Accessibility links

Министрлердің блогын шолу


Қазақстан электрондық үкіметінің вебсайтындағы премьер-министр Кәрім Мәсімовтың блогы.

Қазақстан электрондық үкіметінің вебсайтындағы премьер-министр Кәрім Мәсімовтың блогы.

Үкіметтік блог-платформада қазіргі кезде 16 министр мен 13 агенттік басшысының блогтары орналасқан. Осы уақытқа дейін бұл блогтарға барлығы 116 мыңнан астам өтініш-шағым келіп түскен.


Қазақстанның электрондық үкімет вебсайтындағы алғашқы сегіз блогқа орналасқан реті бойынша ақпанның 22-сі шағын шолу жасап көрген едік.

ШОЛУ

Орташа есеппен әрбір блог иесі күніне тоғыз өтініш алады. Ең көп өтініш (31 жазба) - премьер-министр Кәрім Мәсімовқа келеді екен.

Кәрім Мәсімовтың блогы сонымен бірге жазбаларға жауап жазуда да «ең белсенді» болып шықты. Сұрақтардың басым бөлігі дұрыс бағытталмаса керек, жауаптардың көбісі «сіздің хатыңыз ...-дің қарауына жіберілді» деген мазмұнда.
Ал қалған сегіз блогта жауаптар сирек кездеседі. Бұлар: индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов, қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, әділет министрі Берік Имашев, дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шәріп, төтенше жағдай министрі Владимир Божко, қаржы полициясының басшысы Рашид Түсіпбеков.
Хаттар саны жағынан Мәсімовтан кейін Қалмұханбет Қасымов пен Рашид Түсіпбеков «алда келеді».

Хаттар саны жағынан Мәсімовтан кейін Қалмұханбет Қасымов пен Рашид Түсіпбеков «алда келеді».

Жауап беру шапшаңдығы жағынан қандай да бір блогты бөліп айту қиын. Өйткені олардың барлығы-дерлік сұрақтарға соңғы рет өткен аптада жауап берген.
Кейбір сұрақтардың барлық блогтарды кезіп жүретінін де айта кету керек.

«ЕҢ ЖАСЫ ҮЛКЕН ӨТІНІШ ИЕСІ»

Кәрім Мәсімовтың блогында өтініш жазған ең жасы үлкен оқырман – «107 жастағы Калел Досжанова» әжей. Аштықты да, соғыс-қырғынды да көргенін айтқан әжей премьер-министрдің блогында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда қаңғыбастың» күйіне жеткенін айтып, пәтер сұрайды.

«Мен, Досжанова Калел 1905 ж. туылғанмын...Пәтерден пәтер жағалап, қожайынның айкайы мен кемсітулеріне шыдап өлімші күй кешудемін. Балаларым, келиндерим кайтыс болган...Балам, сізден өтінерім: маған бір бұрыш алуға жәрдем етуге өтінемін. Үйге кезекте 630-шы болып тұрмын. Ол кезек келгенше менің суйегім де қалмас.Отан үшін, ел үшін еткен еңбегім елеусіз қалған ба? Кәрі қойдың жасындай өмірім қалғанда ешкімге керек болмағаным ба? Бір адамға кезексіз үй бергенге ешкімнің дауы жоқ шығар» деп жазады (жазбалардың стилі сол қалпынша берілді – ред.).
Хатыңызбен одан әрі жұмыс жасау үшін
тұрғылықты мекеніңізді толық көрсетіңіз

Бұл ақпанның 11-і күні жазылса, алты күннен кейін премьер-министрдің блогында мынадай жауап пайда болған:

Құрметті Қалел Досжанова! Сіздің хатыңызбен одан әрі жұмыс жасау үшін
тұрғылықты мекен жайыңызды (қала, облыс) толық көрсетіңіз».

ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Блогтардың арасында Жаңаөзен мәселесін қозғаушы азаматтар да ара-тұра кезігіп қалады.

Мәселен, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған Ринат Жолдыбаев есімді полицейдің анасы Жаңыл Жолдыбаева ақпанның 15-сі күні (блогта мекен-жайын бәрін көрсеткен) шағымданып, тергеу органдарының істі әділ жүргізбей жатқанын жазады.

«...Ұлым Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінде жедел-уәкілеттік қызметін атқарып жүрген болашағы алдында жас маман еді, жанұяда жалғыз перзент болатын. Мектепте де, жоғарғы оқу орнында да, қызмет орнында да тек қана жақсы көрініп, халқына адал қызмет көрсетіп жүрген азамат еді.
Тергеу органдарының қызметкерлері, істің жүргізуін бұрмалап, жалған куәлер тартып, полиция қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, тек қана айыптау бағытымен жүргізіліп жатыр.

Осы оқиға бойынша Жаңаөзен қаласының тұрғындарына, мемлекеттік органдар мен қызметкерлеріне қауіп төнуіне байланысты тек қана басшылардың бұйрығымен және бұзақылардың заңсыз әрекеттерін қайтару мақсатында қолына қару алып, жоғарыға атуға мәжбүр болған. Бірақ алдын-ала тергеу органдарының қызметкерлері, істің жүргізуін бұрмалап, жалған куәлер тартып, ішкі істер полиция қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, тек қана айыптау бағытымен жүргізіліп жатыр...» деп жазады.

Ал бұл жазбаға әлі жауап түспеген.

«СУ ТАСҚЫНЫ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН ДЕП ҚОРҚЫП ОТЫРМЫЗ»

Ал төтенше жағдай министрі Владимир Божкоға Елена Уланова есімді азамат хат жазып, Батыс Қазақстан облысында табиғи апатты болдырмау үшін қажетті амалдар жасалмай отырғанын, тұрғындар былтырғыдай су тасқынынан қорқып отырғанын жазады.

«...Шаған өзенінде орналасқан гидроқұрылғыны көптеген тұрғындар жіті бақылап отыр, себебі оның үстінен күн сайын көптеген тұрғын өтеді. Күзде біз «Западводхоз» (осы құрылғыға жауапты ұйым) мамандарының су бөгенін (поднятие шандор) қалай көтергенін қадағаладық. Онда бәрі сәтті шықпаған сияқты. Егер су бөгендері ашық қалса, онда бәрі (су тасқыны - Азаттық) осы көктемде қайталанатындай көрініп, қорқа бастаймыз. Сіздің ведомствоңыз мүмкін болған шаралардың барлығы жасалғанын айтты. Барлығы да осыған сенгісі келеді. Бірақ та қайталанбас үшін неге ештеңе жасалынбай жатыр? Қандай шаралар атқарылып жатыр? Бұл туралы ақпарат жоқтың қасы. Ал кенеттен бәрі қайталанса ше?» деп жазады.

Бұл жазбаға жауап жазған төтенше жағдай министрлігі (өткен жылы Батыс Қазақстан облысында болған) су тасқынына үш фактор (жауын-шашынның мол болуы, ауа-райының күрт жылуы мен тоң боп қатқан жердің жібіп үлгірмеуі әсер еткенін айта келе Шағандағы су қоймасы мәселесімен «Казводхоз» кәсіпорны айналысатынын ескерте кетеді.

Министрліктің жазуынша, су бөгенін ашу жөнінде шешім арнайы мамандармен келісілген. Блогта сонымен бірге Шаған су қоймасындағы құрылғыларды қайта ауыстыру 80 пайызға орындалғаны да айтылған. Төтенше жағдай министрлігінің жазуынша, қазіргі кезде су тасқынын ескерту шаралары қалыпты деңгейде жүргізіліп жатыр.

«БАС МҮФТИ НЕГЕ ТЕК МЕРЕКЕЛЕРДЕ ҒАНА КӨРІНЕДІ?»

Ал дін істері агенттігіне соңғы рет ақпанның 4-і күні мынадай сауал түскен екен.
«Барлығымыз да Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін білеміз. Бірақ сонда да Қазақстанның бас мүфтиі неге тек мерекелерде (Құрбан айт, Наурыз т.б) ғана президентіміздің жанынан көрінеді? Ал халыққа қолдау керек болған кезде көрінбей қалады, мысалы соңғы кезде болған діни мазмұндағы терактілерден кейін. Осыған байланысты ойыңыз қандай?» деп дін істері агенттігі басшысына сауал тастайды.

Бұл сұраққа агенттік жауап бермеген.

ІНЖІЛ

Дәл осы агенттікке Елена есімді азамат хат жазып, өзінің не себепті Ресейдегі құрбысына Інжіл (Библия) кітабын почта арқылы жолдай алмай отырғанын сұрайды. Оның айтуынша, Екібастұздағы пошта «діни әдебиет» деп қабылдамай қойған.

Ал өткен жылы қазан айында қабылданған дін туралы жаңа заңның 9-шы бабын алға тартқан агенттік «Қазақстан азаматтарының діни әдебиеттерді алып, пайдалануға құқығы бар болғанымен оны тек ғибадатхана ретінде тіркелген ғимараттарда ғана, сонымен бірге облыстық стационарлы орындарда тарата алатынын» ескертеді.

«СӘНДІ БЛОГТАР»

Министрлер мен лауазымды адамдардың блогтары жөнінде қарапайым тұрғындардың пікірін біліп көрген едік.

Астана тұрғыны, Гүлдана Елебаева: «Мен мұндай блогтар барын, оларға сұрақ қоюға болатынын білмеппін. Әйтеуір, қандай да бір сайт бары туралы естігем. Бірақ олардың блог жүргізетінін білмеппін. Егер сұрақтар жетіп жатса, әрине жақсы ғой. Олар халыққа қарай жылжыса тамаша болар еді. Мәселелер де шешілетін еді» дейді.

Алматы тұрғыны Ердос Сембек блогтар биліктің халыққа жақындауына сеп бола алмағанын айтады.

«Министрлердің блогтары сәннен қалмау үшін ашылғандай әсер қалдырады. Көбіне баспасөз орталықтары жауап беріп отыратын сияқты. Себебі министрлердің жеке блогы болғанымен, ондағы жекелік сол күйінше қалып отыр. Тікелей халықпен байланыс жоқ - сол баяғы ресмилік пен алшақтық негізінде қалып отыр. Яғни, қажет болған соң жүргізіледі. Бұл – менің министрлердің блогтары туралы ойым. Министрлер көбіне сұрақтарды таңдап алып және ақтарыла жауап бергенін көрмедім, оқымадым. Сондықтан халықтың, нақтырағы, интернет қолданушылардың олардан көңілі қалғаны қашан» дейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын алғаш шенеуніктер блог аша бастаған кезде мамандар әртүрлі болжам айтқан еді. Бірі: «арыз-шағымдар жәшігіне ұқсас министрлердің блогы жалпы «блог» ұғымына селкеу түсіреді» десе, бірі «халық пен билік арасын жақындатады» деген ой айтқан болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG