Accessibility links

Мүгедек пен зейнеткер «ақшамызды иемденді» деп заңгерді айыптады

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Мүмкіндігі шектеулі Жәнібек Сидикрамов. Алматы облысы, 2015 жылдың қазаны.

Мүмкіндігі шектеулі Жәнібек Сидикрамов. Алматы облысы, 2015 жылдың қазаны.

Бөтеннің ақшасын иемденіп кету және алаяқтыққа қатысты айыпталған алматылық заңгер кінәсіз екенін айтады. Мүгедек жігіт пен зейнеткер әйелдің шағымы тергеуге қозғау салды.

Алматы облысындағы Қарабұлақ кентінің 27 жастағы тұрғыны Жәнібек Сидикрамов іссапарда жүрген кезінде жол апатына ұшырап, үш жыл бұрын төсекке таңылып қалған. Жас жігіт жұмыс істеген құрылыс компаниясы оған айына 130 мың теңге жәрдемақы төлеп тұрады.

Ал сақтандыру компаниясы алты миллион теңге шамасында өтемақы төлеген. Бірақ әлгі ақша Жәнібектің қолына тимеген. Ол «ақшаны алматылық заңгер Ольга Чебанько иемденіп кетті» деп санайды. Оның айтуынша, «ауруханада жатқан кезінде заңгер оны Германияға барып емделуге көндіріп, өз атына сенімхат жаздырып алған. Ольга Чебанько сақтандыру өтемақысын әлгі құжат арқылы алып, заңды иесіне әлі қайтармай жүр».

ҚОЛТАҢБАНЫ АЖЫРАТАТЫН САРАПТАМАНЫ КҮТУ

- Әлгі әйелдің мені алдап жүргенін тез түсініп, сенімхаттың күшін жойып, қайтарып алдым. Бірақ ол менің қолымды өзі қойып, 36 мың доллардың қызметін көрсеткені туралы жалған келісім-шарт құрастырып алған, енді ақшаны қайтарғысы келмейді. Екі жыл бұрын Алматы қаласы Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне шағымданғанмын, бірақ ол жақта арызымды ешкім тексермей қойды. Ақшамды алсам, емделемін ғой деп үміттеніп едім, бірақ күтуден шаршадым. Өздігімнен әрекет етуге шамам жоқ. Үнемі етпетімнен жатамын. Ұзақ жатқаннан арқам ойылып қалған, жараларым мүлде жазылмайды, - дейді Жәнібек Сидикрамов.

Зейнеткер Мағира Жұмағұлова ұлының портретінің қасында отыр. Алматы облысы, 2015 жылдың қазаны.

Зейнеткер Мағира Жұмағұлова ұлының портретінің қасында отыр. Алматы облысы, 2015 жылдың қазаны.

Заңгер Ольга Чебаньконы Алматы облысы Байсерке кентінде тұратын зейнеткер Мағира Жұмағұлова да «жол апатынан қаза тапқан ұлымның үш миллион теңгеге жуық сақтандыру төлемін иемденіп кетті» деп айыптайды. Зейнеткер әйел заңгер Чебаньконың ықпалына тез түсіп қалып, сенімхат жазып бергенін айтады.

- 2014 жылы қыркүйектің 17-сі күні Чебаньконың алаяқтық әрекеттеріне қатысты шағымданып, Бостандық ауданы ішкі істер бөліміне (ІІБ) арыз жазғанмын, бірақ олардан әлі жауап жоқ. Кейін тағы бір арыз өткізбек болдым, бірақ «журналистерді шақырамын» деп қорқытқанша, бірнеше сағат бойы арызымды қабылдамай қойды, - дейді зейнеткер.

Алматы облысы Ескелді ауданындағы «Демеу» мүгедектер қоғамы белсенділері «Жәнібек Сидикрамов пен Мағира Жұмағұлова бір адамның алдауына түскендіктен, екі істі бір өндіріске біріктіру қажет» деп санайды.

- Осы екі жылдың ішінде маған жұртты алдаған заңгерді құқық қорғау органдарында біреулер қорғаштап жүргендей көрінді. Әйтпесе алаяқтық туралы істі бір жауып, бір ашып дұрыс тергеу жүргізбеу фактісін қалай түсіндіруге болады? Қолтаңбаны айыратын сараптама жүргізейік деп талай талап еттік, бірақ осы кезге дейін ешкім келіп, зардап шегушілердің қолтаңбасының үлгісін алған жоқ, - дейді «Демеу» мүгедектер қоғамы жетекшісі Ахат Ұзақбаев.

КҮДІКТІНІҢ ТЕРГЕУГЕ КЕЛУІН КҮТУ

Алматы қаласы ішкі істер департаменті (ІІД) тергеу мерзімінің бұзылуы себебін «ақша жымқырды» деген күдікке ілінген Ольга Чебаньконың полицияға тергеуге келмей жүруімен түсіндіреді.

Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек. Алматы, 1 наурыз 2009 жыл.

Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек. Алматы, 1 наурыз 2009 жыл.

- Ольга Чебанько полицияға келмей жүр. Қазір Бостандық ауданы ІІБ-ісіне қарасты әкімшілік полиция бөлімі мен криминалдық бөлім қызметкерлері процессуалдық амалдарды жалғастыру үшін оны тергеуге әкелу жөнінде жеке тапсырма алды, кейін оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Оның үстінен 190-баптың 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған, бұл - аса ірі көлемдегі алаяқтық туралы бап, - дейді Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.

Заңгер Ольга Чебанько Азаттыққа сұхбатында «ешқандай кінәм жоқ» деп мәлімдеді. Ол қарсыластарының «өздері қойған қол» деп заң қызметін көрсету туралы келісім-шартты көрсетті. Ольга Чебанько көрсеткен сметада «сотқа бару» деген термин ұшырасады, бұл қызметтің құны - алты мың доллар деп көрсетілген.

- Өздері қандай ұятсыз адамдар, мына бағаға келісіп алды да, енді менің үстімнен шағым жазып жүр. Сақтандыру төлемақысын алғаным рас, бірақ оны қызметімнің ақысы ретінде өзіме қалдырдым. Сотқа барып жүрдім, адамдарым Германиядағы клиникалармен келісті. Енді оларды мен де аямаймын. Жала жапқандары үшін екеуінің үстінен арыз беремін, - дейді Ольга Чебанько.

Алматы облысы адвокаттар алқасы мүшесі Рашит Нысанбеков заңгер Чебаньконың салық декларациясын тексеруді ұсынады.

- Егер ол көрсеткен қызметі үшін мұндай ақша алса, осы сомаға сәйкес салық та төлеуі тиіс. Ал жалпы мүгедектер мен зейнеткерлерден мұндай қыруар ақша талап ету адамгершілікке жатпайды, - дейді ол.

Азаттық тілшісінің «Тергеушілер қылмыстық істі қарау үшін белгіленген процессуалдық мерзімді не себепті бұзған?» деген сауалына Алматының Бостандық аудандық прокуратурасы қазанның 12-сіне қарай жауап беруге уәде еткен. Бірақ мақала жарияланған сәтке дейін прокуратурадан ешқандай жауап түспеді.

XS
SM
MD
LG