Accessibility links

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Қазақстанға еркін баспасөзді дамыту жолдарын ұсынды


«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Джеффри Гедмин (оң) Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен (сол) кездесіп тұр. Астана, 3 желтоқсан 2010 жыл

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Джеффри Гедмин (оң) Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен (сол) кездесіп тұр. Астана, 3 желтоқсан 2010 жыл

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Джеффри Гедмин Астанада Қазақстан парламенті және үкімет басшыларымен кездесуде еркін баспасөзді дамыту мәселесі жайлы сөйлесті. Ал ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілімен аймақтағы баспасөз еркіндігі туралы пікір алмасты.


Желтоқсанның 3-і Астанаға үш күндік сапармен келген «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы» корпорациясының президенті Джеффри Гедмин Қазақстан үкіметінің жетекшісі Кәрім Мәсімовпен кездесті.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен кездесуде Джеффри Гедмин Азаттық радиосы өз хабарларын Қазақстан аумағында FМ толқынында таратуға мүдделі екендігін жеткізді. Жұртшылыққа жан-жақты ақпарат беруде қоғамдық телеарнаны дамытудың маңызын атап, халықаралық медиакорпорация бұл істе Қазақстанға жәрдем көрсетуге ынталы екендігін білдірді.

Сонымен бірге, Джеффри Гедмин Қазақстанның аймақтағы жетекші рөлін ескере отырып, осы елде Орталық Азия журналистерін дайындау орталығын ашу туралы ұсыныс айтты. Бұл жобаға халықаралық демократиялық институттарды қатыстыруға болатынын ескертті.

Гедмин мырза іс-сапарының алғашқы күні Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездесті. Қазақстанның ресми билік орындары басшыларымен жүздесуде Джеффри Гедмин «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы» ұйымының «конструктивті әріптес» ретінде диалог орнатуға дайын екенін мәлімдеді. Бұдан өзге ашық ақпарат алмасу және басқа да жалпы мәселелер талқыланды.

Сол күні Джеффри Гедмин Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дунья Миятовичпен жүздесіп, Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі баспасөз бостандығының ахуалы туралы пікір алмасты.

Желтоқсанның 5-і күні Джеффри Гедмин Алматыда қазақстандық журналистермен және блогшылармен кездесіп, Азаттық радиосы шығарған «Абайдың қара сөздері» CD күйтабағы мен «Блогстан» (www.azattyq.org сайтында 2010 жылы жарияланған үздік блог-жазбалар) жинағының тұсаукесер рәсіміне қатыспақшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG