Accessibility links

«Медуза» сайты бұғаттан босау амалын тапты


Аңса Мұстафаның карикатурасы.
Аңса Мұстафаның карикатурасы.

Қазақстан территориясында бірнеше шетелдік интернет-сайт бұғатталып тұр. Кей сайттардың әкімшілігі биліктен жауап алмаған соң, бұғатты өздігінен бұзу амалдарын іздеп жатыр.

Әлем мен Ресей жаңалықтарын тарататын «Медуза» интернет-сайты осы аптаның басында Қазақстанда қайта ашыла бастады. Бірақ іске қосылған күні-ақ бұғатқа ілігіп, елдің көп бөлігінде әлі бұғаттаулы тұрған «Медуза» сайтына android-платформасы бар телефон иелері ғана кіре алады. Сайттың жаңа бас редакторы Иван Колпаков сайт авторлары Қазақстандағы бұғатты айналып өтетін бағдарлама құрастырғанын хабарлап, «Медуза» сайтына жазылушыларға хат жолдады.

«Соңғы бір жыл бойы біздің техникалық бөлім жергілікті шенеуніктермен мысық пен тышқан ойынын ойнаумен болды, ақыры шенеуніктер дес бермей, бұл елде қосымшаларымыз бір апта ғана жұмыс істеді. Қазір біз «Қазақстанда қосу» деген түймесі бар жаңа Android-қосымша шығардық. Егер сіз осы елде тұрсаңыз, жаңа функцияның шамасын байқап көріңіз. Егер жергілікті билік бізді бұғаттауға тырысса, оларға бізбен бірге Google сервистерінің жартысын да «жарымжан» етуіне тура келеді. Енді не амал істей алатындарын көрелік» деп жазады Колпаков.

Мобильдік нұсқасында кей функциялар жоқ болмағанымен, «Медуза» ұялы құрылғыларда (IPhone телефонынан өзге) іркіліссіз ашылып тұр. Әзірше «Лента.ру» сайтының бұрынғы ұжымы құрған ресурс қана бір амалын тапқан сияқты. Ал Қазақстан территориясында бұғатталған шетелдік сайттар қайта ашылудан әдетте үміттене алмайды. Тіпті бұғаттан босаған күннің өзінде ресурс иелері аяқ асты «электрондық амнистияға» не себепті іліккенін білмей дағдарады.

БҰҒАТТАР ЛЕГІ

«Медуза» сайты ашылған бетте - 2014 жылдың қазанында Илья Азардың «Өскемен халық республикасы» деген алты ай бұрынғы Қырым оқиғасын қайталану ықтималдығы туралы мақаласы шыққаннан кейін бірден бұғатталған болатын. Бірақ «Медузаның» иесі Илья Красильщиктің айтуынша, сайт қызметіне Қазақстан территориясында тыйым салынғаны жайлы ресми органдардан еш дерек алмаған.

«Медуза» сайтының Ригадағы редакциясы. 30 наурыз 2015 жыл.
«Медуза» сайтының Ригадағы редакциясы. 30 наурыз 2015 жыл.

2015 жылдың қазанында Азаттық сауалына жолдаған хатында Илья Красильщик «Біз ресми құжаттарды да көрген жоқпыз, ешкім қоңырау да соққан жоқ. Себептерін баспасөзден ғана біліп жатырмыз, ал сайттың бұғатталғанын қолданушылардан естідік. Себебі түсінікті. Қазақстанда тұратын орыстар жайлы мақаланы экстремизм деп таныған» деп мәлімдеген.

Бірақ ресми құжат бар болып шықты. Қазақстанның инвестициялар және даму министрлігіне қарасты байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті сайтты бұғаттау туралы өтінішті Астананың Есіл аудандық сотына 2014 жылы қазанның 22-сі күні жолдаған. Комитет өкілдері Tengrinews.kz сайтына берген комментариінде «Медуза» сайтында жарияланған мақалада ұлтаралық өшпенділікті немесе араздықты қоздыру және Қазақстан территориясы тұтастығын күшпен бұзуға жанама шақыру белгілері бары анықталды» деп мәлімдеген. Илья Красильщик 2016 жылдың наурыз айының басында Азаттыққа берген комментариінде редакция шенеуніктерді райынан қайтаруға тырысудың мәні жоқ деп санайтынын айтқан. Басылым өзге амалын тапқаны енді түсінікті болды.

ЭРОТИКА НЕМЕСЕ АВТОРИТАРИЗМ ЖАЙЛЫ МАҚАЛА

Ал тағы бір ресурс – ер адамдарға арналған Maxim танымал журналының интернет нұсқасы басшылығы шенеуніктерді хат арқылы райынан қайтару жолын таңдаған. Сайт бір жылдай бұғатталып тұрды. Бұғаттау нақты қай күні басталғаны белгісіз, мұны ресурс басшылары да байқамаған. Басылымның бас редакторы Александр Маленковтың айтуынша, оларға да «сайтқа кіру мүмкін емес» деген алғашқы хабарлар қадағалаушы органдар емес, оқырмандар мен таныстарынан түскен.

- Сіздің елдің билігіне біздің жалаңаш қыздар ұнамай қалған шығар. Бұл - эротика, Ресейде ол «16+» санатына жатады. Ал Қазақстанда бұл тақырыпқа қаншалықты тыйым салынғанын мен білмеймін, - дейді ол.

Сіздің елдің билігіне біздің жалаңаш қыздар ұнамай қалған шығар. Бұл - эротика, Ресейде ол «16+» санатына жатады. Ал Қазақстанда бұл тақырыпқа қаншалықты тыйым салынғанын мен білмеймін.

Maxim сайты бас редакторының айтуынша, сайтты бұғатталғаны жайлы ешкім ескертпеген, сондықтан Александр Маленков тіпті «бұғаттауға сайтта жарияланған авторитаризм жайлы мақала түрткі болуы да мүмкін» деп жорамалдайды. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі әлгі мақала ғана емес, тұтас сайтта да мүлде аталмағанын кілт сөздер арқылы іздеу көрсетті.

Маленков сайтты бұғаттау себебін түсіндіруді сұрап Қазақстан бас прокуратурасына, байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне және бас провайдер - «Қазақтелеком» компаниясына хат жолдаған. Журнал мен сайт редакциясы әлгі мекемелерден жазбаша жауап алмаған, есесіне тыйым салу себебін де, кенеттен рақымшылық жасау себебін де түсіндірместен, сайтты бір айдың ішінде аяқ астынан бұғаттан босатқан.

Maximonline.ru сайтын бұғаттауға кез-келген себеп түрткі болуы мүмкін. Журнал кез келген жайтқа қатысты өзінің мысқыл ұстанымын жасырмайды, халықаралық саясат жайлы да, есірткі жайлы да, коррупция жайлы да жазады.

Қазақстанда белгілі ресейлік журналист Олег Кашиннің Kashin.guru сайты да бұғатталған, «Эхо Москвы» радиосы сайты да осындай проблемаға тап болған, Ferghananews.com сайты ашылмайды, «Медуза» да бұрынғысынша бұғаттаулы.

БҰҒАТТАЛҒАН САНА

«Байланыс туралы» заңда Қазақстанның инвестиция және даму министрлігіне қарасты байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне сайттарды сот шешімінсіз бұғаттауға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылғаны 2016 жылдың басында белгілі болды. Бұл ведомствоның белгілі бір интернет-ресурсты бұғаттауға қатысты өз позициясын түсіндіріп жатпауына жақсы сылтау болды. Сол кезде инвестициялар және даму министрлігінің өкілі Бекзат Рахымов:

- Бұрын сот шешімі шыққанша екі айдай уақыт өтіп кететін, ал бұл кезде заңға қайшы материалдар интернетте тарап жататын. Оның үстіне, соттар «Егер заңда әлдебір ақпаратты шектеу нормалары анық жазылған болса, бізден несіне шешім сұрайсыңдар? Өздерің неге бұғаттай бермейсіңдер?» деп бізді көп жазғыратын. Сондықтан заңды өзгертіп, бұл істі өз құзырымызға алдық, - деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: «Заңсыз» материалдарды енді сот шешімінсіз бұғаттай алады

Кейде мүлде қисынсыз бұғаттап тастайды. Бұғатталған ресурс өкілдерімен қанша сөйлесіп жүрміз, олар бұғаттау жайлы ешқашан ескертпейтінін айтады.

Комитет басқармасы өкілдері «бұғатталған сайттардың иелерінің бәрі шағым түсіре алады әрі оларға бұғаттау туралы алдын ала ескертіледі» деп мәлімдеді. Бірақ «Құқықтық медиа-орталық» заңгері Гүлмира Біржанованың дерегінше, бұл ереже көбінесе орындалмайды.

- Кейде мүлде қисынсыз бұғаттап тастайды. Бұғатталған ресурс өкілдерімен қанша сөйлесіп жүрміз, олар бұғаттау жайлы ешқашан ескертпейтінін айтады, - дейді Біржанова Азаттыққа.

Оның айтуынша, бұл «керек болып қалар» деген оймен бұғаттайтын жүйе болуы мүмкін, яғни комитет әлдебір ресурсқа тыйым салу туралы әуелі ұйғарым шығарып алады да, себебін кейін іздей бастайды. Бұл пікірді «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева да қостайды.

Меніңше, олар әлдебір айыптауларға ілікпес үшін, яғни артық сақтанып бұғаттап тастайтын сияқты. Бұл жай сақтық амалы ғана, өйткені кейін «қайда қарадыңдар» деген сөгіс естігеннен әлдебір ресурсты бұғаттай салу оңай ғой.

- Меніңше, олар әлдебір айыптауларға ілікпес үшін, яғни артық сақтанып бұғаттап тастайтын сияқты. Бұл жай сақтық амалы ғана, өйткені кейін «қайда қарадыңдар» деген сөгіс естігеннен әлдебір ресурсты бұғаттай салу оңай ғой, - дейді ол.

Гүлмира Біржанованың айтуынша, сайттарды бұғаттау үшін ақпараттандыру комитетінің құралы жеткілікті: олар соттың рұқсатын сұрамайды, бұғатталған сайттардың «қара» тізімі жоқ (сондықтан сайтқа тыйым салынды ма, жоқ па – мұны ешкім ешқашан нақты білмейтін болады). Бірақ кейде комитет «кейбір бұғаттауларға қатысымыз жоқ» деп мәлімдеп жатады. Ratel.kz және Zonakz.net сайттарын бұғаттау кезінде осылай болған. Бірақ Гүлмира Біржанованың болжамынша, комитеттің бұған тікелей қатысы болмаса да, әлгі сайттардың Қазақстан территориясынан бұғатталғаны анық.

«Медузаға» қатысты жайт бұғаттаушылардың кез-келген әрекетіне тойтарыс беру амалы түбі табылатынын көрсетеді. Гүлмира Біржанованың айтуынша, елде анонимайзерлерді қолдануға ресми түрде тыйым салынған, бірақ «Медуза» құрастырған бағдарлама оған жата ма, жоқ па – бұл жағы онша түсінікті емес. Егер сайттың бас редакторы Иван Колпаков асырып айтпаса, Google-ге қатысты проблемалар туады деген қорқыныш бұғаттаушыларға тосқауыл болуы мүмкін.

Интернет-ресурстардың бұғаттаудан босауға тырысқан әрекеттеріне қатысты ресми органдардың позициясын білу мүмкін болмады. Ведомство өкілдері комитеттің жұмысына байланысты кез келген сауалды кәдімгі пошта арқылы жолдауды сұрайды. Тыйым салынған сайттар жайлы Азаттықтың наурыз айында жолдаған сауалына бұғаттау шешімін орындаушы ретінде «Қазақтелеком» мақала жарияланғанша жауап бермеді.

Олардың мақала жарияланғаннан кейін, яғни сәуірдің 15-і күні келген жауаптарында «Қазақтелеком» АҚ Азаттық хатына kashin.guru, meduza.io, fergananews.com, echo.msk.ru, maximonline.ru ресурстарына қатынаудың күрделілігі туралы сұранысына жауап ретінде, «Қазақтелеком» АҚ желісінде жоғарыда көрсетілген ресурстарының бұғатталмағанын хабарлайды» деп жазылған.

Бұғатты айналып өту тәсілдері. "Настоящее Время" бағдарламасы (орыс тілінде):

Запрещенные в Казахстане сайты работают через мобильные приложения
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:25 0:00
XS
SM
MD
LG