Accessibility links

Беларусь пен Ресейдің дауы Қазақстанға әсер ете ме?


Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) ЕАЭО келісіміне қол қойған соң бір-бірін құттықтап тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) ЕАЭО келісіміне қол қойған соң бір-бірін құттықтап тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Беларусь Ресеймен шекарасына кедендік бақылауды қайта орнатты. Сарапшылар бұл шараның Қазақстанға қандай әсері боларын талдады.

2011 жылы Ресей және Қазақстанмен бірге Кеден Одағын құру туралы келісім жасасып, соған сай кедендік бақылау бекеттерін алып тастаған Беларусь оны қайта орнатты. Ресейдің федералдық кеден қызметінің мәліметінше, бақылау біржақты түрде қалпына келтірген.

Соңғы уақыттары Ресей Беларусь тауарларына қарсы бірқатар санкция қолданып, ол елдегі ет комбинаттарының көпшілігінің өнімдерін «санитарлық талаптар бұзылғандықтан» импорттауға тыйым салған.

Қарашаның 27-сінде Беларусь президенті Александр Лукашенко «Ресей Беларусь азық-түлік өнімдерін тасымалдауға қойған шектеулерін жоймаса, жауап шараларын жасауға» уәде берген.

Қазақстан сарапшылар Беларусьтің Ресеймен арада кедендік бақылауды қайта орнату себебін түсіндіре келе оның Қазақстанға қалай әсер етерін де болжады.

Расул Жұмалы, саясаттанушы

Расул Жұмалы, саясаттанушы.

Расул Жұмалы, саясаттанушы.

– Бұл – Беларусь басшыларының әбден негізді шешімі. Іс жүзінде Кеден Одағы дегеніміз – Ресейдің ғана мүддесін көздеген мемлекетаралық ұйым. Беларусь билігінің бұл қадамы – мемлекеттің ұлттық, стратегиялық, экономикалық және сауда мүдделерін көксеген әбден негізі бар шешім. Меніңше, Қазақстан да баяғыдан осы мәселелерді қолға алуға болар еді. Қазақстан әрі қарай да Ресейдің айтқанымен, Ресейге тәуелді болып жүре берсе, одан әрі мүддесіне нұқсан келетіні анық. Бұл шындықты неғұрлым ертерек түсінсек, елімізге де, билікке де соғұрлым жақсы болар еді. Бірақ дәл сондай түсінік, дәл сондай ерік-жігер жеткілікті деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанның соңғы бір-екі айда ғана емес, Кеден Одағына енгеннен бері көріп отырғаны – тек қана шығын мен келеңсіз жайттар.

Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист

Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист.

Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист.

– Меніңше, Ресей президенті Владимир Путин бұл мәселеде ымыраға келіп, шешімін табуы тиіс. Мұны Минск тарапынан жасалған күрделі қадам деп есептемеймін. Минск өз құқығын қорғап отыр.

Жалпы, Астананың да бәріне көңілі толып отырғаны шамалы. Дипломатиялық деңгейде өзара келісімдер жүріп жатқан болар. Егер ортақ мәмлеге келмесе, күрделі проблемалар болуы әбден мүмкін. Мұндай сакциялар Қазақстанға қатысты да қолданылуы мүмкін. Өйткені кей салаларда қазақстандық тауарлардың да сапасы сын көтермейді.

Мағбат Спанов, экономист

Мағбат Спанов, экономист.

Мағбат Спанов, экономист.

– Мемлекеттер арасындағы ортақ консенсустың қабылданғанына қарамастан Ресей көп мәселелерді ақылдаспай, өз мүддесіне қарай шешіп жатады. Көптеген ресейлік басшылар Қазақстанның да тәуелсіз мемлекет екенін ұмытып кетеді. Әрине, Қазақстан экономикасы көлемі жағынан біршама кіші шығар, бірақ ертең барлығы да өзгеруі мүмкін.

Ресейдің неоимпериялық ойлауы Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) секілді болашағы бар жобаны құрдымға кетіруі мүмкін. Жақсы жағдай жасалса, бірнеше жылда ЕАЭО Еуропа Одағының баламасы не бәсекелесі бола алады. Олай болмаған жағдайда ЕАЭО-ның тағдыры Совет Одағының тағдыры секілді болмақ.

Жамбыл Ахметбеков, парламент мәжілісі депутаты

Жамбыл Ахметбеков, парламент мәжілісі депутаты.

Жамбыл Ахметбеков, парламент мәжілісі депутаты.

– Ресей мен Беларусь «сен жақтан контрабандалық тауар келіп жатыр» деп бір бірін жазғырған соң шекараны кедендік тексеріске ұшыратқаны дұрыс. Меніңше, бұл – уақытша шара. Бұл іс Қазақстанға еш әсер етпейді.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы

– Ресей мен Беларусьтің қарым-қатынасы коммуналдық пәтерде бірге тұратын көршілердікі секілді. Болмашы нәрсеге бола ұрсысады да тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Ресеймен ашық текетіреске бармайды. Егер мәселе туындап жатса, Астана солтүстіктегі көршісін ренжітіп алмауға тырысады. Сондықтан бұл істе Қазақстан әдеттегідей «түсіністікпен қарап», президент Назарбаевтың татуластырушы рөлін атқаруына тура келетін сияқты.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG