Accessibility links

Диқандар дизельдің бағасына алаңдайды


Жер жыртып жүрген диқан. Алматы облысы, Талғар ауданы, 27 мамыр 2014 жыл.
Жер жыртып жүрген диқан. Алматы облысы, Талғар ауданы, 27 мамыр 2014 жыл.

Мамыр айында Қазақстанда дизель отыны 102 теңгеден 115 теңгеге өсті. Диқандар «солярка құнының бензинге жетеғабыл болуына» наразы.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғыны Дүйсен Әбдікәрімұлының диқаншылықты кәсіп еткеніне 12 жыл болыпты.

Өзінің айтуынша, Дүйсен 2000 жылы Қытайдан көшіп келіп, 2002 жылдан бастап «Шоқы» шаруа қожалығын құрып, егіншілікті кәсіп ете бастаған.

«2005 жылы әр гектардан 40 центнер бидай алып, облыс бойынша рекордтық көрсеткішке жеткен едік. Бірақ бірер жыл болды, тек картоп пен күнбағыс тұқымын ғана сеуіп келеміз» дейді ол.

Диқанның Азаттық тілшісіне айтуынша, бидай өсіруді тоқтатуына сұраныстың аздығы себеп болған. 150 гектар жерге картоп пен күнбағыс өсімдігінің тұқымын сеуіп, көктемгі егіс науқанын аяқтаған ол енді техникасын күзгі науқанға дайындап жатыр.

«Бізге ең қажетті зат солярка ғой. Көктемгі егістік жұмыстарына аудандық ауылшаруашылық бөлімі литрін 100 теңге етіп арзандатып берген болатын. Ол кезде оның негізгі бағасы 102 теңгеден болды. Ал қазір 115 теңгеге өсіпті. Күзгі жұмысқа 110-113 теңгеден беретін шығар» деді ол.
Қазақстандық фермер. Көрнекі сурет
Қазақстандық фермер. Көрнекі сурет


Ал Алматы облысы Талғар ауданының Ермек есімді тұрғыны «үкіметтің жәрдемінсіз-ақ жер жыртып, күн көріп отырғанын» айтады. Ол 10 жылдан бері жүгері өсірумен айналысады. Биыл 200 гектар жерге жүгері еккен. Ермек үкіметтің арзан бағаға ұсынатын жанармайын күтпей, өз бетінше ертерек қам жасауға үйренген.

«Негізі біз секілді диқаншыларға үкіметтен арнайы жеңілдетілген бағамен бөлінеді. Бірақ ол соляркалары келгенше, жер кеуіп кетеді. Сондықтан ол жағына басымды қатырмаймын» деді. Талғарлық диқан «солярканың қазіргі бағасы бензинмен бірдей» болғанын, бірақ одан «сапасы жақсармағанын» айтып налиды.

«Қазір дизель 115 теңгеге көтерілді. Яғни АИ-92 маркалы бензинмен бірдей. Бұл бензин мен солярканың сапасы бірдей емес қой» дейді Ермек.

Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты өсімдік шаруашылығы департаментінің техникалық саясат басқармасының бастығы Азамат Есілбаев Азаттық тілшісіне көктемгі егістік науқандарына арзандатылған бағамен 300 мың тонна дизель отыны бөлінгенін, оның 240 мың тоннасы жергілікті диқаншыларға жеткізілгенін мәлімдеді.
Демалып отырған қазақстандық фермер. Көрнекі сурет
Демалып отырған қазақстандық фермер. Көрнекі сурет


«Дизель отынының бағасы операторларға (жеткізушіге) 1 литріне 95 теңге болып бекітілді. Ал енді қазір дизель отынының бағасының қымбаттауына байланысты күзгі егістік жұмыстарына жұмсалатын жанармай бағасын жақын уақыттарда үкіметтік органдармен келісе отырып шешеміз» деді Есілбаев.

Диқандардың қазірдің өзінде дизель мен бензин бағасының шамалас болып
қалуына қатысты наразылығына байланысты табиғи монополияларды реттеу агентігінен комментарий алу мүмкін болмады.

Дүниежүзі бойынша жанар-жағар майдың бағасын бақылайтын GlobalPetrolPrices.com вебсайтының мәліметі бойынша 2014 жылғы наурыз-мамыр айларында Қазақстанда 1 литр дизельдің құны шамамен 0,56 АҚШ доллары көлемінде болған. Бұл баға дизельдің әлем бойынша орташа құнынан (1,41 АҚШ доллары) әлдеқайда арзан деп саналады.
XS
SM
MD
LG