Accessibility links

«Шығыс Қазақстанға көшу» науқаны басталды


Алматыдағы теміржол вокзалы. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы теміржол вокзалы. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік облыстардан еңбекке жарамды азаматтарды көшіп келуге шақырған Шығыс Қазақстан уәдеге де жомарттық танытып жатыр.

Алматылық Жандос Шығыс Қазақстан облысының өзге аймақтардан мамандар шақырғанын естіп, ойланып жүр.

– Шығыс Қазақстанда лайықты айлық беріп, баспана мәселесі де орынды шешілсе, баруға болады. Бірақ менің отбасым бар, сондықтан алды-артымды ойластырып барып шешім қабылдаймын. Біздің мемлекеттік бағдарламаларға сенім аз, сондықтан нақты «көшіп барамын» деп кесіп айта алмаймын, – дейді жоғарғы білімді мұғалім болғанымен алты жылдан бері жұмыссыз жүрген Жандос.

«ЖҰМЫС КҮШІ МОЛ АЙМАҚТАРДАН ШАҚЫРУ»

Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыруды үйлестіру басқармасының өзге өңірлерден жұмыс күшін тарту жайлы бағдарламасы өткен аптада жария болған еді. 2015-2017 жылға арналған жұмыспен қамтудың электронды картасын жасаған бұл өңір «жұмыс күші мол аймақтардан (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан) еңбекке жарамды азаматтарды» шақырған.

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының №9 толық емес орта мектебінің директоры Есімхан Қанапияновтың айтуынша, ол өңір Жандос сияқты мұғалімдерге де мұқтаж.

– Химия мен физика пәндерінің мұғалімдері және психолог қажет. Жұмыспен біз қамтамасыз етеміз, баспана мәселесін әкімдіктегілер шешіп береді. Мұғалімнің айлығы білім деңгейі мен стажына байланысты болады. Мәселен, оқуды жаңа бітіріп, жұмысқа енді келсе, айлығы 40-50 мың теңге шамасында, ал біраз стажы болса 70-80 мың теңгеге дейін барады, – дейді директор.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев «Шығыс Қазақстанға қоныс аударушылар уәде етілген жеңілдіктерге – жақсы айлыққа, пәтерге, жерге, жайылым мен шабындыққа шынымен ие болса, бұл бастама – құптарлық іс» екенін айтады.

– Шығыс Қазақстанның ауылдарындағы тұрғындар жұмыс іздеп Алматыға ағылып келіп жатқан тұста дәл осы мәселені шешуді қолға алғандары қызық, – дейді ол.

Қазбек Бейсебаев Шығыс Қазақстанға неліктен Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан ғана мамандар шақырып жатқанын түсінбейтінін айтады.

– Қазақстанда жұмыс күші тым артық аймақтар аз емес. Мәселен, елдің батысындағы 150 мың тұрғынының 10 мыңы мұнай саласында істейтін Жаңаөзеннен де адам алуға болады, – дейді Қазбек Бейсебаев.

«ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН – ЖҰМЫС КҮШІНЕ ТАПШЫ ОБЛЫС»

Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыруды үйлестіру басқармасының бастығы Айжан Садықованың айтуынша, Шығыс Қазақстанға тек бірнеше облыстан ғана мамандар шақыртудың өзіндік себебі бар.

– Биылғы үкімет қаулысымен «жұмыс күшіне тапшы» және «жұмыс күші артық» облыстар бекітілген. Оның алғашқысына бізбен бірге Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары енгізілген. Қостанай мен Ақмолаға еліміздің батыс өңірі жақын, ал бізге оңтүстік жақындау болғандықтан, сол аймақтан шақырып жатырмыз, – деді Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыруды үйлестіру басқармасының өкілі.

Айжан Садықованың сөзінше, Шығыс Қазақстанға басқа аймақтардан келген мамандарды қоныстандыру мәселесі үш жылдан бері жүріп жатыр.

Азаматтардың Шығыс Қазақстан облысына көшуінің электронды картасы. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған интерактивті картадан скриншот.

Азаматтардың Шығыс Қазақстан облысына көшуінің электронды картасы. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған интерактивті картадан скриншот.

– Қазірге дейін оңтүстік аймақтардан Ұлан ауданына 24 отбасы, Тарбағатай ауданына 50 шақты отбасы көшіп келді. Басқа өңірден адамдарды Шығыс Қазақстандағы кез келген жерге емес, бағдарламада белгіленген 15 аудандағы 54 ауылдық округтарға көшіреміз. Ол ауылдардағы жұмыс күші тапшылығына халық қалаға көшіп жатқан урбанизацияның да әсері бар. Сонымен қоса, ол округтарда тұрып жатқан адамдар сол кәсіппен айналысқысы келмейтін шығар, – дейді Айжан Садықова.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан әсіресе слесарь, сантехник пен тас қалаушы сияқты кәсіп иелеріне қатты мұқтаж.

Басқарма дерегінше, Шығыс Қазақстандағы жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдарда – 751, ал мемлекеттік мекемелерде 340 жұмыс орыны бос тұр.

Шығыс Қазақстан билігі өзге өңірлерден жұмыс істеу үшін көшіп келген азаматтарға 133 пәтер жалға берілетінін, қозғалмайтын мүлік нарығында 360 жеке тұрғын үй мен 60 пәтер тұрғанын, 4 үйді жергілікті бюджет есебінен сатып әперетінін, 24 үйді жұмыс берушілер ұсынатынын уәде етеді. Оңтүстік облыстардан мамандар шақырған өңір «үй салуға 1 мың 445 сотық, жайылымға – 643,8 мың гектар, егістікке – 13,3 мың гектар, шабындыққа – 208,2 мың гектар жер берілуге дайын тұрғанын» да баса айтады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG