Accessibility links

Оралмандарды бөлек қоныстандыруға қарсылық туды


Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл. Көрнекі сурет
Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл. Көрнекі сурет
Маусымның 21-інде Астанада Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия азаматтығы жоқ адамдар, босқындар және оралмандардың жағдайы туралы есебін жариялады. Комиссия өкілдерінің айтуынша, мұндай көлемдегі баяндама «тұңғыш рет әзірленіп отыр».

«20 ЖЫЛДА 800 МЫҢ ОРАЛМАН КӨШІП КЕЛГЕН»

«Азаматтығы жоқ адамдар, босқындар және оралмандардың ахуалы жайлы» деген баяндамадағы мәліметтерге қарағанда, 1991 жылдан 2011 жылдың қазан айына дейін Қазақстанға 800 мың оралман келген. Олардың 60.5 пайызы – Өзбекстаннан, 12.4 пайызы – Қытайдан, 10.4 пайызы – Моңғолиядан, 7.8 пайызы – Түркіменстаннан, 5.3 пайызы – Ресейден, қалғаны – өзге елдерден көшіп келген азаматтар.

Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, оралмандардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан (21.4 пайыз), Алматы (15.2 пайыз) және Маңғыстау облыстарына (12.5 пайыз) шоғырланған.
Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.
Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.

Баяндамадағы мәлімет бойынша, Қазақстанға көшіп келген қазақтардың 65 пайызында – жалпы орта білімі, 20.5 пайызында – орташа кәсіптік білімі, 9.2 пайызында – жоғары білім бар. Оралмандардың 1.4 пайызы орта мектепті аяқтамаған, ал 3.9 пайызы мүлдем білім алмаған.

Қазақстанға көшіп келген оралмандардың 54.1 пайызы – еңбекке жарамды азаматтар, 41.2 пайызы – балалар, 4.7 пайызы – зейнеткерлер.


«РЕЗЕРВАЦИЯ» ЖӘНЕ «ҚОЛАЙЛЫРАҚ ЖАҒДАЙ»

Баяндамада «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында «тек қана оралмандар тұратын елді мекендер салу – зиян» екені де айтылды. Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның өкілі Еңлік Нұрғалиева мұндай елді мекендерді резервацияға теңейді. Оның ойынша, «әртүрлі елден көшіп келген оралмандар Қазақстан қоғамына бейімделе алмай, бөлініп, алшақ қалады».

– Мемлекеттің оларға (оралмандарға – ред.) тұтастай ауыл салып беріп жатқанын өз көзіммен көрдім. Бір тектес үйлер. Бұған қараудың өзі қорқынышты. Құдды резервация тәрізді, – деді Еңлік Нұрғалиева Азаттық тілшісіне.
Оралман Дархан Бадауұлының көпбалалы отбасы. Жеке мұрағаттағы сурет.
Оралман Дархан Бадауұлының көпбалалы отбасы. Жеке мұрағаттағы сурет.

Комиссия өкілдері «мұның орнына керісінше халық бұрыннан тұрып келе жатқан елді мекендердегі бос, иесіз, пайдаланылмай жатқан баспаналарды қалпына келтіріп, я сатып алуға барынша күш салу керек» екенін айтты.

Жиында «Нұрлы көш» бағдарламасын, оралмандарды бейімдеу орталығының жұмыстарын жетілдіру мәселесі де сөз болды.

«Баяндаманы әзірлеуге үлес қосқан» сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында «мемлекет бірте-бірте оралмандарға неғұрлым қолайлырақ жағдай жасап келе жатқанын» айтып, мысал ретінде азаматтық алу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 2011 жылдың шілде айында қабылданып, тамыз айында күшіне енген «Көші-қон туралы» жаңа заң оралмандардың азаматтық алу мәселесін бұрынғыға қарағанда оңайландырған.

«САН МЫҢДАҒАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗ АЗАМАТТЫҚ АЛА АЛМАЙ ҚАЛДЫ»

Оралмандардың құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйым өкілінің (аты-жөнін жасырды) айтуынша, 1990 жылдары қабылданған «Көші-қон туралы заңға» қарағанда 2011 жылы тамыз айында күшіне енген «Көші-қон туралы» жаңа заңның жақсы жақтары бар.

Оның ойынша, «оралмандардың мәртебесі, куәлік беру, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін аты-жөндерін, бұрынғы тектеріне өзгерту жағы заңда дұрыс қарастырылған», бірақ жаңа заң «шетел азаматтығынан шықпай-ақ Қазақстан азаматтығына құжат тапсырғысы келетін этникалық қазақтардың мәселесін қиындатып жіберген».

– Бұл жеңілдік алынып тасталғандықтан көптеген қандастарымыз былтырғы жылдың сегізінші (тамыз – ред.) айынан бастап [биылғы] маусым айының басына дейін азаматтыққа құжат тапсыра алмады. Бұл аз уақыт болғанмен сан мыңдаған қандастарымыздың азаматтық алу мерзімін шектеді, – деді үкіметтік емес ұйым өкілі.
Абдуали Ахмет. Ауғанстаннан келген оралман. Қаскелең, 30 мамыр 2011.
Абдуали Ахмет. Ауғанстаннан келген оралман. Қаскелең, 30 мамыр 2011.

Ол «қазір құжат тапсырғаннан кейін үш ай мерзім ішінде азаматтық шығып қояды деп жатқанын, бірақ ол қазір ғана басталғандықтан нәтижесін уақыт көрсететінін» айтты.

Оралмандардың құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйым өкілі құжат дайындаудағы қиындықтар қатарына бұрынғы тұрған жерінен қылмысты болмағаны туралы анықтама әкелу туралы талапты да қосты.

– Ол анықтаманы алып келу үшін қайтадан, мысалы, Қытай еліне барып, тіркеуде тұрған жердегі милициядан қағаз алып, оны нотариустан өткізіп, қайтып келіп, мұндағы Қытай елшілігінен растатып барып тапсырады. Мұның барлығы – қыруар уақыт, қандастарымызға экономикалық қаржы жағынан шығын, – деді ол.

Үкіметтік емес ұйым өкілінің айтуынша, «бұрындары елде оқып жатқан оралман жастардың университетке тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алуына мүмкіндігі болған – ал қазір бұл мүмкіндік алынып тасталған».

– Қандастарымыздың көбісі – оқып жатқан студенттер. «Олар білім алуға келді» дегенмен, барлығы – тек білім алу үшін ғана емес, осы жерге «тарихи отаным» деп, осы жерде қалу үшін келгендер. Ал біз оларға білім алып жатқан шетелдік студенттер ретінде қараймыз. Олардың университетте тұрып, азаматтық алуына мүмкіндік болмай жатыр. Төрт-бес жыл оқытып алғаннан кейін барып қайтадан бұрынғы еліне шығып кетіп, жеке сапар визасымен келіп, азаматтық алып жатыр. Мұндай мәселелер бұрындары басқа жолмен шешімін тапқан, – дейді үкіметтік емес ұйым өкілі.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG