Accessibility links

Назарбаев Украина мен Ресейді ымыраға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан мен Беларусь президенттерінің Украинаға сапарлары кезіндегі мәлімдемелерін кейбір сарапшылар «Ресейдің агрессияшыл саясатынан аулақ кету» деп сипаттады.

Желтоқсанның 22-сі күні Киевте Украина президенті Петр Порошенкомен кездескен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «бітімгершілікке» дайын екенін айтты. Назарбаев Порошенконы «Адам өліп, соғыс жүріп жатқанына қарамастан Жоғарғы Рада (парламент – ред.) сайлауын өткізіп, үкімет құрғанымен» құттықтады және бұл оқиғаны украин президентінің «үлкен жеңісі деп санайтынын» айтты. Сонымен қатар ол Минск келісімін де «Порошенконың еңбегі» деп сипаттады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Петр Порошенкоға айтқан сөзіне қарағанда, Қазақстан «Киев пен Астана арасындағы экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіруге әзір». Ол Донбастағы дағдарысты бейбіт жолмен шешуге шақырып, «Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын» мәлімдеп, «Ресейді де, Украинаны да елдің аумақтық тұтастығын сақтай отырып, тығырықтан шығудың жолын іздеу үшін бірлесіп жұмыс істеуге» шақырды.

Осыған ұқсас мәлімдемелерді кеше желтоқсанның 21-інде Киевке келіп, Петр Порошенкомен кездескен Беларусь президенті Александр Лукашенко да айтқан. Ол «экономикалық қиындықтарға ұшырап жатқан Украинаға көмектесуге дайын» екенін мәлімдеген.

«ҚАЗАҚСТАН АРАҒАЙЫН БОЛА АЛА МА?»

Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенконың Киевке араға бір күн салып қатар келуін Қазақстан, Украина және Ресей БАҚ-тары мен саяси сарапшылары әрқилы бағалады.

Желтоқсанның 21-і күні эфирден көрсетілген жергілікті телеарна журналистерімен телесұхбатында президент Назарбаев Украинаға сапары кезінде осы елдегі саяси жанжалда бітімгер рөл атқаруы мүмкін екені жөнінде емеурін білдірген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

«Халықаралық деңгейдегі жанжалдарға бітімгершілік жасап жүрген Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстарға арағайындық жасауға мүмкіндігі бар екені» ресми БАҚ-тарда бірнеше рет жазылып, билік тарапынан ыңғай танытылған. Назарбаев Украинадағы жанжалдасушы тараптарға Астанада келіссөз өткізуді де ұсынған.

Тәуелсіз сарапшы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, халықаралық жанжалдарды шеше қоймаса да, Қазақстанның осы жолы, яғни Ресей-Украина жанжалында бітімгер рөлін ойнауына мүмкіндігі бар. Оған кей кездері Ресейге санкция салып отырған Батыс та мүдделі болуы мүмкін. Сарапшы таяуда Франция президенті Франсуа Олландтың Астанаға ресми сапармен келіп, қайтарда Мәскеуге соғуын сол мүдденің бір белгісі деп санайды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен тағы бір қазақстандық сарапшы, сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Расул Жұмалы «осы уақытқа дейін Қазақстанның арағайындық жасап, шиеленіскен мәселелерді шешкенін көрмегенін айтады. Оның сөзінше, «Украинаға қатысты Қазақстанның дәнекер болу ниетінен нәтиже шығуы екіталай. Өйткені Ресей бұл мәселені шешуге қатысты нақты сыңай білдіріп отырған жоқ».

ВИДЕО: Белсенділер Порошенконың Назарбаевпен келіссөз жүргізбеуін талап етті. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

«УКРАИНАҒА ЖАҢА АЛАҢНЫҢ ҚАЖЕТІ ШАМАЛЫ»

Ал Азаттықтың Украин қызметі сөйлескен украиналық сарапшылар президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Украинаның аса зәру еместігін, Киевке Донбастағы жанжалды реттеу үшін жаңа келіссөз алаңының қажеті шамалы екенін айтады. Олар Назарбаев пен Лукашенко сапарының бір мезгілге сай келуін «Ресейдің агрессияшыл саясатынан аулақ кеткісі келетіндерінің көрінісі» деп есептейді.

Украиналық сарапшы Тарас Чорновилдің айтуынша, «Қазақстан мен Беларусь президенттерінің Украинаның аумақтық тұтастығын мойындайтынын және Ресей орындамай отырған Минск келісімін қолдайтынын ашық білдіруі – олардың Ресей ықпалында қалғысы келмейтінінің айқын белгісі».

Украиналық тағы бір сарапшы Игорь Семиволос: «Назарбаев – Путин құлақ салып тыңдайтын саясаткер. Бірақ оның Киевке келуі Кеден одағында жарықшақ бар екенін көрсетеді» деп есептейді.

Беларусь президенті Александр Лукашенко. Киев, 21 желтоқсан 2014 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко. Киев, 21 желтоқсан 2014 жыл.

Назарбаев пен Лукашенконың Украинаға қатар келген сапары ресейлік БАҚ-тардың да назарын аударды. Лукашенконың Украинаның аумақтық тұтастығын қолдап, елдің шығысындағы сепаратистік күштер құрған республикаларды мойындамауын ресейлік БАҚ «Мәскеуге қыр көрсету», «Батысқа бет бұру» ретінде сипаттады.

Бұл жөнінде ресейлік саясаткерлердің реакциясы да белгілі болды. Ресей мемлекетік думасы халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Алексей Пушков Беларусь президентін «асығыс қадамдардан, соның ішінде АҚШ-пен достасудан сақтандыратын» мәлімдеме жасады. «АҚШ-пен достаспақ болған Милошевич, Каддафи, Хусейндердің тағдыры белгілі. Енді АҚШ Лукашенкоға «жаңа қатынастар» ұсынбақ көрінеді. Өте қауіпті тәжірибе» деді ол.

2010 жылы Кеден одағына біріккен Ресей, Қазақстан және Беларусь арасында 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразия экономикалық одағы құрылады. Оған желтоқсанда Армения да қосылу келісімін бекітті. Қырғызстан да үкіметі де бүгін бұл одаққа кіру шартын мақұлдады. Алайда биыл Украинамен жанжалдасқанына байланысты Батыс елдері Кремльге қарсы салған санкциядан кейін Ресейде валюта дағдарысы басталып, бұл одақтың болашағына күмәнмен қараушылар көбейе бастаған.

Қазақстан президентінің Ресей-Украина дағдарысы кезінде арағайындық жасау әлеуеті туралы алғашқы мәлімдемелері биыл наурыз айының бас кезінде пайда болған. Украинадағы саяси ахуалға қатысты наурыз айында президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамамен, Германия канцлері Ангела Меркельмен және Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен телефон арқылы әңгімелескен.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG