Accessibility links

Freedom House есебі: Қазақстан – "еркін емес" мемлекет


Жер реформасына қатысты митинг өтеді деген күні азаматтарды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.
Жер реформасына қатысты митинг өтеді деген күні азаматтарды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Freedom House халықаралық құқық қорғаушы ұйымы «Әлемдегі еркіндік-2017» есебін жариялады. Қазақстан бұл құжатта «еркін емес» мемлекет ретінде аталады.

Freedom House еркіндік туралы есебін жасағанда 195 мемлекеттегі саяси құқықтар мен азаматтық бостандық жағдайына, сөз және интернет еркіндігі ахуалына назар аударған. Сөйтіп, 195 елді «еркін», «жартылай еркін» және «еркін емес» деп жіктеген.

Ұйым негізгі өлшем ретінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын алғанын хабарлайды.

ПОСТ-СОВЕТТІК ЕЛДЕР АХУАЛЫ

Қазақстан орналасқан аймақты Freedom House «Еуразия» деп жалпы атаған. Бұл топтағы елдерді ұйым «Еуропаға бет бұрған» және «қатаң авторитарлық» деп екіге бөледі. Freedom House 2016 жылы Украина, Грузия, Молдованың демократиялық қадамдар жасауға талпынғанын атап өткен. Алайда есепте Қазақстан туралы арнайы қорытындылар жоқ. Қазақстан тек еркіндік көрсеткіштері жазылған тізімде ғана аталады.

Ұйым есебінде мұнайдың ұзақ уақытқа және бірден арзандауы Әзербайжан мен Орталық Азия елдеріндегі билікті қатайта түскені айтылған. Әзербайжанда қазіргі президент Ильхам Әлиевтің билігін ұзартатын референдум өткен. Тәжікстанда да референдум ұйымдастырылып, Эмомали Рахмон президенттік сайлауға шексіз мәрте түсе беретін жүйе орнатылды. Freedom House бұл референдумды «Рахмонның баласына ел басқаратын жасқа жетуге мүмкіндік беру үшін жасалған» деп бағалайды. Қырғызстанда да конституциялық референдум өтіп, негізгі заңға премьер-министр өкілеттіліктерін кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Ұйым мұны "2017 жылы биліктегі мерзімі бітетін қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың премьер-министр болуға ұмтылып отырғандығымен" байланыстырады. ​

Атырауда жер митингісін ұйымдастырды деп сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдайтындарын білдірген адамдарды ұстап жатқан полицейлер. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.
Атырауда жер митингісін ұйымдастырды деп сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдайтындарын білдірген адамдарды ұстап жатқан полицейлер. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.

Есепте мемлекеттер «бостандық мәртебесі», «сөз еркіндігі ахуалы», «интернет бостандығы» деген үш көрсеткішпен сарапталған. Қазақстан бұл үш позиция бойынша да «еркін емес» мемлекет деп танылған. «Еркін емес» елдер қатарында Қазақстанмен бірге бұрынғы СССР елдерінен Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Беларусь, Әзербайжан аталады. Бұл елдердің кейбірінің интернет еркіндігі бойынша мәліметтері көрсетілмеген.

Пост-советтік елдер арасында Қырғызстан мен Грузия бостандық, сөз еркіндігі жағынан «жартылай еркін» деп танылса, интернет бостандығы бойынша «еркін емес» елдер қатарына кірген. Армения бостандық пен интернет бойынша «еркін», сөз бостандығы жағынан «еркін емес» деп танылған.

Украина мен Молдова «жартылай еркін» ел мәртебесіне ілінсе, пост-советтік кеңістікте «еркін» деп үш қана мемлекет – Эстония, Литва, Латвия танылған.

Freedom House әлемдік дамудың демократия, адам құқықтары, заң үстемдігі сияқты қағидаларға сүйенетінін, бірақ «еркін емес» елдерде лидерлер жеке мүддесіне бола көпшілік игілігі мен еркіндігін құрбандыққа шалатынын айтады.

ӘЛЕМДЕГІ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ АХУАЛЫ НАШАРЛАҒАН

Ұйым есебіне қарағанда, әлемде 67 елде адам құқықтары мен бостандықтары ахуалы нашарлай түскен. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 36 болған, яғни «нашарлау көрсеткіші өсіп отыр» дейді Freedom House.

Ұйым демократия ахуалының нашарлауына әсер еткен оқиғалар ретінде бірқатар мәселелерге және сыртқы саясатқа қатысты «стандарттан тыс» көзқарастар ұстанатын Дональд Трамптың АҚШ президенті болуын; Ұлыбританияның Еуропа Одағы (ЕО) құрамынан шығуын; ЕО тұтастығының әлсірегенін; Польша, Ресей, Қытай, Иран, Түркия сияқты елдердің демократияға қарсы әрекеттерін атайды.

Ұйым есебінде бұл үрдіске үлес қосушы ел ретінде әуелі Ресей аталған. Freedom House бұл елдің АҚШ сайлауына теріс ықпал еткенін, Сириядағы Башар Асад диктатурасын қолдайтынын, «Украина аумағын заңсыз басып алғанын», адам құқықтарын шектейтін түрлі заңдар қабылдағанын айтады. Ұйым Қытайдың да әлемдік тәртіпті Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеттері арқылы һәм адам құқықтарын шектеумен бұзып отырғанын ескерткен. Мұнан соң миллиондаған адамның босқынға айналуына, жүздеген мың адамның өліміне әкелген Сирия соғысындағы Асад әрекеттері мен Иранның оны қолдауы айтылады. Freedom House есебінде демократиялық ахуалы нашарлаған елдер қатарында Түркия аталып, президент Ердоғанның авторитарлық саясаты баяндалған. Құжатта бұлардан басқа елдердегі еркіндік мәселелері де талқыланған.

Freedom House ұйымының "Әлемдегі еркіндік - 2017" есебіндегі кестенің бірі.
Freedom House ұйымының "Әлемдегі еркіндік - 2017" есебіндегі кестенің бірі.

Есептің жалпы қорытындысы бойынша, 195 ел ішінде 87 мемлекет «еркін» деп танылған. Бұл - әлем елдерінің 45 пайызы, яғни 3 миллиардқа жуық адам (Жер шары тұрғындарының 39 пайызы) еркін өмір сүреді. 2015 жылға қарағанда еркін елдердің саны бір мемлекетке көбейген.

«Жартылай еркін» елдердің саны – 59. Бұл әлем мемлекеттерінің 30 пайызы. Яғни 2 миллиардқа жуық адам (Жер шары тұрғындарының 25 пайызы). Мемлекеттер саны өзгермеген.

«Еркін емес» елдің саны – 49. Бұл - әлем мемлекеттерінің 25 пайызы, 2 жарым миллиардтан астам адам (Жер шары тұрғындарының 36 пайызы, оның жартысы Қытайда тұрады). 2015 жылға қарағанда «еркін емес» елдердің саны бір мемлекетке азайған.

Өзбекстан мен Түркіменстан Солтүстік Корея, Сирия және Эритреямен бірге «еркіндігі ең тарылған» 11 елдің қатарына кірген. Ал ең еркін елдер ретінде тізім басында Финляндия, Норвегия, Швеция, Канада және Нидерланд аталады.

XS
SM
MD
LG