Accessibility links

Отставкадағы полковниктер тең жалақы талап етеді


Отставкадағы полковник Меңмұханбет Шұшбаев. Алматы, 29 шілде 2014 жыл.

Отставкадағы полковник Меңмұханбет Шұшбаев. Алматы, 29 шілде 2014 жыл.

Алматы қаласы Алмалы аудандық соты әскери кафедрада сабақ беретін отставкадағы екі полковниктің талап-арызын қарай бастады. Олар запастағы офицерлермен бірдей жалақы алғылары келеді.

Отставкадағы полковниктер – 72 жастағы Маман Жақсыгелдинов пен 78 жастағы Меңмұханбет Шұшбаев Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің әскери кафедрасында офицер лауазымында оқытушы болып істейді. Бөгде жұрт әскери шендердің «отставкадағы полковник» не «запастағы полковник» сияқты жіктелуін түсіне бермейді. Талапкер екі полковник «бұлай жіктеудің кесірінен өзімізбен бірдей жұмыс істейтін запастағы полковниктерден екі есе аз жалақы алып отырмыз» дейді.

Бұл проблеманы көтерген екі полковник «жалақымыз тең болуы тиіс деген деректерді таптық» деген уәж айтады. Түрлі мекемелердің жауабына көңілі толмаған әскери оқытушылардың сотқа дейін жеткен дауы Қазақстанның заң практикасында өзгеріс болып енуі де мүмкін.

РЕСМИ ГАЗЕТТЕГІ ҚҰЖАТ

Әскери зейнеткерлердің айтуынша, Қазақстан президентінің бір жыл бұрын шыққан жарлығы мен үкімет қаулысына сәйкес, офицер болып қызмет атқаратын отставкадағы офицерлер қазір әскери қызметтегі офицерлермен бірдей жалақы алуы тиіс.

Қазақстан президентінің «Казахстанская правда» газетінде 2013 жылы 21 маусымда жарияланған жарлығы.

Қазақстан президентінің «Казахстанская правда» газетінде 2013 жылы 21 маусымда жарияланған жарлығы.

«Казахстанская правда» газетінде жарияланған нормативтік құжаттарды көрсеткен екі талапкер «мына нормативті құжаттарда запастағы офицерлер мен отставкадағы офицерлердің арасындағы айырмашылық көрсетілмеген» деген уәж айтады.

Талапкерлердің айтуынша, медициналық жоғары оқу орнының әскери кафедрасында тағы екі әскери зейнеткер жұмыс істейді. Бірақ олар жастары бұл азаматтардан кішірек болғандықтан әзірше запастағы офицер мәртебесімен жүр. Запастағы «жас» полковниктердің айлық жалақысы –200 мың теңгеге жуық. Ал сондай қызметті атқаратын отставкадағы «кәрі» полковниктер бұдан екі есе аз жалақы алады.

Шілденің 29-ы күні Алмалы аудандық сотында басталған сот отырысы жауапкер – жоғары оқу орны өкілі келмегендіктен тез аяқталды. Судья Қарагөз Қыстауова келесі сот отырысын тамыздың 12-сіне белгіледі.

«ОТСТАВКА» МЕН «ЗАПАСТЫҢ» АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Асфендияров атындағы медицина университетінің кадр бөлімі бастығы Елена Амердинова: «Талапкерлер Маман Жақсыгелдинов пен Меңмұханбет Шұшбаевтың талабы орынсыз. Екеуі – запастағы офицерлер емес, отставкадағы полковниктер, сондықтан олармен бірдей жалақы талап ете алмайды» дейді Азаттық тілшісіне.

Адами тұрғыдан алғанда екі полковниктің пікірін түсінемін, бірақ заң тұрғысынан алғанда екеуінің позициясы негізсіз.

Кезінде әскери екі оқытушының ісімен айналысқан қорғаныс министрлігіне қарасты әскери білім беру департаментінің бұрынғы бастығы, полковник Қайрат Көпбаев:

«Адами тұрғыдан алғанда екі полковниктің пікірін түсінемін, бірақ заң тұрғысынан алғанда екеуінің позициясы негізсіз. Егер олар ел президентінің жарлығы мен үкімет қаулысын мұқият оқыса, бұл құжаттарда отставкадағы офицерлердің әскери қызмет атқаратын запастағы офицерлермен бірдей жалақы алуға құқығы бар деп жазылмағанын түсінер еді» дейді.

– Екеуі құжаттағы үзіндіні дұрыс ұқпай, өз пайдасына түсінген, – дейді полковник Қайрат Көпбаев.

Қорғаныс министрлігіне қарасты кадр департаментінің білім беру басқармасы бастығы Берік Қималов отставкадағы полковниктер көтерген мәселе күрделі екенін, бұл проблеманы тереңірек зерттеу қажет екенін Азаттық тілшісіне айтты.

Отставкадағы полковник Маман Жақсыгелдинов. Алматы, 29 шілде 2014 жыл.

Отставкадағы полковник Маман Жақсыгелдинов. Алматы, 29 шілде 2014 жыл.

Талапкер полковниктер «сот процесінде жеңсек, тең жалақы үшін күресіп жүрген көптеген офицерлер үшін жақсы жаңалық болар еді» дейді. Екеуінің айтуынша, бұл проблеманы шеше алмай жүргендеріне көп болған.

– Жасымыз келіп қалғандықтан да ертеңгі күніміз не болатынын білмейміз - сондықтан күте алмаймыз. Мысалы, Шұшбаевтың жасы 78-де. Сондықтан әр күніміз қымбат, – дейді Маман Жақсыгелдинов.

Алматы әскери гарнизонының әскери прокуроры талапкерлерге: «Қазір сіздер отставкада жүрген, яғни әскери міндетті емес қызметкер болғандықтан запастағы офицерлермен бірдей жалақы алуға хақыларыңыз жоқ» деген жауап жазған.

Енді сот түрлі санаттағы әскери зейнеткерлердің мәртебесін жіктеп, жалақы табеліндегі орнын белгілеп беруі тиіс.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG