Accessibility links

Ақпан айының ортасынан бері Астананың кітапханалары мен кітап дүкендерінде тыйым салынған діни әдебиеттердің бар-жоғы тексерілген. Тексерушілер екі кітапты "жарамсыз" деп тапты. Құқық қорғаушы "тыйым салынған әдебиетті анықтау жүйесі бұлыңғыр" дейді.


Дін істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «Қазақстан жаңалықтары» агенттігінің хабарлауынша, тексеру тобының құрамына Астана қалалық дін істері департаменті, білім басқармасы, сонымен бірге мәдениет, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы, ішкі істер департаменті мен ішкі саясат бөлімінің өкілдері кірген. Оған сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен орыс православ шіркеуінің өкілдері де еніпті.

«Шараның негізгі мақсаты – сот шешімімен тыйым салынған діни әдебиеттердің таралуына жол бермеу. Сонымен қатар оқырмандарға кері ықпал ететін деструктивті сипаттағы қағаз басылымдар мен діни араздыққа шақыратын материалдардың таралуына жол бермеу» деп жазылған ақпарат агенттігі таратқан хабарламада.

Бұл туралы наурыздың 13-і күні дін істері агенттігіне хабарласқанымызда ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің өкілі Светлана есімді қызметкер ақпарат агенттігінде көрсетілген мәліметке ештеңе қоса алмайтынын айтты. Ол сөз арасында мұның қатардағы тексеріс екенін де айтып өтті.

«ЖАРАМСЫЗ» КІТАПТАР

Астанадағы Орталықтандырылған кітапханалық жүйе мекемесінің өкілі Сәуле Ырымтайқызының айтуынша, ақпан айында түрлі департамент мамандарынан құралған комиссия мекемеге қарасты 23 кітапхананы тексерген. Сараптама қорытындысы бойынша екі кітап «жарамсыз» боп танылыпты. Біреуі – ислам туралы қазақша кітап, екіншісі – Ғайса пайғамбар жайлы кітап.

- Екі кітаптың біреуін біз дүкеннен кәдімгідей сатып алғанбыз. Бұл кітап 1986 жылы шыққан. Барлық филиалдарымызда бар. Ал біреуін оқырманымыз сыйға тартқан. Ғайса туралы кітапты. Ол жалғыз кітап. Бізде тұрғанмен, біз оның тыйым салынған кітап екенін білген жоқпыз, - дейді Сәуле Ырымтайқызы.
Бізде тұрғанмен, біз оның тыйым салынған кітап екенін білген жоқпыз

Ол бұл кітаптардың нақты атауы мен авторларын есіне түсіре алмады. Оның айтуынша, мұндай тексеру өткен жылы жазда да болыпты.

Ал Астанадағы академиялық ұлттық кітапханаға хабарласқанымызда, кітапхана директоры Жанна Жәкебайқызы тексеру болмағанын айтты.

- Біз - республикалық кітапханамыз. Мүмкін, сараптаманы қаланың ішіндегі кітапханалардың ішінде ғана өткізген шығар. Бізде діни әдебиеттер бар. Бірақ біз кітапханаға қандай да бір кітаптарды алған кезде мұқият саралаймыз, - деді ол.

Бұл туралы Астанадағы Еврей қауымдастығына хабарласқанымызда, раввин Шмоэль тексерістің басқа түрі болғанын, кітапханаларын тексермегенін айтты.

«ЗИЯНДЫ ДІНИ ӘДЕБИЕТТІ КІМ АНЫҚТАЙДЫ?»

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда арнайы сот шешімімен тыйым салынған діни әдебиеттердің ерекше тізімі бар, ол бұдан бірнеше жыл бұрын жарияланған. Бірақ біз ол тізімді таба алмадық.

Өткен жылы дін туралы жаңа заң талқыланып жатқан кезде дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп «Қазақстанға келетін діни әдебиеттердің барлығы діни сараптамадан өтіп, тыйым салынған әдебиеттер агенттіктің сайтында жарияланады» деген еді.

Алайда дін істері агенттігінің сайтындағы «Тыйым салынған діни әдебиеттер» бөлімі бос тұр.

Құқық қорғаушы Нинель Фокинаның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын тыйым салынған діни әдебиеттердің тізімі жарияланған кезде қоғамда үлкен дау өрістеген. Оның сөзіне қарағанда, содан бері де ештеңе өзгермей тұр.
Мейлі ол Құран, мейлі Інжіл болсын діни сараптамадан өтеді... Не деген жабайылық.

- Тыйым салынған әдебиеттер қандай критерийлер бойынша анықталады? Конституция бойынша цензураға тыйым салынған ғой. Оның зиянды, зиянды еместігін кім анықтайды? Осы сияқты көп сұрақтар қоғамда қозғалған, - дейді Нинель Фокина.

Оның айтуынша, қазіргі кезде тыйым салынған әдебиеттерді анықтау жүйесінде бұлыңғыр тұстар өте көп.

- Енді жаңа заң бойынша Қазақстанға әкелінетін, кітапхана қорына өтетін діни мазмұндағы кез-келген кітап (мейлі, ол Құран, мейлі Інжіл болсын) діни сараптамадан өтеді. Бұған қоса олардың нотариальды тұрғыда бекітілген, қазақ немесе орыс тіліне аударылған аударма нұсқасы болуы керек. Не деген жабайылық. Бұл кітаптар жарамды ма, жарамсыз ба - соны кім тексереді? - дейді Нинель Фокина.

Бұған дейін Елена есімді Екібастұз тұрғыны Ресейдегі құрбысына поштамен Інжіл жібере алмағанын дін істері агенттігінің блогында жазып, шағымданған еді.

Өткен жылы қазан айында қабылданған дін туралы жаңа заңның 9-бабын алға тартқан агенттік «Қазақстан азаматтарының діни әдебиеттерді алып, пайдалануға құқығы бар болғанмен оны тек ерекше ғимараттарда ғана, сонымен бірге облыстық стационарлық орындарда тарата алатынын» ескерткен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG