Accessibility links

Ресей АҚШ-тың Орталық Азиядағы есірткіге қарсы жоспарына наразы


АҚШ әскерлері Ауғанстанның Гельменд провинциясында. 23 ақпан, 2010 жыл.

АҚШ әскерлері Ауғанстанның Гельменд провинциясында. 23 ақпан, 2010 жыл.

АҚШ-тың Ауғанстаннан Орталық Азия арқылы өтетін есірткі тасымалына қарсы күрес жоспарына тосқауыл қоюы - Ресейдің өз ықпалындағы аймаққа АҚШ әскерінің келуінен сақтануы дейді сарапшылар.

16 ақпан күні Венада АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Уильям Бернс пен мемлекеттік хатшының көмекшісі Уильям Браунфильд әлемдегі ең үлкен апиын өндірісі Ауғанстаннан Орталық Азия арқылы Ресейге келетін есірткі тасымалына қарсы күрес жоспарын таныстырды.

АҚШ бұл жоспар аясында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан,Тәжікстан және Түркіменстанда 25 адамнан тұратын мақсатты жұмыс топтарын құруды ұсынады. Ол топтарға кіретін жергілікті есірткі тасымалына қарсы күрес агенттіктерінің қызметкерлері негізінен ақпарат алмасу, шекаралас аймақтарда операцияларды үйлестіру мәселелерімен шұғылданады.

Өткен жылы көктемде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресейге барып қайтқан Уильям Браунфильд осы жолы Венадағы Ауғанстанның есірткі тасымалына қарсы күрес халықаралық форумының – Париж пактісі министрлер кеңесінде жоспарға қолдау болады деп үміттенген еді.

Ресейдің «Коммерсант» газеті Венадағы аталған жоспардың таныстырылымы алдында Ресей делегациясының мүшелері Орталық Азиядағы әріптестері арасында түсінік жұмыстарын жүргізгендігін жазған. Ресей "АҚШ бастамасы аясында құрылған арнайы топтар Орталық Азия елдерінің күш құрылымдары мен арнайы қызметтеріне түсетін барлық құпия және шұғыл мәлімет-деректерге де ие болады" деген қауіп айтады.

АҚШ өз ұсынысының ешқандай саяси астары жоқ екендігін айтып, күмәнді сейілткісі келеді.

"Коммерсанттың" мақаласында Ресейдің Венадағы келіссөздерге қатысқан аты аталмаған өкілінің: "Жаңадан бір нәрсе құрудың қажеті қанша, бұл елдерде Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымының жұмыс істеп тұрған құрылымдары бар ғой. Егер америкалықтар шындығында есірткі тасымалымен күрескісі келсе, соларға қосыла салмай ма?" деген сөзі келтірілген.

АҚШ мемлекеттік хатшысының халықаралық есірткі тасымалы және тәртіп бойынша көмекшісі Уильям Браунфильдтің есірткіге қарсы күрес бастамасы бұл елдерде АҚШ-тың да, Ресейдің де күштерінің жаппай орналасуын қажет етпейді деген уәжі Ресей жағын иландыра қоймады.

Вашингтондағы Хадсон институты әскери-саяси талдау орталығының директоры Ричард Вайц Азаттық радиосына берген сұқбатында айтуынша, АҚШ-тың есірткі тасымалына қарсы күрес жоспарына қарсылық танытқан Ресейдің ісі - Американың осы аймақтағы кез-келген рөліне аса сенімсіздікпен қарайтынының дәлелі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG