Accessibility links

Маман кәмелетке жетпей жүкті болу көбейгенін айтты


Оқушылар Қозы Көрпеш - Баян Сұлу - ғашықтар күнін атап өтті. Семей, 17 сәуір 2012 жыл.

Оқушылар Қозы Көрпеш - Баян Сұлу - ғашықтар күнін атап өтті. Семей, 17 сәуір 2012 жыл.

Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмай жүкті болып, жасанды түсік жасататын немесе ана атанатын қыздар жыл сайын көбейіп келеді. Мамандар көп жастардың жүктіліктен сақтану жолдарын білмейтінін айтты.

Мамандар жасөсірімдер арасындағы мұндай жағымсыз үрдіске «оларға берілетін ақпараттың аздығы кінәлі» дейді.

АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ

Кәмелетке толмай жүкті болғандардың бірі - Зарина (аты өзгертілген). Ол 16 жасында ауыраяқ екенін білген. Қазір тұрмысқа шығып, бала көтере алмай отырған келіншек бес жыл бұрынғы ісіне қатты өкінетінін айтты. Ашық әңгімеге әрең келіскен сұхбаттасымыз:

- Мектепте оқып жүрген кезім. Ал ол менен бес жас үлкен еді. Есім кетіп сүйдім, расын айтсам, ақырын ойламадым. Ата-анама да айтудан қорықтым. Ғашығым жүктілікті ести салып жоқ болды, уақыт өте мен бұл ісімнің ақымақтық болғанын түсіндім, - деді.

Зарина жүкті екенін үш аптадан кейін байқаған. Дәрігердің ата-анасымен келіп, тіркеуге тұруын талап еткеніне қарамастан, «хабарлама арқылы ақылы жасанды түсік жасататындарды тапқан». «Ары қарай сұрамаңызшы» деген сұхбаттасымыз өзінің сол кезде жүктіліктен қорғану жолдарын мүлдем білмегенін айтты. Көзіне жас толған ол:
Ғашық жастар. Павел Настяға 101 райхан гүлін сыйлады. Павелдың айтуынша, бұл 100 жылды бір күндей бірге өткіземіз дегенді білдіреді. Семей, қаңтар, 2012 жыл. Фотоны Алексей Барсуков түсірген. (Көрнекі сурет)

Ғашық жастар. Павел Настяға 101 райхан гүлін сыйлады. Павелдың айтуынша, бұл 100 жылды бір күндей бірге өткіземіз дегенді білдіреді. Семей, қаңтар, 2012 жыл. Фотоны Алексей Барсуков түсірген. (Көрнекі сурет)


- Егер оны білсем, осындай қадамға барар ма едім? Білмедім. Енді міне тұрмысқа шыққаныма бір жылдан асты, бала көтере алмай келемін, - деді.

Мамандардың айтуынша, Зарина секілді «ерте есейетін» жастар жыл сайын көбейіп келеді. Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық президенті Тамара Жүсіпәлиева:

- 15-17 жас аралығындағы 10 мың жасөспірім жыл сайын ана болады. Бұл - өте өкінішті. Өйткені әдетте бұл – некесіз туған, жоспарланбаған нәрестелер. Олар көбіне балалар үйіне түседі немесе далада қалады, - деді.

САУАТСЫЗДЫҚ

Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы жүргізген зерттеу «Қазақстанда жыныстық «өмір» 14 жастан басталатынын» анықтаған. Елде 14, 15 жастағы жасөспірім қыздар арасында жасанды түсік жасату көрсеткіші де өте жоғары. Тамара Жүсіпәлиеваның сөзіне қарағанда, «мұның барлығы сауатсыздықтан шығып жатыр».

- «Ұят қайда?» деп ұрсып, сынайтын заман өтті. Қазіргі жастарға ол әсер етпейді. Сондықтан жасөспірімдерге көмек көрсету қажет. Оларға ерте жастан жүкті болып қалмаудың амалын үйрету керек. Себебі баланы ерте туу жас ананың да, нәрестенің де денсаулығы мен дамуына кері әсерін тигізеді, - дейді маман.
Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық президенті Тамара Жүсіпәлиева. Сурет аталған қауымдастықтан алынды.

Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық президенті Тамара Жүсіпәлиева. Сурет аталған қауымдастықтан алынды.


Оның сөзі бойынша, жүктіліктен сақтану жолдарын жастар ғана емес, тұрмысқа шыққан әйелдер де біле бермейді. Елдің бес облысында жүрген зерттеу осыны көрсеткен.

- Алматыда контрацептивтерді (жүктілікті болдырмайтын дәрілер – ред.) табу оңай, кез келген дәріханадан алуға болады. Ал Оңтүстік Қазақстанда бұл мүмкін емес, себебі мұнда оларды пайдалануға келіннің енесінің рұқсаты керек екен. Ол жақтың менталитеті соншалықты қатал, енесі не дейді - сол болады. Ал ер адамдар контрацептивтер туралы мүлдем білмейтін болып шықты,- дейді Тамара Жүсіпәлиева.

Осы ретте маман «саннан сапаға көшетін кез келді» деп отыр.

- Жүктілікті жоспарлау – баланың санын шектеу емес. Оның мақсаты – дүниеге келген әр баланың отбасының сүйікті мүшесі болуы. Жұбайлар қанша бала қаласа, сонша болсын. Бірақ жасанды түсік болмасын, дүниеге дені сау балалар келсін. Бұл халық сапасын арттырады. Біздің жеріміз үлкен, халықтың да көп болғанын қалаймыз. Дені сау тұрғындардың көп болғаны абзал, - дейді Тамара Жүсіпәлиева.

ЖАСТАР ЖҮКТІ ЕКЕНІН АТА-АНАСЫНА ЕМЕС, БӨТЕН АДАМҒА АЙТА АЛАДЫ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде 16 миллионға жуық қыз бала кәмелеттік жасқа толмай жүкті болады. Бір жылда 15-19 жастағы үш миллион бойжеткен қауіпті түсік жасатады.

Жергілікті ақпарат құралдарында («Айқын» газеті) Қазақстанда жыл сайын 3 мыңға жуық жасөспірім қыздың босаға аттайтыны жазылған. Осы ретте Тамара Жүсіпәлиева кәмелетке толмаған Қазақстан азаматтарына гинекологтарға жеке барып қаралуға рұқсат беру қажеттігін айтқан.
«Ұят қайда?» деп ұрсып, сынайтын заман өтті. Қазіргі жастарға ол әсер етпейді. Сондықтан жасөспірімдерге қолжетімді көмек көрсету қажет. Оларға ерте жастан жүкті болып қалмаудың амалын үйрету керек. .

- Біздің заң бойынша 18 жасқа толмаған қыздар өз бетімен келіп, гинеколог дәрігерден кеңес ала алмайды. Ерте жүктілікті болдырмау, инфекциялық ауыруларды жұқтырып алмау туралы білу үшін ол тек ата-анасымен келуі тиіс. Біз қазір осы мәселені көтеріп, 15 жастан бастап дәрігерлік кеңес алуға рұқсат етуді талап етіп отырмыз. Себебі жастар әдетте жыныстық қатынастарды ерте бастағанын ата-анасына емес, бөтен адамға айтқанды жөн санайды, - дейді маман.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда жыныстық мәселелер бойынша кеңес беретін 56 клиника ашылған, ондағы гинеколог-акушерлерден жастар кеңес ала алады. Ал жасөспірімдерге арналған 105 номерлі шұғыл байланыс телефоны бар.

Мамандар «мектептерде жыныстық және репродуктивтік денсаулық пәні факультативті түрде емес, міндетті түрде оқытылуы тиіс» дейді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG