Accessibility links

«Жақсы» деген заңның осал тұсы да сыналды


Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. (Көрнекі сурет)

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. (Көрнекі сурет)

Биыл толықтырылып, күшіне енген көші-қонға қатысты заңның осал тұстары айтылса да, ресми орындар оны тек «жақсы» жағынан көрсетуге тырысады.

Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қон және жұмыспен қамтамасыз қамтылуы мәселері бойынша толықтырулар енгізу туралы заңға ресми орындар түсінік берді. Бұл толықтырулар желтоқсан айының басында күшіне енген болатын. Шеттен көшіп келген этникалық қазақтар оның осал тұсына назар аудартуға тырысты.

АЗАМАТТЫҚҚА ӨТІНІШ

Алматы қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Жандос Тұрысбеков сырттан келіп, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында оқитын этникалық қазақ студенттері жайлы «ендігіде жастар арнайы көшіп келмей-ақ, студент болып жүріп азаматтық алуға болады» дейді.

Дүние жүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың айтуынша, студенттер екінші-үшінші курстан бастап Қазақстан азаматтығын алуға өтініш бере алады. Бұрын Қазақстанда оқыған этникалық қазақ студенттері шетелдік студент саналып келген еді. Мамашев айтқандай мүмкіндік ілгеріде оларға берілмеген болатын.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшысының айтуынша, болашақта сырттан келетін қазақ жастары тек солтүстік облыстарға ғана жіберілуі мүмкін. Осыған қатысты жиында отырғандардың бірі сұрақ қойған кезде, Талғат Мамашев мәселені былай түсіндіруге тырысты.

- Солтүстікке қарай бұрамыз дедік пе, бұрамыз! Үкіметтің саясаты сондай, - деді қауымдастық басшысы.

Қазақстанның 15 жоғары оқу орыны дайындық курсына студент қабылдайтынын айтқан Талғат Мамашев:

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

- Дайындық курсынан кейін оқуға түсе алмай қалған балаларды кәсіби-техникалық колледждерге түсіру жағын да қарастырып жатырмыз, - деп сөзін түйіндеді.

Этникалық қазақтарға қызметтік және жеке тұрғын үй болмаған жағдайда бір жылға дейін оралмандарды бейімдеу орталығында уақытша тіркеу көзделген. Алайда оралман куәлігі бір жылға дейін ғана жарамды. Оралман куәлігін алған кезде жеке сәйкестендіру коды қоса берілмек. Бір жылдан кейін сырттан көшіп келген қазақтардың оралман мәртебесі алынып тасталмақ . Яғни өтініш бергеннен кейін үш айдан бір жылға дейін Қазақстан азаматтығын ала алады.

Сонымен қатар өңірде бес жыл тұрғаннан кейін тұрғын үйді жекешелендіріп беру мәселесінің де қарастылып жатқандығын тізіп шыққан көші-қон комитеті (Бұл комитет денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарайды – Азаттық) көші-қонды реттеу басқармасының бастығы Марат Тоқсанбаев «жаңа заңнның жақсы жақтарының көп екенін» айтуға тырысты.

СОВЕТТЕН ҚАЛҒАН «СОТТЫЛЫҚ» ДАУЫ

Бірақ Қытайдан «көшіп келушінің соттылығы туралы анықтаманың күшінде қалғаны» жиынға қатысушылардың наразылығына себеп болды.

- Қытай бұрын "соттылығы жоқ" деген анықтаманы беріп тұратын. Осы жылғы тамыздың 25-інен бастап он сегіз түрлі анықтаманың жеке адамдардың қолына берілмейтіндігі туралы қаулы шықты. Солардың арасында осы "соттылық" туралы анықтама да бар. Егер қажет болса, сол мекеме өзі сұратып алсын деп отыр Қытай үкіметі. Біз осыған байланысты Қытайдан көшіп келгендерге қатысты анықтаманы ішкі істер министрлігі өзі сұратса деген ұсыныс айтып отырмыз. Өйтпесе, Қытай қазақтарына азаматтық алуға еш мүмкіндік жоқ, - дейді «Жебеу» қоғамдық қорының басшысы Рахым Айып Азаттыққа.

"Жебеу" қоғамдық қорының басшысы Рахым Айыпұлы

"Жебеу" қоғамдық қорының басшысы Рахым Айыпұлы

Оның айтуынша, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтығы да жоқ, визасының уақыты да бітіп кеткен жүздеген отбасылар да бар. Рахым Айыпұлы осыларды депортация жасамай, «әкімшілік жауапкершіліктен бір рет босата отырып, қайтадан тіркеуге алса» деген ұсыныс білдірді.

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығында өткен жиында Қазақстанның Қытайдағы консулдігіндегі виза беру мәселесінің қиындығы, шетел қазақтарын дүние мүлкімен қоса көшіріп әкелу, сырттағы қандастарын тартуда Қазақстанның «Ресейден үлгі алуы» туралы да айтылды. Осы жиынға келген сыртқы істер министрлігінің, ішкі істер министрлігінің өкілдері көтерілген мәселердің тек министрлік деңгейінде ғана шешілетіндігін, сондықтан арнайы хат жазып ұсыныс жіберу керек екендігін айтумен ғана шектелді.

Ресми статистика бойынша 1991 жылдан 2015 жылдың 1-қаңтарына дейін сырттан 259 159 отбасы немесе 952 882 этникалық қазақ қоныс аударған. Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қон және жұмыспен қамтамасыз қамтылуы мәселері бойынша толықтырулар енгізу туралы заңына биыл қарашада ел президенті қол қойып, бұл өзгертулер желтоқсанның басында күшіне енген болатын.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG