Accessibility links

Төлетаеваның бостандықтағы бір жылы


2011 жылы ереуілдеген жаңаөзендік мұнайшылардың белсендісі Роза Төлетаева. 20 қараша 2014 жыл

2011 жылы ереуілдеген жаңаөзендік мұнайшылардың белсендісі Роза Төлетаева. 20 қараша 2014 жыл

Түрмедегі жазасының жалғасын шартты түрде бостандықта өтеп жүрген Жаңаөзендегі ереуіл белсендісі Роза Төлетаева күйзелісін дәрімен басып жүргенін айтады. Оның әлі өтеуге тиісті бір жылы бар.

2011 жылғы Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілі кезінде назарға ілінген белсенділердің бірі Роза Төлетаеваның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанына қараша айында бір жыл толды. Ол қазір мұнайшылар ереуілінен соң 2012 жылы «Өзенмұнайгаз» компаниясы құрамында жаңадан құрылған Бұрғылау жұмыстары басқармасында диспетчер болып жұмыс істеп жүр.

- Ауысыммен жұмыс істеймін. Үнемі өндіріс басындамын, - деді ол Азаттыққа телефон арқылы.

Әрине стресс бар, жүйкем жұқарған. Мен түрмеден шыққанда санаторийде емделуді ұсынған еді. Ол кезде отбасыммен болғым келді. Қазір өзімді-өім ұстап, дәрі-дәрмегімді ішіп тұрамын

Азаттық тілшісі Роза Төлетаевадан былтыр босаған кезде денсаулығына зиян келгенін айтқандықтан хал-жағдайын сұраған еді. Ол денсаулығында кінәрат болғанымен «ең бастысы бостандықта» екенін айтты.

- Қай жерім ауырса да, қалаған дәрімді ала аламын, қалаған дәрігерге көріне аламын. Ең бастысы бостандықтамын ғой. Бұл түрме емес, - дейді ол.

Роза Төлетаева Жаңаөзенде полицейлер бейбіт ереуілшілерге оқ атқан оқиғадан соң абақтыға жабылған басқа 12 мұнайшы әріптестерімен араласып тұратынын айтты.

- Әрине, жиі көрісе алмаймыз. Жұмыстамыз. Бірақ араласып, аман-саулық сұрасып тұрамыз. Оған кім тыйым сала алады? - дейді Роза Төлетаева.

Оның сөзінше, сотталғандардың ішінде жағдайы ең ауыры - Мақсат Досмағамбетов.

- Оған әлі емделу керек. Қаражат та қол байлау. Мұнайшылар әлдері келгенше көмектесіп жатыр, - дейді Мақсаттың денсаулығына алаңдаушылығын білдіріп.

Ал өзінің хал-жағдайы туралы:

- Әрине стресс бар, жүйкем жұқарған. Мен түрмеден шыққанда санаторийде емделуді ұсынған еді. Ол кезде отбасыммен болғым келді. Қазір өзімді-өзім ұстап, дәрі-дәрмегімді ішіп тұрамын, - деді Роза Төлетаева.

Бостандыққа шыққан Роза Төлетаева. Карикатураның авторы - Ғалым Смағұл

Бостандыққа шыққан Роза Төлетаева. Карикатураның авторы - Ғалым Смағұл

Роза Төлетаева - Жаңаөзен оқиғасынан кейін түрме жазасына кесілген 13 адамның арасындағы жалғыз әйел. Онымен бірге 2012 жылғы маусымда Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов, Нарын Жарылғасынов, Мақсат Досмағамбетов және Қанат Жүсіпбаев үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімге сотталған болатын.

2011 жылы Жаңаөзендегі ереуілден соң Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында "азаптауға ұшырады" деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарында аяқталуы тиіс болған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Осы оқиғаға байланысты жалпы 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG