Accessibility links

Қазақстанда жол салу шығыны көп, сапасы нашар


Астана қаласындағы Өндіріс кентінің жолдары. 5 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Астана қаласындағы Өндіріс кентінің жолдары. 5 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде Қазақстан жол сапасы бойынша 117-орында тұр. Бірақ елдегі жол салу шығыны кейбір Еуропа мемлекеттеріне қарағанда екі есе көп.

Көктем сайын Қазақстанда жол жөндеу жұмыстары басталады. Қазақстандықтар «өкінішке орай, бұл жұмыстар көбінесе ойықтарды жамаумен шектеледі» дейді.

Алматы тұрғыны Диас Сапанов қала сыртына көлігімен жиі шығады. Ол «көптеген аудандық, ауылдық жолдар апатты жағдайда» дейді. Кейбір аймақтардағы жол 1990-жылдардан бері жөнделмеген.

"Жедел жәрдем, өрт сөндіру немесе төтенше жағдайлар қызметтері көліктері жолдары нашар елді мекендерге жете алмайды. Соның кесірінен адамдар ауруханаға бара алмай, өліп қалып та жатады. Жолдың сапасы туралы айтуға да келмейді. Тіпті оларды жөндегеннен кейін де сол жылдың ішінде тағы жөндеу керек болып тұрады. Өйткені, бұл саланы коррупция жайлап алған. Ондай жағдайды Қазақстанның кез келген қаласынан көруге болады. Біздің жол саласындағы саясат дұрыс ұйымдастырылмаған" дейді Диас Сапанов.

ЖОЛ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК

«Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны биыл елдегі жолдың 1,7 миллион шаршы метр ойықтарын жамауды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаты аясында жүргізілмек. Жоспарда жол үстіндегі сызықтарды жаңарту (20,1 мың километр), жол белгілерін ауыстыру және орнату (8 мың белгі), жол қоршауларын жөндеу (17 мың метр) қарастырылған.

Жөнделіп жатқан жол. Алматы, 5 қыркүйек 2013 жыл.

Жөнделіп жатқан жол. Алматы, 5 қыркүйек 2013 жыл.

Алматы тұрғындары Әсима мен Алмас «қаладағы тротуарлар дұрыс жасалмаған» дейді. Олардың айтуынша, кейбір аудандарда тротуарлардың бордюрі жоқ. Тіпті жаяуларға көлік жолымен жүруге тура келеді, ал ол қауіпті.

"Мәселен «Барахолканың» маңайында, Әл-Фараби даңғылы бойында, Алатау ауданында жаңбыр жауған күні жаяу адам жүре алмайды. Жаңбыр суы жайылып кетеді. Оларды айналып өту кейде мүмкін емес. Өйткені, жаяу адамдарға арналған жолдар жоқ. Әкімдікке талай жазғанбыз. Олар бір рет біздің жақтағы тротуарды жөндеді, сапасыз жасалғандықтан, олары бір айдан соң бүліне бастады" дейді олар.

Жол сапасының нашар болуы жол апаттарын көбейтеді. Сарапшылардың айтуынша, әр бесінші көлік апаты жол сапасы нашарлығынан болады. Бас прокуратура мәліметі бойынша, 2013 жылы 23 мың жол-көлік апаты болған. Олардың кесірінен үш мыңнан астам азамат қаза тапқан. 30 мың адам жараланған.

БАҒА МЕН САПА

Бұрынғы көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев былтыр қазан айында елдегі жолдардың 33 пайызының сапасы нашар деп мәлімдеді. Жол жөндеушілер қаржы жетіспейді деген уәж айтады. Мәселен, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы директорының орынбасары Ұлан Әліпов «қазіргі қаржыландыру республикалық маңызы бар жолдардың жыл сайын жеті пайызын жөндеуге жетеді, негізі бұл көрсеткіш жылына 17 пайыз болуы керек» дейді.

Алматы қаласында тұратын жүргізуші Қанат Жақыпов:

Кеңқияқ ауылына баратын, әбден тозған жол. Ақтөбе облысы, 11 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Кеңқияқ ауылына баратын, әбден тозған жол. Ақтөбе облысы, 11 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

"Елімізде сапалы жолдар да, сапасыз жолдар да бар. Астана — Алматы, Алматы — Талдықорған жолдары жақсы. Ал Алматы — Тараз, Алматы — Шымкент, Шығыс Қазақстан облысындағы немесе ауылдық жерлердегі жолдардың сапасы нашар. Осы жолдарда көлік апаттары көп болады" дейді.

Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде 2013 жылы Қазақстан жол сапасы бойынша 117-орын алды. Эксперттер жеті балдық жүйемен есептегенде Қазақстанның жолдарына 2,7 деген баға қойды. Солай бола тұра, Қазақстанда жол салуға кететін шығын басқа елдерге қарағанда әлдеқайда көп.

Қазақстан парламенті депутаты Талғат Ерғалиев премьер-министрге 2013 жылдың күзінде сауал жолдап, онда бірқатар мәліметтер келтірген. Депутат мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда бір километр жол салуға 3,7 миллион АҚШ доллары кетеді. Ал АҚШ-та — 2,4 миллион доллар, Испанияда — 1,64 миллион доллар, Финляндияда — 1,35 миллион доллар, Қытайда — 1,16 миллион доллар жұмсалады.

(Мақаланы әзірлеуге Руслан Меделбек қатысты)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG