Accessibility links

Әйелдердің «зейнет дауы» Теміртауда жалғасты


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургтері. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургтері. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл.

Теміртау әйелдері депутаттармен кездесуде «зейнетке шығу жасын ұзартуға» наразы екендерін айтты. Бұған және бала туу төлеміне қатысты қарсылық акциялары Алматыда апта сайын өтіп жүр.

Сәуір айының басында үкімет зейнетақы жүйесі туралы заң жобасын қолдап, құжат парламенттің қарауына жіберілді. Жобада негізі қарастырылған мәселе: жұмыскердің зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасын аударуы және 2014 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп өсіру.

Қазақстанда қазір ерлер зейнет демалысына 63 жаста, ал әйелдер 58 жаста шығады. Жаңа жоба әйелдердің зейнетке шығу жасын келесі жылдан бастап 10 жыл ішінде қазіргі 58 жастан 63 жасқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Билік өкілдері «заң жобасының тиімді тұстары бар» екенін айтады. Алайда Қазақстанның бірқатар аймақтарында бұл құжатқа қарсы шығушылар қол жинап жатыр.

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ТӨЛЕМАҚЫ

Заң жобасына қарсы болғандардың алғашқысы – Теміртау қаласының тұрғындары. Олар екі аптаның ішінде 30 мыңнан аса адамның қолын жинап, хатты апта аяғында Астанаға жөнелтпек.

Сәуірдің 9-ы күні Теміртауда Астанадан келген депутаттар тұрғындармен кездесу өткізді. Жүзден аса тұрғын қатысқан жиында негізгі мәселе зейнет жасының ұлғаюы болды.
Әйелдер президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып жатыр. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Әйелдер президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып жатыр. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)


– Біз қазір бүгінгі зейнеткерлерді асырап отырмыз, өйткені салық төлеп отырмыз. Ал енді біз зейнетке шыққанда бізді неге ешкім асырамайды? Ондай болса біздің салықтарымызды қайтарыңыздар – зейнетақымызды өзіміз жинап аламыз, – деді жиынға келген әйел адам.

«Биліктің артық шығын шығарғысы келмейтініне» наразы тұрғын сөзін ары қарай жалғастырды.

– Екіншіден, бала туғанда берілетін төлем әйелдің соңғы бір жылдағы табысына байланысты. Бірақ әйелдер тек бір жыл емес, он-жиырма жыл жұмыс істеп, ай сайын мемлекетке салық төлейді. Ал баланы күтуге тек бір жылға төлем беріледі. Неге? Оған қоса күйеулеріміз де ай сайын салық төлейді. Олардың ақшасы қайда кетіп жатыр? Керек десеңіз оларға да әке болғаны үшін төлем берілсін, – деп аяқтады сөзін Теміртау тұрғыны.

Парламент депутаты Андрей Бегенеев өзінің де «зейнет жасының ұлғаюына қарсы екенін» айта келе:

– Бұл құжат бізге (парламентке) келгенде мен өз сөзімді айтамын. Бірақ «қандай да бір өзгерістер болады» деп нақты уәде бере алмаймын. Мен де қарсымын, себебі біздің өнеркәсіптегі, тау-кен саласындағы әйелдердің ауыр жұмысын білемін. Ал бюджетке жиналған салық мектеп, аурухана салуға, білім алу мен өзге де инфраструктураға кетеді, – деді.

Теміртау тұрғындарымен кездесуге келген екінші депутат Анатолий Пепениннің айтуынша, «зейнет жасын ұлғайту мәселесінде әйелдерге таңдау болуы тиіс – кеңседе отырғандар 63-ке дейін жұмыс істей берсін, ал ауыр жұмыста жүрген әйелдер ерте шықсын».

Жиналған жұрттың арасынан «Бұл заңды қабылдауға болмайды. Қабылдау керек болса, жалпыхалықтық референдум өткізейік» деген пікірлер де айтылды.

МАРЧЕНКОНЫҢ УӘЖІ

Қазақстан тұрғындары әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту туралы ұсынысты алғаш рет Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченконың Марченконың аузынан естіген еді.

Марченко сәуірдің 9-ы күні Алматыда өткізген баспасөз маслихатында «әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту – әділдік пен гендерлік теңдікті орнату» деп мәлімдеді.
Қазақстанның ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко әйелдердің зейнетке шығу жасы туралы сұрақтарға жауап беріп отыр. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл.

Қазақстанның ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко әйелдердің зейнетке шығу жасы туралы сұрақтарға жауап беріп отыр. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл.


– Статистика бойынша, Қазақстан әйелдері дамыған елдермен салыстырғанда он жыл ұзақ өмір сүреді, ал зейнетке бес жылға ерте шығады. Меніңше, бұл (зейнет жасын ұзарту - ред.) – әлеуметтік әділдік пен гендерлік теңдік, – деді ол.

Ұлттық банк төрағасы «әйелдерге ұзақ жылдар өнімді еңбек ету үшін жұмыс орнында қолайлы жағдай жасау қажеттігін, Еуропа елдерінде ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы бірдей екенін» де айтты.

Алайда саяси шешімдер институтының жуықта жүргізген сауалнамасына қарағанда, жауап бергендердің 81,8 пайызы әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғаюына қарсы, ал 12,9 пайызы «әйел мен ер адамның зейнетке шығу жасын теңестірген жөн» деп біледі.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ «ҚАМЫ»

Қазақстанда әйелдерге бала тууына байланысты берілетін төлемдерге қатысты да дау шықты.

2013 жылдың ақпанында Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру заңына қатысты өзгерістер күшіне енеді. Ол өзгерістер айлығы 186 мың теңгеден асатын әйелдерге тікелей әсер еткелі тұр.

Бұрын жалақысы 10 төменгі айлық есебінен (төменгі айлық – 18 мың 660 теңге) асатын әйелдер жүктілік пен бала тууға байланысты берілетін бір реттік төлем ретінде бір миллион теңгеден артық (6 мың 600 доллардан астам) ақша алып келсе, енді оларға тек 783 мың теңге (шамамен 5 мың 200 доллар) ғана төленеді. Ал қалған айырмасы жұмыс берушіге жүктеледі, бірақ заңда оны төлеу міндеттелмеген.

Бұл өзгеріске қатысты Астана мен Алматыда бірнеше наразылық шаралары өтті. Наразылық танытушы әйелдер «бұл өзгерістер әйелдерді жасы мен жынысына байланысты кемсітеді» дейді.

Алайда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Тамара Дүйсенова сәуірдің 8-і күні Астанада арнайы брифинг өткізіп, әйелдер наразы болып отырған өзгерістер туралы емес, «жұмыс берушінің қызметкерді жасы мен жынысы бойынша іріктеуге құқы жоқ» екенін баяндап шықты.
Теміртау әйелдері. 28 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Теміртау әйелдері. 28 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


– Еңбек кодексі бойынша, жұмыс беруші қызметке алу туралы хабарлама жариялау кезінде азаматтың жасы көрсетілмеуі тиіс. Осыған қатысты өзгеріс кодекске кірді. Екіншіден, еңбек келісімшартын бекіту кезінде жұмыс беруші кемсітушілік мағынадағы талаптарды қоюға құқығы жоқ. Сонымен қатар жұмыс беруші зейнеткерлік жасына тақаған жасындағы азаматтармен келісімшартты біржақты бұзуына құқы жоқ, – деді вице-министр.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 186 мың теңгеден көп айлық алады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG