Accessibility links

Тунистен басталған толқу Каддафи мен Қытайға жетті


Ливия басшысы Муаммар Каддафи БҰҰ Бас Ассамблеясында. Нью-Йорк, 23 қыркүйек 2009 жыл.
Ливия басшысы Муаммар Каддафи БҰҰ Бас Ассамблеясында. Нью-Йорк, 23 қыркүйек 2009 жыл.

Тунисті 23 жыл басқарған Зин әл-Әбидин Бен Әлиді елден аластап, Египетті 30 жыл билеген Хосни Мүбәрәкті тақтан тайдырған наразылық шеруі көрші мемлекеттерге де «жұқты».

Араб елдерінің алды 40 жыл, соңы 20 жыл билікте отырған басшыларының ешбірі халық наразылығын бірден мойындай қоймады. Бірі бұл қарсылық шеруі «бөгде күштердің» ісі десе, енді бірі «тәртіпсіздердің» әрекетіне жабады.

«КАДДАФИ ЕНДІ БІЗГЕ БАУЫР ЕМЕС»

Өткен аптаның бейсенбісінде Ливияның шығысындағы Бенгази қаласында басталған толқу жексенбі күні ел астанасы Триполиге жетті.

Ливияны 42 жыл билеп келе жатқан Муаммар Каддафидің қарсыластары мен қауіпсіздік күштері қазір Триполиде қақтығысып қалды. Шерушілер бірнеше әкімшілік ғимаратына – үкімет үйіне, мемлекеттік телекомпанияға өрт қойды.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының айтуынша, Ливияда қақтығыс басталғалы аз дегенде 233 адам мерт болған.

Ливия президентінің ұлы Сейф аль-Ислам дүйсенбіге қараған түні теледидардан сөйлеген сөзінде билік өзін «ақырғы оғы қалғанша қорғайды» деп мәлімдеді. Ол қарсылық танытушылар елді азамат соғысына итермелеп отыр дегенді айтады.

– Ливия Египет емес. Мұнда тайпалар мен топтар жоқ. Бұл партияға бөлінген қоғам емес. Әркім өз міндетін біледі. Тәртіпсіздіктің ақыры 1936
Ливия президентінің ұлы Сейф аль-Ислам Каддафи. 28 маусым 2010 жыл.
жылғыдай азамат соғысына ұласуы мүмкін. Ливии Тунис емес, Египет емес. Ливияда елдің басын қосып отырған мұнай бар, – дейді Муаммар Каддафидің ұлы.

Ол саяси реформа өткізуді ұсынып, полиция мен армияның «қателескенін» мойындады. Бірақ наразылық барысында 200-ден астамның қайтыс болғаны жоққа шығарды.

– 250-дей адам өліп, 180 кісі жараланды дегенді естідім. Бұл енді асыра айтқандық. Әрине, екі жақтан да қателік кеткенін мойындаймыз. Полиция, әсіресе мұндайға дайындығы жоқ армия қателесті. Наразы жұрт та бар. Әскер өзін қорғады, бірақ халықтың да ашуланатын жөні бар, – дейді Ливия президенті Муаммар Каддафидің ұлы Сейф аль-Ислам Каддафи.

«Ертең елді зор қантөгістен сақтап қаламыз. Бұл ең ұлы тарихи күн болады» деген Сейф аль-Ислам Каддафи «қазіргі бірінші биліктің орнына екінші билік келетінін» айтады.

– Алғашқы билікті ұмытыңдар. Келісе отырып жаңа жүйені құрамыз... Не бір-біріңмен қырылысасыңдар. Мұнай мен газды ұмытыңдар, – деді президенттің ұлы.

Сейф аль-Исламның пікірінше, Ливиядағы «тәртіпсіздікті» ұйымдастырған «үш күш» бар, олар – саяси белсенділер («Каддафи олармен болашақ реформаны ақылдасуға дайын»), «араб элементтер» және мұнай алпауыттары.

Ливия басшысы ұлының айтуынша, «араб элементтер» – тура Египеттегідей тәртіпсіздік ұйымдастыру үшін көршілес араб елдерінен келгендер.

Қазір Ливия оппозициясы елдегі екінші ірі қала Бенгазиді өз қолдарына алған.
Триполиде үкіметті жақтаушылар Муаммар Каддафидің суретін ұстап шеру өткізді. Ливия, 17 ақпан 2011 жыл.
Қарапайым халық түгілі армия да Каддафиден сырт айнала бастағандай. Кейбір әскер бөлімдерінің сарбаздары оппозиция жаққа қашып жатыр деген хабар жетті.

Бұған дейін Каддафиді жақтап келген тайпа көсемдері де одан жери бастады. Елдің шығысындағы бір тайпаның көсемі Әл-Зууайа «шерушілерді басып-жаныштаса, билікке мұнай бермей қоямыз» деп қорқытты. Әл-Уарфалла тайпасының көсемі Әкрам әл-Уарфалли «Каддафи енді бізге бауыр емес» деп, оның Ливиядан кетуін талап етті.

Биліктің шерушілерге күш көрсеткеніне наразылық танытқан бірнеше ливиялық саясаткер өз қызметтерінен бас тартты. Ливияның Қытайдағы өкілі Хусейн Садик әл-Мустафи, Үндістандағы елшісі Али әл-Ассауи, Араб елдері лигасындағы елшісі Абдель Монеим аль-Хони отставкаға кетті.

БАХРЕЙН

Бахрейндегі басталғанына бір аптадан асқан наразылық кезінде жеті адам қайтыс болды. Шиит оппозициясының 10 мыңдай жақтасы ел астанасы Манаманың орталық алаңына дүйсенбі күні тағы жиналды. Олардың арасында ереуіл бастағандарын жариялаған мың жарым мұғалім де бар. Оппозиция үкіметтің кетуін, сүнниттік патша әулеті билігінің шектелуін талап етеді. Билік оппозициямен келіссөз өткізуге дайын екендігін білдірді.

ЙЕМЕН

Йеменде де бір аптадан бері ел президентінің қызметтен кетуін талап еткен шеру өтіп жатыр. Наразылық шарасы басталғаннан бері 12 адам көз жұмды. Дүйсенбі, ақпанның 21-і күні үш мыңдай студент ел астанасы Сананың орталығына жиналып, президент Али Абдулла Салехтің қызметтен кетуін талап етті. Ибб және Таиз қалаларында да мыңдаған адам шеруге шықты.

Йеменді 30 жылдан аса билеп келе жатқан Али Абдулла Салех бұған дейінгі сөзінде «2013 жылы өтетін сайлауға қатыспаймын» деп уәде берген еді. Бірақ ол бүгін «сайлауда жеңілсе ғана кететінін» мәлімдеді.

СУДАН

Суданда халық шеруге шығып, мемлекет басшысының қызметтен кетуін, елде реформа жүргізілуін талап етті. Дүйсенбі, ақпанның 21-і күні ел билігі президент Омар Хассан әл-Баширдің алдағы – төрт жылдан кейін өтетін президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді. «Бұл шешім елді демократияландыру туралы реформаларға байланысты қабылданды» дейді билік.

67 жастағы Омар Хассан әл-Башир Суданды 22 жылдан бері билеп отыр. Ол 1989 жылы әскери төңкеріс жасап, соның арқасында ел тізгінін қолына алған. 1993 жылы Суданның президенті болып жарияланып, одан кейін бірнеше рет қайта сайланды.

Омар Хассан әл-Башир – Халықаралық қылмыстық сот тарапынан Дарфурдағы соғыс кезінде қылмыс пен геноцидке кінәлі деп айыпталған жалғыз ұлттық көсем. Президенттің өзі ол айыптарды жоққа шығарады.

МАРОККО МЕН... ҚЫТАЙ

Мароккода жексенбі, ақпанның 20-сы күні өткен ел билігіне қарсы шеруге 3 мыңнан астам адам қатысқан еді. Наразылық танытушылар ел басшысы Мохаммедтен өз өкілетінің біразынан бас тартуын, үкіметті таратуын,
Касабланка қаласындағы наразылық шеруі. Марокко, 20 ақпан 2011 жыл.
коррупцияны жоюын талап еткен. Бүгін Марокконың ішкі істер министрі журналистермен кездесіп, шерушілердің бесеуі көз жұмғанын хабарлады. Министр «тәртіп бұзушылардың» 100-і жараланды, 120 адам тұтқындалды деп мәлімдеді. Ол өртенген бес адамның күлге айналып кеткен сүйектері табылғанын да сол кезде айтты.

Таяу Шығыс пен Африкадағы араб елдері шеруінің әсері, тіпті, Қытайға да тиіп жатыр. Жексенбі күні Пекин мен Шанхайдың орталығына жиналған он шақты адамды полиция ұстап әкетті. Шерушілер халықаралық қытайша сайттарда араб елдеріндегі толқуға байланысты хабарландыру жарияланған соң бас қосыпты.
XS
SM
MD
LG