Accessibility links

Кремль санкциясының Қазақстандағы жаңғырығы


Фермер Тұрғынбай Еркінбеков немересі Нұртілеумен Асы жайлауында. Алматы облысы, 31 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Фермер Тұрғынбай Еркінбеков немересі Нұртілеумен Асы жайлауында. Алматы облысы, 31 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жергілікті сарапшылар Батыс елдерінің ауыл шаруашылығы өнімдерінен Ресейдің бас тартуынан Қазақстан ұтуы мүмкін деген болжам жасайды. Ал елдің оңтүстігіндегі ең ірі аймаққа сапарында Қазақстан президенті ауыл шаруашылығы саласында «жаңа технологиялар жоқ» деп сөкті.

Ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы аптаның екі күнін Алматы облысына жұмыс сапарына арнаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «жергілікті аграрлық шаруашылықтар қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланбай отыр әрі жаңа технологияларды енгізбейді» деп мәлімдеген.

Қырымды бөліп алып, Украинаның оңтүстік-шығысында дағдарысты ушықтырғаны үшін Батыс елдері салған санкцияға қарымта ретінде тамыз айының басында Кремль негізгі тамақ өнімдері импортына тыйым енгізді. Бұл жаңалық Қазақстанның экспорт саласын біраз жандандырды.

«ДАМУ ҚАРҚЫНЫ БАЯУ»

Алматы облысы – Қазақстанның оңтүстігіндегі бұрынғы заманда жеміс пен көкөністі көп өндіретін аса ірі аграрлық аймақ. Назарбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығының даму қарқыны баяулап, соңғы төрт жылда Алматы облысында тауар импорты 432 миллион долларға жеткен, яғни экспорт көлемінен үш есе артқан.

Ресейде кейбір ауыл шаруашылық өнімдерінің тапшылығы сезілсе, оларды Қазақстаннан экспорттау мен реэкспорттау көлемі ұлғая ма? Батыстың ауыл шаруашылық өнімдерін басқа елдер арқылы реэкспорттауға жол бермейтінін Кремль бірден ескерткен. Бірақ скептиктердің пайымдауынша, тыйым салынған өнімдер бәрібір реэкспортталады. Ал оптимистер «Ресей импортында босаған орынды иелену үшін Қазақстан кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді күрт ұлғайта алар еді» деп пайымдайды.

Шымкент базарындағы көкөніс саудасы. 6 мамыр 2014 жыл.
Шымкент базарындағы көкөніс саудасы. 6 мамыр 2014 жыл.

Бірақ «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Аркадий Дворкович Ресейге ет, сүт, ірімшік және жеміс-көкөніс өнімдерін негізгі экспорттаушы ел ретінде Беларусьті ғана атады. Ал Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының кейбір сарапшылары Ресейдің Еуропа одағы елдеріне қарымта санкциясынан ұтуға болады деп ойлайды. Олардың пікірінше, қазір Қазақстанда кейбір азық-түлік түрлерін өндіруді ұлғайту мүмкіндігі туған.

ұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев «Жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тіпті өз қажетімізді өтеуге қауқарсыз болып отырғанда Қазақстанның жеміс-көкөністі мол етіп қайта өңдеуге шамасы келмейді. Меніңше, қазақстандық кәсіпкерлер азық-түліктің бұл түрлерін реэкспорттаумен ғана айналысады, яғни оларды Қазақстанда сатамыз деп әкеліп, қазақстандық тауар түрінде Ресейге өткізеді» дейді.

САНКЦИЯНЫ АЙНАЛЫП ӨТУ

Еуразия экономикалық комиссиясы деректері бойынша, биыл Беларусь пен Қазақстан елдерінен Ресейге экспортталған тауарлар тізімінде балық, шаян тәрізділер, омыртқасыз су жәндіктері, ірімшік, жаңғақ, цитрус тектес жемістер сияқты Қазақстан мен Беларусьте өндірілмесе де, Ресей санкциясына іліккен тауар түрлері көп. Сондықтан оларды Беларусь пен Қазақстанға әкелуге де, Еуразия экономикалық кеңістігі ішінде сатуға да ешкім тыйым сала алмауы тиіс. Азаттық тілшісінің «Бұл жағдай Ресей санкциясына іліккен ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстан арқылы реэкспорттаудың заңды жолына айналуы мүмкін бе?» деген сұрағына экономист Мағбат Спанов былай жауап береді:

Ресей тыйым салынған тауарларды Қазақстан мен Беларусь арқылы реэкспорттауға көнуі немесе үш елдің арасындағы кеден бекеттерін қайта ашуы тиіс

– Бұл бос қиял ғана, бұл идея санкция ұзаққа созылса ғана іске асуы мүмкін, бірақ санкция ұзаққа бармайды. Еуропаға жақындау Беларусь болса бірсәрі, санкция салынған тауарларды Қазақстан арқылы алу Ресейге тиімсіз.

Бұрынғы вице-министр Марат Толыбаевтың пікірінше, Ресей санкция салу тетіктерін кедендік одақтағы әріптес елдермен келісіп алмай санкция салып, өзін ыңғайсыз жағдайда қалдырған.

– Ресей тыйым салынған тауарларды Қазақстан мен Беларусь арқылы реэкспорттауға көнуі немесе үш елдің арасындағы кеден бекеттерін қайта ашуы тиіс. Кеденді қайта қалпына келтірсе, Еуразия экономикалық одағына қауіп төнеді. Немесе Қазақстан мен Беларусьтен эмбаргоға қосылып, өз территориясына тыйым салынған тауарларды енгізбеуін өтінуі тиіс, - дейді ол.

«Реэкспортты қатаң қадағалау Қазақстанға тиімді ме?» деген сұраққа Марат Толыбаев «Әуелі Қазақстанға сатылады деп әкелінген тауар кейін қайта ресімделіп, қайта оралып-қапталып Ресейге жөнелтілмес үшін Қазақстан-Ресей шекарасын бақылауға алуға тура келеді. Бұл жұмысқа қыруар ақша мен көп адам керек. Астана бұған бара қоймас» дейді.

ҚАЗАҚСТАНҒА САЛДАРЫ

Еуразия экономикалық одағы туралы келісімде әріптес елдердің бірі санкция салған жағдайда тауар әкелуге тыйым салудың бірыңғай механизмдері қарастырылмаған. Беларусь пен Қазақстан билігі бұл санкциялардың «Ресейдің біржақты қолданған шарасының бізге қатысы жоқ» деп есептейді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева Азаттық тілшісіне «Меніңше, санкция салу мәселесінде Ресейге ермеуіміз әрі Қазақстанда бұл саясатты Ресей президенті жарлығымен жүргізбеу керек» дейді.

Ет базары. Астана, 7 қараша 2013 жыл.
Ет базары. Астана, 7 қараша 2013 жыл.

Экономист Мағбат Спанов егер Ресей азық-түлікті Орталық Азия елдерінен жаппай сатып ала бастаса, Қазақстан зардап шегеді деп санайды. «Ресейде баға қымбатырақ. Ал жергілікті бизнес өз өнімін шетелге қымбатқа сатқысы келеді. Сондықтан бізде азық-түлік бағасы, әсіресе жанар-жағармай қымбаттап жатқан тұста күрт өсіп кетуі мүмкін» дейді ол.

Марат Толыбаевтың пікірінше, қазіргі жағдайда Қазақстан Ресей эмбаргосынан тікелей шығынға бата қоймайды. Бірақ Қазақстан Ресейді қолдауды ұйғарып, эмбаргоға қосылса, Астана Ресей санкция енгізген тауарларды Қазақстанға әкелуге де тыйым салады. Сөйтіп, Қазақстан қаржылай шығынға батады әрі беделі де ақсайды.

Ал жергілікті сарапшылар мұның Ресейден өтемақы талап етуден басқа қисынды жолы жоқ деп санайды.

(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)

XS
SM
MD
LG