Accessibility links

Ашқұрсақ қыз «биліктің байлыққа да, атаққа да жеткізетінін» түсінді


Роза Бағланованың «Айналайын халқымнан еркелеткен» автобиографиялық кітабының мұқабасы. Кітап 2007 жылы баспадан шыққан.

Роза Бағланованың «Айналайын халқымнан еркелеткен» автобиографиялық кітабының мұқабасы. Кітап 2007 жылы баспадан шыққан.

Өмірінің 70 жылын сахнада өткізген әйгілі әнші Роза Бағланова биыл ақпанда 89 жасқа қараған шағында дүние салды. Назарбаев режиміне арналған мадақ сөзін Роза Бағланова өмірден өтерінен бірер күн бұрын ғана айтқан еді.


Роза Бағланованы Қазақстанда білмейтін адам жоқ. Дарынды әншіні халық та қадірледі, сонау Сталиннен бастап, әншінің өзі Ақ Патша деп атап кеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі билік тізгінін ұстағандардың барлығы да жоғары бағалады. Совет өкіметі тұсында, тәуелсіз Қазақстан кезінде де ең жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.

Оның қандай адам болғанын жұрттың барлығы біле бермейді. Әншінің өмірлік ұстанымдары мен толағай табыстарының тарихын тереңірек тану үшін Роза Бағланованың 2007 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан, әдеби нұсқасын Ұрқия Иманбай жасаған «Айналайын халқымнан еркелеткен» деп аталатын ғұмырнамалық кітабына үңіліп көрдік.

Роза Бағланованың естеліктерінен әншілік өнердің алғашқы баспалдақтары мен совет өкіметі тұсында (яғни соғыс жылдары, соғыстан кейін, тоқырау жылдары), Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде шыққан биіктеріне ненің арқасында қол жеткізгенін бағамдауға болады. Сондай-ақ естеліктен аутор өзін қай қырынан танытатыны, өз өміріндегі қандай жайттарға баса назар аударатыны және өзі көріп, куә болған қандай оқиғалардан айналып өтетіні де аңғарылады.

КҮНДЕ БІР ӨЛІМ…

Естелік кітапта аутор өзінің бай әулеттен шыққанын айтады. Алайда совет өкіметінің саясаты жұрттың барлығын теңестіргені мәлім, сөйтіп оның отбасы да 1920-1930 жылдардағы аштық пен зұлматты бастан өткерген. Әкесі қайтыс болған соң Роза отбасының асыраушысына айналған.

«Туған жерім – Қызылорда облысы Қазалы ауданы. Әкемнің екі әйелі бар еді. Екеуі де – татар әйелі Мәриям да, қазақ әйелі, менің шешем Ақкүріш те – ән
Қазақ әншісі, марқұм Роза Бағланова жас кезінде.
салып, сырнай тартуды жақсы көретін. Күндей әжемнің әкесі өте бай адам болған. Сол байлықтың қалған-құтқандары бізді 1932–1933 жылдардағы аштықтан құтқарып қалды. Күміс табақ, күміс ожау-қасық, т.б. үй мүліктерін нан, шайға айырбастап, күн көрдік. Ол кезде радио, теледидар деген атымен жоқ. Әжем сырмақ, көрпе тігіп отырып, өзінің әдемі де нақышты әуенімен әуелетіп ән салатын. Менің әнге де әуестігімді байқаған әжем көбінесе халық әндерін үйрететін болды. Қандай әнді болсын бір-ақ рет айтса болды, мен сол бойда қағып алып, өзіне айтып бергенде мәз болатын» деп жазады Роза Бағланова.

Розаның әкесінің көзі кеткен соң, жинаған мал, дүние-мүліктің де берекесі кете бастайды. Қос анасы мен әжесі тігін тігіп, күміс әшекейлерін нан мен өзге де азық-түліктерге айырбастап жан бақты.

Роза Бағланова кітабында: «Күн сайын ауылдың танитын адамдарының ішінен пәленше өліпті, түгенше бала-шағасымен қырылып қалыпты деген үрейлі хабарды естіген сайын өзіңе де тажал келіп қалғандай әсерде болады екенсің» деп жазады.

Мектеп ауылдан екі-үш шақырым жерде еді, оған оқушыларды таситын автобус та, жолшыбай ала кететін көлік те жоқ. «Әсіресе, қыстыкүні мектепке қатынау қиынның қиыны болатын, – деп жазады аутор. – Қарлы боран түтетіп, жел суырып, толастамай, аласапыран құйын соққан күндері мектепке бару түгілі, үйден далаға шығу да мұң болатын. Оның үстіне қалың киімім де жоқ. Бірақ сабаққа бару керек. Шешем қалың көрпешеге орайды, беліме оны белдікпен орайды, басыма түбіт шарқат, аяғыма қолдан тігілген киіз байпақ кигізеді. Енді осы қалпыңмен омбы қарда жүріп көр. Ой, дүние-ай, осындай күндер де басымыздан өтті-ау».

20 ЖАСТА – БЕС БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР

Роза Бағланова мектепті бітірген соң Қызылорда пединститутына оқуға түседі. Алайда 1933 жылы әкесі үшін берілетін зейнетақы тоқтап қалған соң, жатақханасы бар, тегін тамақтандыратын Ташкент тоқыма институтының сырттай бөліміне ауысуға тура келді. Оның үстіне тігінші болып та табыс табуға болатын еді.

Роза Бағланова Ташкентте тұратын алыс жамағайындарының үйін паналап барды. Бірақ жұмысқа тұрудың сәті түспеді, сөйтіп күнкөріс одан сайын қиындай түсті. Анасы өзбек отбасында ас әзірледі. Алайда кездейсоқ бір оқиға Бағланованың тағдырын күрт өзгертті:

«Бір күні ауланы тазартып, ән салып жүр едім, қақпа алдына жеңіл мәшиненің тоқтағанын аңғардым. Сәлден соң қақпадан ұзын бойлы бір адам кіріп келе жатты. Қасыма келді де: «Ким әшулә ойтқан?» – деді. Кейін бұл кісінің Өзбекстан республикалық филармониясының директоры Кары Якубов-ака екенін білдім. Ол менің әндерімді зейін салып, бар ықыласымен тыңдады. Артынша филорманияға шақырып, көпшілік алдында сынап көрді. Сөйтіп филармонияда жұмыс істей бастадым».

Роза ән шырқаған Ташкенттің опера театрында мақташыларға арналған алғашқы үлкен концертке Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Осман Юсупов та қатысқан еді. Ол концерт аяқталған соң, Розаға ризашылығын білдіріп, үйіне қонаққа шақырады.

«Екінші концертті Ташкент шаһарының маңындағы «Каттакурган» су қоймасы елдімекенінде қойдық. Осы концерттің бірінші бөлімінде тек мен ғана өлең айттым. Осман-ака осы концерттегі өнерім үшін 1 мың сом (ол кезде көп ақша) бәйге сыйлығы мен Мәскеу консерваториясына жолдама берді» деп жазады Роза Бағланова.

Қызылорданың бір түкпірінен шығып, әже-аналарымен бірге әрең күн көріп жүрген қыз күтпеген жерден Өзбекстанның бірінші басшысының зәулім сарайына қонаққа келді. «Бұл дүниеде мен де адам қатарына қосылып, Орталық комитеттің бірінші хатшысының үйінде қонақта боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген бе? Төбем көкке жеткендей, қуынышым қойныма сыймай, әкем тіріліп келгендей болдым. Бұл менің ғұмырымдағы ешқашан естен кетпес үлкен өнеге болатын» деп жазады ол.

Ол кездегі басшылар талантты, мәдениет пен өнерді жоғары бағалап, әртістер мен суретшілердің бар жағдайын жасайтын еді дейді естелік ауторы. Алайда солардың ішнде Роза Бағланованы Осман Юсупов ерекше еркелетеді:

«Сонымен Осман-ака маған бүкіл жағдайды жасады. Дәл қаланың ортасынан, Кафанов көшесі, Тихий переулок, №11 үйден бес бөлмелі үй беріп, қажетті дүние-мүлік, пианино, сахнаға киетін киімдерге дейін дайындатып, тіпті, азық-түлікті апта сайын үйіме жеткізіп тұрды».

Партия жетекшісіне сүйікті әншісінің қалай ықпал ете алғанын мына бір үзіктен де байқауға болады: «Осы кезде Өзбекстанның Орталық комитетінде (есімін ұмыттым) Сарықұлов дейтін қазақ жұмыс істейтін. Сол кісі арқылы Осман-ака менің отбасыма көп қарасты, қамқоршы болды. Бірде Сарықұлов азық-түлік әкеліп берген кезінде: «Ал, Розочка, папаңның (Осман-аканы айтып тұр) «хитрый» телефонына хабарласып, мен туралы мәліметіңді жеткізе бер», – дейтін күлімдеп.

Бағыныштылар өзінен жоғары бастықтың оң қабағына іліну үшін, міне, осылайша олардың сүйікті әйелдерінің ауызын алды. Өзбек басшысының көмегі мен қолдауының арқасында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, одан кейін де Роза Бағланованың отбасы (қос анасы мен әжесін Ташкентке алдырған еді) аштық пен жоқшылықтың не екенін білмеді. Тіпті, соғыс жылдарының өзінде де Осман Юсупов оған ретін тауып сыйлық беріп тұрды, «кремльдік» дүкеннен тауар алу үшін қолына талон ұстатты.

Жиырма жасар қыз қолында билігі бар адамдардың қарымы да көп болатынын, байлыққа да, атаққа да жеткізе алатынын, әлеуметтік мәртебесі мен беделін көтеруге күшті ықпал ететінін түсінеді. Ол үшін билік тізгінін ұстағандармен жақсы қарым-қатынаста болу керек деген ойға келеді. Тіпті елді аузыңа қаратқан әнші болу үшін де билік өкілдерімен, бірінші басшылармен, әйтеуір аса маңызды шешім қабылдайтын адамдардың барлығымен тығыз байланыс орнату керек екен.

РОЗА БАҒЛАНОВАНЫҢ ҚОС КҮЙЕУІ

Бір қызығы, ол күйеулерін еске алған кезде міндетті түрде олардың атақтары мен мәртебелерін қосып айтады. Мәселен, «Менің күйеуім, Совет Одағының Батыры Садық Әбжаппаров...» деп бастайды.

Міне, Роза Бағланованың мемуары ол жайлы «бірде-бір рет тұрмыс құрмаған» деген кей пікірлерді жоққа шығарады. Ол бір емес, екі рет күйеуге шыққан. Алғашқы күйеуімен қос анасының таңдауы бойынша шаңырақ құрған екен. Олар қыздарын өздерінің көзі тірісінде қолдан ұзатқылары келетінін айтады. Өздері естіген бойдақ жігіттер туралы Розаға әрдайым ойын-шыны аралас айтып отырады. «Олардың арасында болашақ әділет министрі және парламент депутаты Зағипа Балиеваның әкесі Яхия да бар еді» деп жазады Роза Бағланова

«Бірде он жеті жасында өзі сұранып соғысқа барған, кейін Совет одағының батыры болып қайтқан, Орта Азия әскери округінде қызмет істеп жүрген Садық Әбдіжаппаров деген жігіт «осында қазақтың әнші қызы бар» дегенді естіп, біздің үйге іздеп келіпті.

Ол кезде Совет одағының батыры атағын алған адам саусақпен санарлық, аты жер жарады. Мұны естіген шешелерімнің, тіпті, естері шығып кетіпті. Екеуіне де қатты ұнапты: ауыздарының суы құрып, мақтауға сөз тауып айта алмай мәз. Жігіт те қарапайым, сүйкімді екен. Өзі бойдақ, әрі Совет одағының батыры деген атының өзі қандай!

Менің де әнші деген атым шығып қалған кез. Алғашқы көргеннен-ақ маған ғашық болып қалыпты. Әсіресе Мәриям шешеме қатты ұнады. «Қызым, тегін адам батыр болушы ма еді? Өзі бір иманжүзді бала екен. Іші бауырыңа кіріп, жатсынбайды, «мен – батырмын» деп кеуде соқпайды. Сөзді қой, осы кісі сенің теңің» деп құлақ құрышымды «жеп» қойды. Оған Ақкүріш шешем қосылады. Осылайша екеуміз 1945 жылы үйлендік».

Бағланованың сөзіне қарағанда, олар жеті жыл бірге тұрған. Күйеуі оны қызғанатынды шығарды. Әрі гастрольдік өмірін де ұнатпайды, бір-бірін сирек көреді. Сөйтіп ол отбасындағы әйел қызметін әдеттегідей атқара алмайды.

Роза Бағланова екінші күйеуі Сатыбалды Жатбаевпен он жылға жуық отасты. Ажырасу себебі де – бұрынғыша. Алайда әнші оған өзінің танымалдығы да қосылғанын айта келе: «Дегенмен әйелінің атақ-даңқы зор болуын көп ер жігіттер көтере алмайды ғой. Өйткені олар әйелдің көлеңкесінде қалып қоюдан қорқады» – дейді.

Роза Бағланова 1969 жылы, 47 жасында ұлды болып, есімін өз әкесінің құрметіне Тәжен деп қояды. Өкінішке қарай, ғұмырнамасында ұлы мен немерелері туралы ләм-мим демеген, кітапқа тек фотосуреттері ғана басылған.

«ЕР АДАМДАР ТОП-ТОБЫМЕН АЯҒЫМА ЖЫҒЫЛЫП ЖАТТЫ»

Отбасылық өмірін көп қозғай бермейтін Роза Бағланова оның есесіне советтік Қазақстанның жоғары биліктегі шенеуніктерімен арадағы зайырлы қарым-қатынастарын ашық айтады. Роза Бағланованың конформистік ұстанымының, бірінші басшылар мен қолында билігі бар адамдарға ұнауға тырысуының себебі осында жатқан болуы да мүмкін. «Роза және Билік адамы» тақырыбы оның ғұмырнамалық кітабында ерекше мен мұндалап тұр. Роза Бағланованың дүниеге көзқарасында лауазым, мәртебе мен бедел аса маңызды түсініктер болып саналады.

Роза Бағланова өзінің Иосиф Сталин, Никита Хрущев, Леонид Брежнев, Джавахарлал Неру, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун, Шәкен Айманов, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Жұбан Молдағалиев, Талғат Бигелдинов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов және тағы да басқа белгілі адамдармен зайырлы қарым-қатынаста болғанын ықыласпен айтады. Бұл тізімнің арасында ССРО мәдениеті мен өнерінің атақты қайраткерлері жеткілікті. Оның естеліктеріне қарағанда, осынау лауазымды ер адамдардың барлығы да оған ғашық болып, әдемілігі мен талантына таңдай қағып, бірінен бірі асыра мақтап, сый-сияпаттарын аямаған сыңайлы.

Кітапта оның әртүрлі белгілі адамдармен жүздесуі, олардың Роза Бағланова туралы айтқан сөздері, қандай мақтау сөзді үйіп-төккені ерекше сөз болады. Естелік басылымда фотосуреттер көп. Әуелі оның жастық шақтағы, әртүрлі сахналық киімдегі фотосуреттері іріктеліп берілсе, онан кейін атақты адамдармен, танымал саяси тұлғалармен бірге түскен фотолары рет-ретімен қойылған.

Ерлер туралы естелігі «кездескендердің барлығы маған ес-түссіз ғашық болып қалатын еді» дегенге саяды: «...ер адамдар топ-тобымен аяғыма жығылып жатты. Ең мықты ер азаматтардан күніне төрт банкетке дейін шақыру келетін, бірақ мен оларға назар аудармадым. Бір сөзбен айтқанда, өзімнің «табынушыларыма» қатаң, ал күйеуіме адал болып қалдым. Бәрінен де бұрын сахнаға адал болдым және адал болып та қала беремін» деп жазады әйгілі әнші.

Сонымен қатар ол бірінші басшылармен олардың саяжайларында, резиденциялары мен қонақүйлерде және жеке үйлерінде өткен бейресми кездесулері туралы әңгімелегенде айтарлықтай мақтаныш сезімі байқалып тұрады. Осы жайттарды баса айтқанды ұнататындай. Бәлкім, талантты әншінің өзін әйел ретінде сезінуінің бұл да бір әдісі болар.

«АҚ ПАТША — ҒАРЫШ АДАМЫ»

Роза Бағланова кітабының бес бетін Нұрсұлтан Назарбаевқа арнапты. Осы бес бетте ол Қазақстан президентін тек Ақ патша деп атайды. «Ақ патша» деп қазақтар орыстың Екінші Николай патшасын атап кеткені мәлім. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтарды қара жұмысқа алу жөнінде жарлық шығарған Ақ патшаға қарсы қазақтардың 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске шыққаны тарихтан аян.

Роза Бағланова банкетте Нұрсұлтан Назарбаев екеуі қосылып қалай ән шырқағанын, оның өзіне мемлекеттік наградаларды қалай табыстағанын, Розаның кеңесіне қалай құлақ асқанын, түсінде қалай көргенін ерекше мақтанышпен ажарлай айтады.

Сонымен қатар ол Нұрсұлтан Назарбаевтың елден асқан даналығын, әділдігін, парасаты мен мырзалығын ұдайы қайталаудан жалықпайды: «…мен тіпті ол кісіні ғарыштың адамы деп те атаймын. Неге десеңіз, Ақ патшам маған телефон соққан уақытта үй ішінде керемет бір аппақ сәуле пайда болады. Мен соны айқын көремін. Қалай тұтқаны қояды – ақ жолақ сәуле солай ғайып болады. Алғашында онша мән бермеуші едім. Соңғы кездері соны айқын аңғаратын болдым» деп жазады.

Роза Бағланова өзінің естеліктер кітабында елдің бірінші басшылары, лауазымды адамдармен кездесулеріне ерекше назар аудара отырып, әлемнің 54 елінде болғанын, бүкіл Совет одағы мен Қазақстанның әрбір бұрышына дейін аралағанын жазады. Өзінің абырой-беделін әлемдегі танымал тұлғалармен таныстығы арқылы көрсеткісі келетіндей сезіледі.

Әйгілі әншінің өз естелігінде билік адамдарына ерекше назар аударуы кездейсоқ емес секілді. Ол билікті ешқашан сынамады, реті келгенде аямай мақтай берді – есесіне өзіне керектінің барлығын алды.

Роза Бағланова мәңгілік президент Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі «жанбай жатып сөнген» бастаманы қолдаған мәдениет қайраткерлерінің хатына алғашқылардың бірі болып қол қойды. Бұл хат 2011 жылы 15 қаңтарда жарияланды. Үш апта өткеннен кейін өзі де қайтыс болды. Ол Назарбаевтың ірі бастамаларына қолдау көрсетуге арналған белсенділердің мұнан өзге де талай хаттарына қол қойған еді.

Әншілік жолдағы алғашқы қадамынан бастап-ақ Ташкенттегі аса жоғары лауазымды қызметкердің қамқорлығына бөленген ашқұрсақ, жұмыссыз қыз «тек қолдарында билігі барлар арқылы ғана байлық пен абырой-беделге жетуге болады» деп түсінсе керек және өмір бойы осы түсініктен айнымағына да сияқты.

Роза Бағланова естелік мемуарында өзінің әуелден таңдаулы адам болғаны туралы баса жазады. Түсінде оның үйіне Мұхаммед пайғамбар, тіпті Алланың өзі келеді. Әрине, дәл бұлай айтуға екінің бірінің «батылы» жетпесі анық.

Керісінше Роза Бағланова өзінің «қалаулы адам» екенін осы түстері арқылы одан әрі шегелей түседі. Кей тұстарда өзінің ғарыштан келгендермен құпия кездескенін кәдімгідей сендіре баяндайды. Осы кездесуден кейін оның денесінде қызыл дақтар пайда болыпты, сол үшін – яғни өзіне ғана әдейі белгі салғаны үшін Құдайға алғыс айтады.

РОЗА БАҒЛАНОВА ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ

Бір ғажабы, Роза Бағланованың кітабында Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалар, Хрущевтің жылымығы, тоқырау, қайта құру, тәуелсіздік туралы бір ауыз сөз жоқ. Құдды бұл жылдары ол бұл жерде өмір сүрмегендей, ештеңе сезінбеген, ешқандай әсер алмаған, бұл уақиғалардың оған еш қатысы болмаған секілді.

Тек 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы аз-кем айтылады. Советтік Қазақстанның бірінші басшылығына Мәскеудің ешкімге белгісіз Колбинді тағайындауына қарсы Алматы қаласында жастар бас көтергені белгілі. Кремль саясатына қарсы өткен алғаш шеруді Горбачев басқарған ССРО
1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы Брежнев алаңына шеруге шыққандар. Алматының орталық мемлекеттік мұрағатындағы сурет.
аяусыз жаныштады. Сонан кейінгі екі-үш жыл бойы Қазақстанда сталиндік қуғын-сүргін ызғырығы есіп тұрды. Бұл жолы да мәдениет пен өнер саласындағы белгілі тұлғалар, атақты ақын-жазушылар биліктің саясатын қолдап шыққан еді.

Ал Роза Бағланова Желтоқсан оқиғасын айтқанда өзін жастарға ара түскен ұлт жанашыры ретінде суреттейді:

«Болып жатқан жағдайды естіген соң Жаңа алаңға қарай бет алдым. Келсем, Олжас Сүлейменов, Ермек Серкебаев, Еркеғали Рахмадиевтер трибуна алаңының арт жағына таман тұр екен. Алаңдағы жастар уда-шу, ештеңені естіп болмайсың.

Серік Әбдірахманов мені көріп трибунаға шақырды. Артымнан бір полковник жүгіріп келіп, маған «баруға болмайды» деп, қолымнан тартқылады. Мен: «Пошел, вон!» дегенім сол еді, Б.Коряковский деген бір генерал: «Это Роза Багланова, пропусти» деді.

Асыққаннан аяғыма етігімді қоңылтаяқ киіп алыппын, күн қара суық, аяз! Трибунаға жоғары көтерілетін тепкішекке келдім де, есікті аяғыммен теуіп жіберім едім, ар жағынан Камалиденов шыға келді. Бар дауысыммен айқайлап жібердім: «Ойбай-ау, қыздарымызды шашынан жұлып, балаларымызды теуіп, ұрып жатқанда, сіздер жасырынып отыратын жерді тапқан екенсіздер» дедім.

Камалиденов мені сабырмен тыңдап алған соң, бір генералды шақырды. Генералға мен: «Жастардың бастарынан ұрып, қыздарды шашынан сүйреп жатыр, не деген масқара, жер-көк қан, қойдырсаңдаршы!» - дедім. Қандай генерал екені есімде жоқ, ол үш адамды шақырып алды да: «Прекратить рукоприкладство!» - деп команда берді.

Трибунаға шыққанда көргенім: әскери киімдегі адамдар қыздарды шашынан сүйреп, белден төмен тебеді, қолдарындағы күрекпен ұрғылайды, балаларды екі адам қолдарынан сүйрейді, үшіншісі аяғының ортасынан теуіп жатыр. Мынадай сұмдықты көріп, шошып кеттім. Көп ұзамай-ақ жастар үйді-үйлеріне қайтты.

Ертесіне Серік Әбдірахманов маған телефон шалып: «Апатай, сіз бізге керексіз» деді. «Қарағым, мен халқым үшін әрқашан да дайынмын, бара берейін бе?» деп едім: «Мәшине жіберемін, қаланың сыртымен келесіз, мәшинені өткізбей тас лақтыруы мүмкін, ешкімге сенуге болмайды» деді.

Келсем, Жаңа алаңды танк қоршап алыпты. Мені Серік күтіп алды, трибунаның жанына әкеліп; «Жастарға бірер ауыз сөз айтыңыз» деді. Мен «құп болады» дедім. Алаңдағы жастардың қақ ортасына алып келді: «Апатай-ау, байқаңыз бұл жерде неше түрлі адамдар болады» деп ескертті. Мен: «Кезінде фашистен де қорыққан жоқпын, кеше таяқталып жатқан өз балаларымнан жаным артық емес» дедім.

...Сол кезде ел-жұртым дегенде жүрегін беретін 3-4 адам ғана – Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов еді. Менен кейін осы үшеуі сөйледі. Сонымен бұл дау басылды. Мен Еркеғали Рахмадиевке де, Ермек Серкебаевқа да, Олжас Сүлейменовке де «сөз сөйлеңдер» дегенімде, олар суырылып шыға қоймады. Адамның адамгершілі осындай қиналған шақта көрінеді ғой».

ӨМІР БОЙЫ ҚОЛ ҚОЮ

Роза Бағланова куә болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы бұл әңгімеден оның аса белсенді азаматтық ұстанымы аңғарылады. Алайда бұл уәжді сол уақиғаны көзімен көргендердің барлығы бірдей мақұлдай бермейді.

Өзі қатысқан көптеген тарихи уақиғалар кезінде Роза Бағланова келісімпаздығымен танылды. Өзінің ғұмырнамасында танымал қолбасшылармен жеке кездесуі жайлы әңгімелегенімен, соғыс жылдарынан басқа елдегі аса маңызды уақиғаларды айналып өтеді.

Қазақстандағы саяси тұлғалардың бірінің пікірінше, Роза Бағланова қай кезде де билікті жақтап келді. Тек Назарбаевтың тұсында ғана емес, онан бұрынғы биліктердің тұсында да талай хатқа қол қойды.

– Бағланова, сөз жоқ, ұлы әнші. Саф алтын. Оның Назарбаевты «Ақ патшам» дейтінін және кездескен сайын қолын сүйетінін бәріміз де білеміз. Роза Бағланова деген аты бар әнші өзін де, өнерді де осынша төмендетпесе де болатын еді. Бірақ дәл бүгін бұл жөнінде ештеңе айтқым келмейді. Тірі болса. тартынбай-ақ айтар едім. Бірақ көзі кеткен адам туралы, әсіресе оның саяси ұстанымдары туралы сөз қозғағаным жараспас. Сондықтан пікірімді де, аты-жөнімді де жарияламай-ақ қойыңыздар, – деді саясаткер.
  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG