Accessibility links

Қидан газ алмақ болған ақтөбелікке қыс қатты тиді


Малдың қиынан биогаз алатын қондырғыны жасап шығарған Дәулетхан Шойтанов. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Шілікті ауылы, 15 ақпан 2014 жыл.
Малдың қиынан биогаз алатын қондырғыны жасап шығарған Дәулетхан Шойтанов. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Шілікті ауылы, 15 ақпан 2014 жыл.

Былтыр күзде ақтөбелік газ тартылмаған ауыл тұрғыны малдың қиынан био-отын өндіріп, үй-жайын жылытпақ болып арнайы құрылғы жасаған. Азаттық тілшісі оның қыстан қалай шыққанын біліп қайтты.

Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданына қарасты Шілікті ауылының тұрғыны Дәулетхан Шойтанов былтыр күзде малдың қиынан биогаз алатын қондырғы жасап, қыс бойы үйін жылытпақ болған еді. Оны мұндай өнертапқыштыққа мәжбүрлеген басты себеп – ауылындағы газ тапшылығы болатын.

Ірі газ кеніштері бола тұра Ақтөбе облысының бірқатар аудандары әлі газдандырылмаған. Өнертапқыш 10 кубтық цистернаны қимен толтырып, биологиялық газ аламын деп үміттенген. Азаттық тілшісі Шіліктіге келіп жеткенде ауласына шығып қарсы алған Дәулетхан қысылыңқырай күлімсіреп амандасты.

«ЕСКІ ЦИСТЕРНА МЕН САРЫ АЯЗ»

«Қыс түсе қи толы ескі цистерна қайта-қайта тесіліп, әбден әбігерге салды. Содан үйреншікті әдетіміз көмір жағуға көштік. Бірақ цистернаны жамап-жасқап, ішінде түзілген биогазды шай қайнатып, ас пісіруге пайдаланып отырмыз. Газ құбыры тартылмаған шалғай елді-мекен үшін оның өзі үлкен олжа» деді ол.

Биыл Ақтөбе облысында қыс ерекше суық болды. Шілікті ауылы тұрғындарының айтуынша, аяз кейбір күндері -38 С градусқа дейін жеткен. Азаттық бұған дейін осы облыстың территориясында қақаған аяз кезінде көліктері бұзылып қалып, жергілікті тұрғындар құтқарып алған түрлі жолаушылар туралы жазған еді.

әулетхан Шойтанов жасаған жылыжайдың сыртқы және ішкі қабатының арасындағы кеңістік.
әулетхан Шойтанов жасаған жылыжайдың сыртқы және ішкі қабатының арасындағы кеңістік.
​Күн сәл суытса, цистернадағы қидың қатып қалатынын алдын ала ойлаған Дәулетхан Шойтанов ауласында шағын жылыжай салып алыпты. Белуарынан жерге көміліп, сырты киізбен қапталған цистерна сол жылыжайдың ішінде тұр. Бірақ биылғы сары аязда цистернадағы қиға жылыжайда қорған бола алмаған сияқты. Соның өзінде цистернада табиғи түрде түзілген газ Дәулетханның үйіндегі ас пісіретін плитаға газ беріп, әрі жылыжайдағы температураны +15 С градус шамасында ұстап тұр.

Жылыжайдың қаңқасы ескі құбырлардан жасалған, қабырғасы бірнеше қабат полиэтиленмен қапталған. Сыртқы қабат пен ішкі қабаттың ортасында жылуды ұстап тұратын жарты метрлік кеңістігі және бар. Шіліктідегі жалғыз жылыжайдың жалпы ұзындығы – 8 метр, ені – 7 метр.

Азаттық тілшісі жылыжайдың еденіне төселген өсімдік тектес қиқымды байқап, Дәулетхан Шойтановтан оның не екенін сұраған еді. Өнертапқыштың айтуынша, еденге төселген материал – шалаң.

«Шалаң – отқа жанбайтын, су тисе шірімейтін, жеңіл, әрі табиғи материал. Біз оны Шіліктіден 150 шақырым жердегі Арал қаласынан алдыртамыз. Теңіз тартылғанда табанында қалған өсімдік біздің ауылда зор сұранысқа ие. Үй салушылар шалаңды шатырына салады. Мен жылуды ұстап тұрсын деп жылыжайыма төсеп тастадым» дейді Дәулетхан.

Өнертапқыштың ендігі ойы – жылыжайдың ішіне сөре орнатып, көкөніс егу.
«Ең алдымен аскөк, пияз секілді майда-шүйде көкөністерді егіп, тәжірбие жинағым келеді. Кейін көкөністің басқа да түрлерін өсірмек ойым бар» дейді ол.

«БАР ҮМІТ – ДӘУЛЕТХАННЫҢ ПАТЕНТІНДЕ»

Былтыр күзде Азаттық сайтында жарияланған репортаждан бері Шіліктіде Дәулетхан сияқты арзан, әрі табиғи жолмен газ алғысы келетін тұрғын көбейіпті.

Шілікті ауылының тұрғыны Құттыбай Ибрагимов. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Шілікті ауылы, 15 ақпан 2014 жыл.
Шілікті ауылының тұрғыны Құттыбай Ибрагимов. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Шілікті ауылы, 15 ақпан 2014 жыл.
Құттыбай Ибрагимов те малдың қиынан биогаз алып, әйелі мен келінін көмір тасып, күл шығару бейнетінен арылтқысы-ақ келеді. Бірақ ол да ауылдасы Дәулетхан Шойтанов секілді жаңа цистерна таппай қиналып отыр. Үйінің іргесіне әкеп қойған цистернасының бір бүйірі тесіліп қалған.

Құттыбай Азаттық тілшісіне тот басып кеткен цистернаны сыртынан қолымен қағып көрсетіп, әр тұсынан әртүрлі дыбыс шығатынына нұсқайды. Металл қабырғаның әбден жұқарып тұрғанын аңғару қиын емес.

«Мынау – баяғы совхоздан қалған мұра. Бірақ мұндай ескі-құсқымен алысқа кетпесіміз аян. Бар үмітіміз – Дәулетханның патентінде. Оған авторлық құқық берілсе, өнертапқыш ретінде мемлекеттен грант алар еді. Сөйтіп, ортақ шаруамызды ілгерілетер едік» дейді Құттыбай Ибрагимов.

Дәулетхан Шойтанов Қазақ ұлттық зияткерлік институтына патентке қажетті құжаттарын өткізіп қойғанын айтады. Өнертапқыш былтыр күзде Астанадан «құжаттарыңыз қабылданды» деген хабар алған.

«Содан бері Астана жақтан хат та, хабар да жоқ. Кейбіреулер «патентті жылдап күтесің» деп қорқытып та қояды. Кім біліпті, менің патентім келгенше Шіліктіге газ құбыры да тартылып қалар» деп үміттенеді Дәулетхан.

Шілікті – Ақтөбе қаласынан 515 шақырым жердегі табиғи газ құбыры тартылмаған ауыл. Әзірше Ақтөбе облысындағы 392 елді мекеннің 85-іне ғана газ құбыры тартылған. 2012 жылы аймақтағы 10 елді-мекенге газ құбырын тарту
Өнертапқыш Дәулетхан Шойтановқа қазақ ұлттық зияткерлік институтынан келген хат.
Өнертапқыш Дәулетхан Шойтановқа қазақ ұлттық зияткерлік институтынан келген хат.
жоспарланған еді. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 3,6 миллиард теңге бөлінген болатын. Алайда газ құбыры тартылатын ауылдардың тізіміне Шілікті ауылы енбеген.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Қорқытұлының сөзіне қарағанда, Шілікті ауылына газ құбырын тарту алдағы 3 жылдың жоспарына енбеген.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының дерегі бойынша Ақтөбе облысында 25 мұнай және газ кеніші бар деп барланған.


Қидан газ алған ақтөбелік
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG