Accessibility links

Азаматтық қоғам мен Қазақстандағы сайлаудың ара-қатынасы тағы бір талқыға түсті


Айтолқын Құрманова, IWPR-дың Қазақстандағы өкілдігінің директоры және Сұлтан Хан Аққұлыұлы, Азаттық радиосының қызметкері. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл
Айтолқын Құрманова, IWPR-дың Қазақстандағы өкілдігінің директоры және Сұлтан Хан Аққұлыұлы, Азаттық радиосының қызметкері. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл

IWPR мен Азаттық радиосы бірлесе өткізген дөңгелек үстелге қатысқан мамандар сөз бостандығы тарылып, адам құқығы тапталып жатса да, демократиялық құқықтар үшін «күресті жалғастыру қажет» деп санайды.


Наурыздың 16-сы күні Алматыда IWPR («Соғыс және бейбітшілік репортаждары институты») және Азаттық радиосы қоғамдық бақылаудан тыс қалатын жерлердегі сайлаушылардың құқығын қорғаудағы БАҚ пен ҮЕҰ-дардың рөлі туралы арнайы дөңгелек үстел өткізді. Бұл іс-шарадан Азаттықтың сайты арқылы тікелей веб-трансляция жасалды.

Мамандардың пікірінше, сайлаудың әділ өту-өтпеуі билікпен қатар Қазақстан тұрғындарының саяси жауапкершілігімен де тікелей байланысты. Сондықтан «сайлау әділ өтпейді» деп қол қусырып отыруға болмайды.

ҚОРҚЫНЫШТЫҢ СЕБЕБІ - БІЛІМСІЗДІК

Әлеуметтанушы Олеся Халабузарьдың ойынша, қазіргі уақытта азаматтардың құқықтық сауаты төмен. Сондықтан ол қандай да бір сайлауға қатыспақ болған кез-келген кандидат жұмысты ең әуелі осыдан бастау қажет деп санайды.

- Мысалы, оқу орнында ұстаздармен жұмыс жасау қажет. Олардың басшылыққа тәуелді екенін білеміз. Бірақ қалай дегенмен олар білімді адамдар емес пе. Оларға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Адамдар сауаты жетіспегендіктен қателік жасайды. Осының салдарынан азаматтарға «Нұр-Отан» немесе басшылықтың қойған талабы заң сияқты естіледі, - деді Олеся Халабузарь дөңгелек үстелде.
Олеся Халабузарь, әлеуметтанушы. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың пікірінше, ауруы әбден асқынған адамның дәрігерге баруы сияқты жағдай сайлау кезінде де қайталанады. Оның пікірінше, сауат ашу жұмыстары тұрақты, әрі жиі жүргізілуі қажет. Тек сол кезде ғана нәтиже шығады.

- Әдетте, бізде бәрі сайлауға бірнеше ай қалғанда ғана оянып, қозғала бастайды. Саясаткерлер де, азаматтық қоғам да. Бәрін жиі, әрі тұрақты жүргізу керек. Анда-санда атқарылған шаруадан нәтиже болмайды, - дейді Амангелді Шорманбаев.

Құқықтық сауат жетіспейді деген мамандар пікірімен келіскен оппозициялық саясаткер Болат Әбілов болса, сайлауда белсенділік таныту үнсіз қалудан артық екенін жеткізді.
Амангелді Шорманбаев, "Адам құқықтары хартиясы" қорының директоры, заңгер. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл

- Әрбір азамат бес жылда бір сайлау учаскесіне келіп: «Мен Қазақстанның азаматымын. Бұл – менің даусым. Дауысымды ұрлап көріңіз» деп мәлімдесін. Еуропада бір жалған хаттама жасағаны үшін он жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы тағайындалған. Ал бізде бюджеттен миллиард қарпып қалу үшін миллион хаттаманы жалған жасайды. Біздің міндетіміз – сайлаушыларға Назарбаев, Әбілов үшін емес, өзің үшін, отбасың үшін, болашағың үшін азаматтық позициясын білдіретінін түсіндіру, - деді Болат Әбілов дөңгелек үстел барысында.

"БАҚ БЕЛСЕНДІ БОЛУЫ ТИІС"

Дөңгелек үстелде мұнан бөлек мамандар «сайлау кезінде сайлаушылардың құқығы сақталуы үшін БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар не істей алады?» деген сұраққа бірігіп жауап іздеді. Мамандардың бірі «ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істеу аясы тарылып бара жатыр, сондықтан оған үміт артудың қажеті шамалы» деп пессимистік көзқарас білдірсе, дөңгелек үстелге қатысушы кейбір азаматтар бұл пікірге қарсы уәж айтты.
Болат Әбілов, "Азат" ЖСДП тең төрағасы. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл

- Ақпарат құралдары бәріне Ғани Қасымовтың тәуелсіз кандидат емес екенін айтуы керек. Ол президенттік тізім бойынша алынған сенат депутаты. Ол үнемі президентті қолдап жүр. Ал Мэлс Елеусізов – патриоттар партиясының мүшесі. Ол референдум кезінде президентті қолдаған адам. 2004 жылы парламенттік сайлау болған кезде Бостандық ауданы округінен 22 адам кандидат шықты. Сол кезде бірнеше мың ғана дауыс жинап, тіпті алғашқы ондыққа да іліне алмады. Ақпарат құралдары осыларды халыққа жеткізуі керек. Осылайша адамдарда таңдау жоқ екендігін көрсетуге болады, - деді Болат Әбілов.

Мамандар халықтың алдағы президенттік сайлауға қатысу белсенділігі аз болады деп болжап отыр. Кейбір құқық қорғаушылардың пікірінше, сайлауға шамамен халықтың 30 пайызы ғана келуі мүмкін. Олардың пікірінше, бұған кандидаттар арасында лайықты тұлғалардың болмауы, билікке деген сенімнің жоғалуы сияқты себептер түрткі болуы ықтимал.
Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау сәуірдің 3-де өтеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG