазақстанда әдетке айналған қысым жасау фактілерін бақылауда ұстап отыр. Сондықтан қалыптасып отырған жалпы жағдайдан құжаттардың кейбір тұстарын алып тастауы чех билігінің осы мәселені дұрыс бағаламай отырғанын көрсетеді.

Босқындармен жолыққаннан кейін біздегі материалдар толыға түспекші. Біз бір тұжырымға келгеннен кейін тек чех билігіне ғана емес, БҰҰ мен ЕвроОдақтың кеңсесіне де хабарласамыз.

- Надежда ханым, сонымен бірге Азаттықтың білуінше, чех билігінің кейбір құжаттарында өз шешімдерінде босқындарға саяси баспана беруден бас тартуын Қазақстанның Азия елдері арасында бірінші болып 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіндігімен байланыстырады. Чехияның сот билігі Қазақстан тым болмаса, саяси реформа жасауға еркі бар, сондықтан чех жерінде босқын мәртебесін сұрап жүрген азаматтарының – яғни, 205 қазақстандықтың өз еліне қорықпай баруына мүмкіндіктері бар деп есептейді.

- Біздің ассоциацияның мәліметтеріне қарағанда мынадай бір дерек бар. Анығында, бұл босқындарды Қазақстан территориясында тек қана діни сенімдері үшін қудалаған, бірақ оларға қару, есірткі заттарын тықпалау арқылы қылмыстық жауапкершілікке де тартпақ болған.

Бұл адамдардың айналасында белгілі бір құқықтық орта қалыптастыру қиын.Олар елдеріне қайта салысымен бірден тұтқындала қоймас, бірақ сонау 1994 жылдан бастап (олар туралы үкімет естіп білгелі бері) олар қара тізімге ілінген, қатаң бақылау қойылған. Сондықтан олар әлі де бақылауда бола береді.

Сонымен қатар бізде мынадай да мәлімет бар. Олардың елде қалып қойған біраз бөлігі қазіргі кезде діни көзқарастары үшін қудаланып, жақында ғана Қазақстанның арнаулы қызметінің назарына ілігіп, барынша назар аударылуда. Дәл қазіргі сәтте елден қашып кетіп жатқандары да бар. Міне, осындай уақыттар болып жатқанда қауіпсіздік туралы не айтуға болады?

- Надежда ханым, Азаттық радиосына берген сұхбаттарында босқындардың біразыЧехияның көші-қөн қызметінің билік өкілдері оларға өктем қарайтынын айтады. Оның үстіне, олар 7 ақпанда Прагада наразылық митингісіне шыққанда Чехияның көші-қон қызметін ашық айыптаған мәлімдемелер жасады.

- Ашығын айтсам, бұған таң қалмаймын. Себебі, соңғы жылдары ЕуроОдақ елдерінде шетелдіктер мен босқындардың құқығы шектеліп отыр. Жалпы алғанда, еуропалық көші-қон саясаты өзгерді. Маған Чехияның билік өкілдері босқындардың басында билігі жоқтығын біліп басынатын сияқты көрінеді. Бұл тек Қазақстан босқындарына ғана емес, Чехия жерін басып жүрген барлық елдердің босқындарына қатысты.

Мәртебесі мен баспанасын алғандар тез арада жұмысқа орналасып, чех қоғамына экономикалық жағынан пайдалы болып жатыр. Менің ойымша, олар тоғышарлар емес. Бүгінгі күні олар процедура талабымен көмек қажет ететін топта болғандықтан оларға деген көзқарас басқаша болып отыр.Ал жұмыс істеуге құқығы болғанда олар да өздерін қоғамда көрсете алар еді, көңіл-күйлері де басқаша болар еді, басқалар да оларға оң ниетпен қарар еді.

Қазір көші-қон қызметі оларды осындай күйге түсіргеніне қарамастан, ол босқындарға өздерінің көңілдері толмайтынын жасырмайды. Біздегі мәліметтер босқындардың шынымен де қыспақта жүргенін дәлелдейді. Меніңше, бұны ашық айтып, халықаралық бақылаушылардың назарын аударып, үндемей немесе ысырып салып отырған Чехия билігіне бұл мәселені халықаралық стандартқа сай шешу керек екендігін ұғындыру қажет.

- Надежда ханым, Сіз басқаратын «Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясының Еуропа елдерінде босқын мәртебесін сұраушыларға көмек беру жөнінен мол тәжірибесі бар. Еуропалық институттарға апелляция жолдары туралы айтасыз. Нәтижесінде, егер Чехияның Жоғарғы соты – осы елдегі түпкілікті құқықтық инстанция – қарсылық білдірген болса, онда қысым туралы қандай әңгіме болуы мүмкін? Бұл егеменді ел ғой.

- Егер біз құқықтық механизмдер туралы айтсақ, онда біз адам құқығы жөніндегі, әлі бұл іске қоса қоймаған Еуропааралық сотты айтамыз.Чехия адам құқығы мен негізгі бостандықтарды қорғау туралы Еуропалық конвенцияны мақұлдағандықтан, босқындар да осы негізде өз құқықтары мен бостандықтары туралы мәселені қозғай алады.

Меніңше, 39-шы ереже бойынша босқындарды елден шығаруды тоқтатып, адам құқығы жөніндегі Еуропа сотының шешімі шыққанға дейін Чехияда ашық жүре берулеріне болады.

Әрине, мұның бәрі Чехиядағы шетелдіктерге деген көзқарас тұрғысынан да, тағы басқа да себептерге байланысты чех билігін мазасыздандырады. Бұл туралы осындағы еңбек мигранттары, саяси босқындар, осында бизнесін тұрақтандырғысы келген кәсіпкерлер жиі айтады. Мұның бәрі азаматтық қоғам дамуының басты мәселелері болып саналады.

Маған тағы бір айтуға жайсыз болып отырғаны Чехия қоғамын айқындайтын маңызды сәттің бірі – бұқаралық ақпарат құралдары осындай істерге енжар қарайды. Адамдар діни топтар өкілдері арасында өте сирек кездесетін, бұрын болмаған, ерекше пикетке шықты.

Адамдар өз еліне қайтудан қалай қорқатынын білесіз бе, оларға өз елінен кету өте ауыр (үйреніп қалған дәстүр мен өмір сүру жағдайы бар), сондықтан олар иммиграцияға амалсыздан барады. Өз еріктерімен кеткілері жоқ.

Дәл қазір оларға көмек аса қажет екенін түсінуіміз жөн. Қазақстан азаматтары демократиялы деп есептейтін елдің көмегі қажет.
Бұл елде «Азат Европа / Азаттық радиосы» кеңсесі бар, өз мәселемізді айтып отырмыз (өкінішке қарай, сыртта отырып), Чехия территориясында орналасқан ақпарат кеңістігі бар, біз үшін бұл да өте маңызды.

Чех БАҚ құралдарының осы мәселе туралы естігені де маңызды. Сонда чех өкіметінің көзқарасы да оң болар еді. Себебі, қазіргі кезде чех қоғамы да, оның азаматтары да мына адамдардың басындағы жайттарын түсіне алмай отыр.

Орталық Азиядан адамдар негізінен діни себептермен қашып жатыр

- Надежда ханым, дәрігерлер ауруды емдегеннен оның алдын алған тиімді дейді. Сіз басқаратын ассоциацияның аты "Орталық Азиядағы адам құқықтары" деп аталады. Сіздің ассоциацияның Еуропадағы жұмысын жеңілдету үшін не істеу керек. Сіздерге босқын мәртебесін сұрап жүздеген және мыңдаған адамдар келмес үшін не істеу керек. Сіздің өзіңіз отбасыңызбен бірге 2000 жылы Өзбекстанды тастап шыққаныңыз, қазір Франция үкіметінің қорғауында екендігіңіз мәлім. Ең бастысы, осы ассоциацияның жұмысын азайту үшін қандай шара қолданса болады?

- Егер елінен амалсыздан кеткен адамдар туралы айтатын болсақ, онда Орталық Азия елдерінен келгендер осы елдердің үкіметі қабылдаған, оны орындау туралы міндеттенген халықаралық келісімдер туралы көбірек білулері керек.

Босқындарға халықаралық құқық мүмкіндіктерін білу керек. Өкінішке қарай, көші-қон қызметіндегілер олардың қолдарына беретін парақшаларда керек ақпараттар толығымен жазылмайды. Әлеуметтік қызметкерлерден де көмек шамалы.

Адамдарға жай ғана парақшалар формалды түрде таратылып беріле салады. Олар өз тәжірибелерінде болмағандықтан, механизмдерді қолдануды білмейді де.

Сондықтан босқындардың құқықтарын қорғау саласында еңбек етіп жүрген менің құқық қорғаушы - әріптестерім қолынан келгеннің бәрін істеуде: баяндамаларында, баспасөз баянында өткір мәселелер туралы қоғамға ашық жария етуде.

Мұндай кезде баспасөздің де көмегі ерекше, солар арқылы қиын сәттерде не істеу керектігінен хабардар болады. Босқындар біздің ассоциация туралы көптеген қызметтерден, мысалы «Азат Европа / Азаттық радиосы» арқылы, атап айтқанда, қырғыз, түркімен, өзбек, тәжік редакциялары арқылы білетіні өте қуанарлық жайт. Осы тұрғыдан алғанда журналистер біздерге құқық қорғау акциялары кезінде радио тыңдармандарына олар ел ішінде немесе сыртта жүрсе де айтып, түсіндіріп, ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.

- Надежда ханым, айтыңызшы, қандай топтағы адамдар сіздерден көп көмек сұрайды? Орталық Азиядан қашып жатқандар кімдер? Босқындар деген қандай адамдар, олардың белгілі бір нұсқасы бар ма?

- Иә, бар. Чех өкіметін таңқалдыратыны, босқындардың басым көпшілігі Орталық Азиядан келгендер. Олар діни сенімдері үшін қуғындалғандар. Олар Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға қатысты. Қырғызстандағы «қызғалдақ» революциясынан соң ол жақтан да босқындар келе бастағаны рас.

Саяси баспана мәселесімен Қазақстан мен Қырғызстан журналистері көмек сұрайды. Себебі бұл елдерде сөз бостандығы кедергілерге кездесуде.

- Надежда ханым, Сіз адамдар Орталық Азиядан діни сенімдеріне байланысты қашып жатыр деп отырсыз. Олар сонда қандай да бір азшылық дін өкілдері ме? Ислам немесе христиан дініне сенушілер ме?

- Негізінен бұл адамдар мұсылмандар, демек, ислам дінін уағыздаушылар. Олардың арасында ваххабиттер, тағы да басқаша аталатын «Хизб ут-Тахрир» партиясының мүшелері де бар. Олар дәстүрлі дінге жатпайтын, үкіметтік діни орындар - мешіттерге бармайтын адамдар.

- Бірақ Орта Азиядағы өкімет орындары «Хизб ут-Тахрир» және ваххабизмді жақтаушыларды террорлық немесе экстремистік ұйымдардың мүшесі деп қабылдайды ғой. Ал Еуропа елдерінде де оларға осылай қарай ма?

- Мен Еуропада оларға дәл солай қарайды деп айта алмаймын. Ал Орталық Азияда солай қарайды. Еуропада либералды құндылықтарға басқаша қарайтыны ақиқат.

Бұл адамдарды қудалаудың күшеюіне Шанхай ұйымы мүшелерінің терроризмге қарсы күресті бірігіп жүргізуде тізе қосып отырғаны әсер етуде. Қазіргі кезде іздеу базасын жасақтау күшейтіліп жатыр, жоғарыда аталған елдердің әрқайсысы террористер, экстремистер және де мемлекет пен қоғамқа қауіп төндіретін адамдардың тізімін толықтыруда.

Бұл, әрине, үлкен саясаттың ісі. Дегенмен, қорытындысында, меніңше, Орталық Азияда көптеп саналатын мұсылман ұйымдарының өкілдері қудалауға душар болуда.

- Надежда ханым, дегенмен, сіздердің жұмыстарыңыз жеңілдей қоймас. Өзіңіз айтып отырғандай, өздеріңізден көмек сұраушылар күннен күнге артуда. Осы сұхбатты тыңдаған немесе оқыған адамдар сіздермен хабарласқысы келсе қалай табуға болады? Сіздерге саяси негізге байланысты халықаралық қорғау мәртебесін іздеп жүрген адамдар хабарласып қалуы мүмкін ғой. Еуропаның көптеген елдері экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық жағдайларға байланысты өз елін тастап шыққандарға босқын мәртебесін бермейді ғой.

- ЕвроОдақ елдерінде тек саясатқа қатысты ғана емес, сонымен бірге, студенттік, жұмысшы және басқа да гуманитарлы визаларға да саяси баспанамен қатар тұруға да мүмкіндік береді. Ал енді сұрағыңызға оралсақ, бізді іздеген адамдар телефон шалып хабарласа алады. Ассоциациямыздың телефоны + 33 2 43 76 72 32.

Сонымен қатар www.asiecentrale.info. сайтына кіруге болады. Жақын арада сайт беттерінен босқындарға арналған пайдалы ақпараттармен танысуға болады.

Біз ол бетті зерттеулерімізбен, бақылауларымызбен толықтырып отыратын боламыз. Әрине, егер босқын мәртебесін алған адамдар жаңа елдерге қалай орналасқанын, баспананы қайдан алғандарын, өздерін толғандырған мәселелерін немесе қол жеткізген табыстарын бөліссе, біз оларға шексіз риза болар едік.

Мұндай зерттеу тәжірибелері қоғам үшін нақты қадамдар жасауға көмектеседі деп ойлаймын. Және ең маңыздысы, халықаралық қолдауды қажет ететін адамдар өздерінің жүрегінен орын алған қоғамынан тыс болмай, оның қоғамдық өміріне барынша атсалысу мүмкіндігінен ажырап қалмағаны жөн.

- Надежда ханым, сұхбатыңызға рахмет!
XS
SM
MD
LG