Accessibility links

Діни азшылық өкілдерін жазалау күшейе ме?


Қазақстандағы христиандық діни азшылық өкілі Бақытжан Қашқымбаевтың қамаудан босаған сәті. Астана, 8 қазан 2013 жыл. Көрнекі сурет

Қазақстандағы христиандық діни азшылық өкілі Бақытжан Қашқымбаевтың қамаудан босаған сәті. Астана, 8 қазан 2013 жыл. Көрнекі сурет

Қазақстанда баптист шіркеуінің өкілі қамалып, «Иегова куәгерлеріне» айыппұл салынды. Құқық қорғаушылар жаңа қылмыстық кодекс бекітілсе, діни еркіндік бұдан да тарылып кете ме деп алаңдайды.

Мамыр айының соңында Семейде баптист шіркеуінің өкілі Виктор Кандыба 10 күнге қамалды. Туыстарының айтуынша, құқық қорғау органдары оны «2013 жылы салынған айыппұлды төлемегені үшін» (әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 524-бабы) әкімшілік жазаға тартқан.

Виктор Кандыбаның әйелі (аты-жөнін жарияламауды өтінді – ред.) 2013 жылы жергілікті құқық қорғау органдары күйеуін «мемлекет рұқсат етпеген жерде құлшылық жасады» деген желеумен әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 374-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеген.

«Ол тағылған айыппен келіспейді, сондықтан айыппұл төлемеді. Сол үшін 10 күнге қамап тастады» деді Азаттыққа Кандыбаның әйелі.

«ТІРКЕЛМЕГЕН ШІРКЕУ, РҰҚСАТСЫЗ УАҒЫЗ»

Бұл оқиғаны Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі Шолпан Серікқызы да растады. Оның айтуынша, Кандыбаға былтыр 173 100 теңге көлемінде айыппұл салынған. Кандыба «сот қаулысын орындаудан бас тартқан соң» қамалған.

«[Виктор Кандыба] елде тіркелмеген шіркеуге жетекшілік етеді. Елдегі кез-келген ұйым тіркеуден өтуі керек қой» дейді ол.

Діни қуғын көрген ұйымдар мен тұлғаларды қорғаумен айналысатын халықаралық Forum 18 ұйымының мәліметінше, сот шешімінде Виктор Кандыбаның айыппұлды төлеуден алдын-ала бас тартуы және кінәсін мойындамауы «қоғамға қауіпті» болғаны үшін ең үлкен жаза берілгені туралы жазылған. Қыркүйек айында Кандыба бұл сот шешімін апелляцияға бергенмен, шағымы қанағаттандырылмаған.
Иегова куәгерлері құлшылық етіп тұр. Көрнекі сурет

Иегова куәгерлері құлшылық етіп тұр. Көрнекі сурет


Бұл Қазақстандағы баптист шіркеуі өкілдерінің алғашқы рет жазалануы емес. 2014 жылдың қаңтар айында ғана дәл осындай себеппен қатарынан бірнеше адам, оның ішінде Виктор Кандыбаның ұлы, баптист шіркеуінің өкілдері Максим Кандыба және Павел Леонов қамауға алынған. Forum 18-дің жазуынша, соңғы уақытта баптистік шіркеумен қатар Қазақстандағы «Иегово куәгерлері» де осындай қысымнан көз ашпай келеді.

Сәуір айында Тараз қаласында «Иегово куәгерінің» екі өкіліне көшеде тұрғындармен өз ілімдері жайлы сөйлескені үшін орташа екі айлық жалақы көлемінде айыппұл салынған.

Жамбыл облыстық полициясының экстремизммен күрес бөлімінің бастығы Науатбек Қалымбетовтың айтуынша, олар «тіркелмей немесе қайта тіркеуден өтпей миссионерлік әрекет жасағаны үшін» (әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 3-ші бабы) жазаланған.

«БІР ЖЫЛДА 148 СОТ ШЕШІМІ»

Forum 18 ұйымының мәліметінше, 2013 жылы айыппұл төлеу бойынша 121 діни ұйым өкіліне қатысты кемінде 148 сот шешімі шыққан. Бұл азаматтар мемлекеттің рұқсатынсыз діни рәсімдер орындап, «заңсыз миссионерлік әрекетпен айналысты» деп айыпталған. Ұйымның жазуынша, діни сенім бостандығын сақтау туралы Қазақстан конституциясында жазылғанымен және Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеті болғанымен іс жүзінде елдегі діни ұйымдар түрлі қысымға ұшырап отыр.

Жергілікті құқық қорғаушы Евгений Жовтис мұндай қысымның күшейгеніне назар аударады. Оның пайымдауынша, 2011 жылы дін туралы заң қабылданған соң елдегі дін еркіндігі күрт тарылып, әсіресе шағын діни ұйымдардың жұмыс істеуі қиындаған.
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы


«Өкінішке қарай, жаңа қылмыстық кодекс пен әкімшілік кодекс қабылданған соң жағдай онан сайын ушықпақшы. Бұл заң жобаларында «діни ұйымдар туралы заңды бұзуға» қатысты, оның ішінде діни қажеттіліктерді тіркеусіз және рұқсат етілмеген жерде өтеуге қатысты шектеулер одан сайын күшейген. Сондықтан жағдай маған ушығып бара жатқандай көрініп тұр» дейді ол.

Қазақстан парламентінің сенаты мамырдың 30-ы күні бекіткен жаңа қылмыстық кодекске сәйкес, енді тіркелмеген діни ұйымға жетекшілік жасады деп әкімшілік жазаға тартылған Виктор Кандыбаның әрекеті қылмыс (қылмыстық кодекстің 403-бабы – «тіркелмеген немесе тыйым салынған қоғамдық немесе діни ұйымға жетекшілік ету, қаржыландыру, мүшесі болу») болып саналады. Бұл бап бойынша 60 күн қамау жазасы қарастырылған.

Жаңа әкімшілік кодекске сәйкес, жоғарыда айтылған «Иегово куәгерлері» сияқты рұқсатсыз «миссионерлікпен айналысқан» азаматтарды елден депортациялау жазасы қарастырылған. Ал тіркелмеген діни ұйымның жиынына қатысқан адам 45 күнге қамалуы мүмкін. Аталған кодекстерді парламенттің екі палатасы да мақұлдаған соң Қазақстан президенті бекітуі тиіс.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG