Accessibility links

"Білік" пен "білімді" шатастырған комитет төрағасына оралмандар өкпелі


Астананың жанындағы Қоянды ауылындағы оралмандар баспанасының ішкі көрінісі. 2008 жыл.
Астананың жанындағы Қоянды ауылындағы оралмандар баспанасының ішкі көрінісі. 2008 жыл.

Сейсенбі күні Астанада оралмандардың бір тобы Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевті ел ішіне іріткі салып отыр деп айыптап, намысқа тиген шенеунікке шара қолдануды талап етті. Ал комитет төрағасы бұны «тырнақ астынан кір іздеу» байбаламы деп бағалайды.


ОРАЛМАНДАРДЫҢ ШАМЫНА ТИЮ

Сәуірдің 15-і күні Қазақстан парламентінде «Көші-қон туралы» заңды талқылау барысында Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев «Моңғолиядан келетін қазақтардың 98 пайызы сауатсыз, білімсіз» деген сөзді айтып қалған.

«Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Бейілханның айтуынша, комитет басшысының бұндай пікір айтуына негіз жоқ.

- Егер олар сауатсыз болса бүгінде Баян-Өлгей мектептерінің көптеген оқушылары халықаралық олимпиадалардан қалай жүлдемен оралып жүр? Мыңдаған ғалымдар қайдан шықты? Кезінде Бай-Өлкеден қанат қағып, Мәскеуде ғылым докторы атағын қорғаған қайраткерлер білімсіздіктен шықты ма? Моңғолия парламенті төрағасының орынбасары, премьер-министрдің орынбасары қазақ қайдан пайда болды? Жиырма шақты қазақ министр мен жүзге жуық парламент депутаттарын қалай білімсіз деуге болады? – дейді Ербол Бейілхан Азаттыққа берген сұхбатында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитеті төрағасының сауатсыз бір ауыз сөзі Моңғолиядағы қазақтардың ғана емес, жалпы қазақ қоғамының ренішін туғызып отыр дейді сұхбаттасымыз.

- Осыған байланысты атамекеніміздегі, сонымен бірге кейбір шет елдердегі қазақ қоғамдары тарапынан наразылықтар күшеюде. Қазірдің өзінде Қазақстанның көші-қон саясатымен, оралмандар мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға елдің түкпір-түкпірінен, Моңғолияның әр өңірінен қалалық, электронды поштамен және факспен 5 мыңнан астам адамның наразылық хаттары келіп түсті. Сондай-ақ бізге жеткен деректер бойынша, Моңғолиядағы қазақ диаспорасының белсенді өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар Ұланбатырдағы Қазақстан елшілігіне қарсылық хаттарын жолдауда, - дейді «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Осылардың бәрін алға тарта келе, оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық бөлімі, «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі мен «Отандас жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықовадан «көш саласында игілікті іс атқарудың орнына, қоғамда шиеленіс туғызушы» Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевке шара қолдануын талап етіп отыр екен. Астанадағы баспасөз-мәслихатында журналистерге жария болған жайттар осындай.

«БАСҚА ПӘЛЕ- ТІЛДЕН»

Азаттық радиосының тілшілері Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевке хабарласқан болатын, шенеунік депутаттар сұрағына жауап беру барысында өз ойымды мүмкін қате жеткізген болармын дейді.

- Мен «сауатсыз» деген сөздің орнына біліктілігі жоқ деп айтайын дегенмін. Олардың мамандыққа сәйкес емес екендіктерін айтайын дегенмін. Парламенттегі отырыс барысында депутаттар Көкшетау өңіріне келіп жатқан оралмандардың, олардың ішінде Маңғолиядан келіп жатқандардың «Нұрлы көш» бағдарламасына неліктен ілікпей жатқандығын сұрады. Көкшетауда «Нұрлы көш» бағдаралмасы аясында салынған үйлерге 600 адамды қоныстандырдық, алайда бүгінге дейін тұрғын үй комиссиясы оларды комиссиядан өткізбей отыр, банктте олармен келісімге келе алмауда. Себеп – олардың баспана үшін несие төлеп тұруға шамаларының жетпеуі. Жұмыспен қамту мақсатында көшіп келгендердің 98 пайызының мамандығы жоқ екендігі анықталды. Орта білімдері бар, хат таниды, бірақ біліктілігі жоқ, - дейді Қабылсаят Әбішев.

Жыл сайын Қазақстанға көшіп келемін деуші азаматтарға 20 мың квота беріледі. Оның ішінде 1мың квота 2008 жылы бекітілген «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында.

Комитет төрағасының айтуынша, «Нұрлы көшпен» келгендерге баспана беріледі, олар ай сайын сол үшін 30 мың теңге көлемінде несие төлеп тұруы қажет. Тиісінше олар келе салғанда жұмысқа тұрып, тиісті жалақылары болуы керек. Ал қалған 19 мың квотамен келушілерге әр отбасы мүшелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік қаржы бөлінеді.

- Мен бұл жағдайды «тырнақ астынан кір іздеу» деп ойлаймын. Мұның артында біреулер де тұруы мүмкін. Мен көші-қон комитетіне келгелі бері сыбайласқан жемқорлықпен күресудемін, көші-қон заңдарын жетілдіруде көптеген жұмыс жасап жатырмыз, квотамен келіп ақшаны ұрлайтындар да бар, осының барлығымен күресіп жатқаным біреулерге ұнамай қалуы мүмкін. Менің ешқандай кінәм жоқ! Бір сөйлемде ағаттық кетіп «сауатсыз» деп айтыпын, «басқа пәле- тілден» дейді, бірақ ол осыншама шу көтеретіндей мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, - деді Қабылсаят Әбішев.

"АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН..."

Сәуірдің 15-і күні болған парламент отырысында Көші-қон комитеті төрағасының сөзін естігендердің арасында депутат Нұрлан Өнербаев та болған екен. Радиомызға түсініктеме берген депутат «Әбішевтің мүлт кетуі бір бұл емес екенін де айтып қалды. Қабылсаят Әбішев өткен жылы «Моңғолиядан қазақтарды көшіріп алуды тоқтату керек» деп айтып қалып, ақыры ақпарат құралдары арқылы халықтан кешірім сұрап құтылған дейді депутат.

- Көші –қон комитетінің міндеті отанына қайтып оралғысы келген қандас бауырларымызға жағдай жасау. Егер сауаты сәйкес келмей жатса соны сәйкестендіру, еліміздегі қандай сала болсын соның барғына дерлік бейімдеу, Ал онда отырып алып «сенің сауатың жоқ, немесе білімің бізге сәйкес келмейді», деген уәжді айту «сіздің бізге керегіңіз жоқ» дегенмен бірдей. Ондайды айту үшін он рет ойлану қажет, - дейді Нұрлан Өнербаев.

Қазақстанда 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданған болатын. Соңғы 13 жылда оған 3 рет қосымшалар мен түзетулер енгізілді. Соған қарамастан «Көші-қон туралы» жаңа заң жобасы қажет дейді мамандар.

2005-2008 жылдар аралығында әр жыл сайын 15 мың отбасын Қазақстанға көшіріп алуға квота бөлінсе, 2009 жылдан бастап ол 20 мың отбасына ұлғайтылды. Қазір Қазақстанға келген орламандардың жалпы саны 1 миллионға жуықтаған. Қабылсаят Әбішев Көші-қон комитетін соңғы екі жылға жуық уақытан бері басқарып келеді.
XS
SM
MD
LG