Accessibility links

Адвокат: «Жаңаөзендік сотталушылар емге зәру»


Гүлнар Жуаспаева, адвокат. Алматы, 23 қазан 2012 жыл
Гүлнар Жуаспаева, адвокат. Алматы, 23 қазан 2012 жыл

Атырауда жазасын өтеп жатқан Роза Төлетаева мен Мақсат Досмағамбетовтің денсаулығы күрт нашарлап кеткені туралы хабарланды.

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша, қамаудағы Роза Төлетаеваның денсаулығы бұрынғыдан да тым нашарлап кеткен.

- Қыркүйек айында келгенімде де оның денсаулығы мәз емес еді. Енді оның қаны аздығына қоса, арқасында ісік пайда болған, - деді адвокат. – Соның кесірінен ол менімен кездесуде де ұзақ отырып сөйлесе алмады.

Жуаспаеваның сөзінше, колонияда бірқатар маман дәргерлер бар. Бірақ колония бастығы нұсқаулыққа сәйкес оған сотталушы өзі арызданбайынша дәрігерге қарата алмайтындарын айтқан.

- Осыған байланысты Розаның бүйрек, бауыр, асқазанын тексеріп, толық сараптама алу туралы арыз жаздық. Ал Мақсат Досмағамбетов халінің нашарлығына қарамастан арыз жазудан бас тартты. Ол өзін шағымданса басқа жаққа аударып жіберуі мүмін деп қауіптенеді, - деді адвокат.

ЕРЕКШЕ ТЕКСЕРУ

Адвокат Жуаспаева Атыраудағы әйелдер колониясына кіріп шыққан соң колония қызметкері Сергей Хутрин тарапынан ерекше тексеріске душар болғанын айтты.
Мақсат Досмағамбетов халінің нашарлығына қарамастан арыз жазудан бас тартты. Ол өзін шағымданса басқа жаққа аударып жіберуі мүмін деп қауіптенеді.


- Мен оған дейін де бақылаушы тарапынан қатаң тексеруден өттім. Алайда қолында құжаты жоқ колония қызметкері менің жеке заттарымды, жазбаларымды түгел тінтіп шықты. Ол Төлетаеваның әлдебір құжат жазып бергені туралы ақпаратты тексеріп жатқанын айтты, - дейді ол.

Жуаспаева өзінің адвокат ретінде қорғалушысымен жүзбе-жүз жеке кездесу құқығының да бұзылғанын айтады.

- Қыркүйек айында кездесуге офицер қатысқан, осы жолы түрме қызметкерлері есік сыртында тыңдап тұрды, - деді ол.

ТҮСІНІКСІЗ РЕСМИ ЖАУАП

Гүлнар Жуаспаева қыркүйектен бері «Роза Төлетаева мен Мақсат Досмағамбетовке қатысты жасалған азаптауларға байланысты» медициналық сараптама жасау туралы бірнеше шағым жазғанмен түсініксіз жауаптар алғанын айтты.

- Қыркүйектен бері екі рет колония басшыларының атына Төлетаева мен Досмағамбетовтің денсаулығына қатысты сараптама жасау үшін дәрігерлерді қашан әкелуге болатынын айтуды сұрап хат жаздым. Екі хатыма да жауап алмаған соң Атырау облыстық прокуратурасына шағымдандым. Тек содан соң ғана сараптаманы сот жасайды деген жауап алдым. Ал мен олардан қашан келуге болады деп сұрап отырмын, - дейді Жуаспаева.
Жаңаөзендік белсенді Роза Төлетаева. Маусым, 2011 жыл.
Жаңаөзендік белсенді Роза Төлетаева. Маусым, 2011 жыл.

Ол өзінің Атырау облыстық прокурорына колония басшыларына заңды түсіндіру туралы шағым қалдырғанын айтты.

- Олар түрмедегі азаптау туралы шағым түскен бетте-ақ заң бойынша тәуелсіз сараптама жасатуы тиіс. Ал біз сарапшыларды шетелден немесе Ресейден шақыртпақпыз, - дейді адвокат.

Қарашының 29-ы Азаттық тілшісімен сөйлескен УК 157\11 әйелдер колониясының бастығы Нұрзада Сағынғалиева Роза Төлетаеваның денсаулығына қатысты түсірген арызына қол қойып, санитарлық бөлімге жөнелткенін айтты. Ал ерлер колониясының бастығы Ержан Молдабеков «комиссиямен жүр» деген кезекшілер жауап беруден бас тартты.

Қарашаның 28-і күні Жаңаөзен ісі бойынша сотталғандардың шағымын қараған кассациялық сот отырысы Ақтау қалалық сотының маусымның 4-і күнгі үкімін өзгеріссіз қалдырған еді.

Ол үкімге сәйкес 37 адам айыпты саналып, оның 13-іне 3 пен 7 жыл аралығында жаза кесілген болатын.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот үстінде Роза Төлетаеваның тергеу кезінде азаптауға ұшырағаны жайлы мәлімдемелер жасалған еді. Кейін бұл шағым бойынша Маңғыстау облыстық аппеляциялық сот алқасы қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.
XS
SM
MD
LG