Accessibility links

Ресеймен арада кедендік бақылау орнату айтыла бастады


Ресейден сатуға әкелінген көлікті қарап жүрген адам. Ақтөбе, 19 желтоқсан 2014 жыл.

Ресейден сатуға әкелінген көлікті қарап жүрген адам. Ақтөбе, 19 желтоқсан 2014 жыл.

Мұнай бағасының құлдырауы мен Украинадағы дағдарысқа байланысты Батыс елдерінің Мәскеуге салған санкциялары салдарынан Ресей рублінің құнсыздануы қазақстандық тауар өндірушілерге кері әсерін тигізді.

Қазақстанда ұлттық экономиканы қорғау үшін Ресейден арзан бағамен келіп жатқан тауарлар ағынына тоқтау салып, көрші елмен арада кедендік бекеттерді қалпына келтіру жайлы ұсыныстар айтылып отыр. Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) үкіметке Ресейден әкелінетін жекелеген тауар түрлеріне уақытша шектеу енгізген жөн дейді.

«Қазіргі уақытта Ресейден әкелінетін құрылыс материалдары, көлік, аккумулятор, құс еті мен жұмыртқа импортына шектеу енгізуді ұсындық» деді ҰКП өкілі Рақым Ошақбаев қаңтардың 27-і күні журналистерге.

Қазақстанда кәсіпорындар шығынға батып, кейбірі жұмысшыларын қысқартып, тіпті жабылып жатқанын алға тартқан Ошақбаев жағдайды бұдан ары асқындырмаудың екі амалы барын айтады.

Ресей форс-мажорға тап болғандықтан біз ұлттық экономикамызды қорғау шараларын қабылдауға тиіспіз.

«Біріншісі, Ресейдегі девальвацияны есепке ала отырып, валюта бағамының тарихи теңгерімін бұрынғы межеге қайтару. Екіншісі, уақытша шара ретінде, ең осал позициялар бойынша Ресеймен шекарада кедендік және квазикедендік бақылауды қалпына келтіру. Өйткені Ресей форс-мажорға тап болғандықтан біз ұлттық экономикамызды қорғау шараларын қабылдауға тиіспіз. Бұл – жеке пікірім» деді Ошақбаев radiotochka.kz сайтына.

Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы көтеріп отырған мәселені арнайы жұмысшы тобы осы аптада ресейлік әріптестерімен кездесіп талқылайтын болады.

Қазақстан макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов Ресеймен арада кедендік бекеттерді қалпына келтіріп, отандық тауар өндірушіге бәсекелестік тудыратын тауарларға шектеу енгізуді қолдайды. Оның айтуынша, мұндай шара сонымен бірге рубльдің айналымын бақылауда ұстауға мүмкіндік бермек.

Құдайбергенов дағдарыспен күрестің тиімді шарасы ретінде жоспарлы түрде жүргізілетін баяу девальвация стратегиясын қолдануды ұсынады. Маманның сөзінше, мұндай шараның көмегімен жыл соңына дейін АҚШ долларының бағамын 195-196 теңге мөлшерінде ұстауға болады.

Бірақ Қазақстан мен Ресей арасында кедендік бақылауды қайта орнату бұл екі елдің қатысуымен жаңа жылдан іске қосылған Еуразия экономикалық одағы келісіміне қарсы келеді дейді кейбір сарапшылар. «Кенесары хан» қоғамдық қорының жетекшісі Уәлихан Қайсардың пікірінше, Қазақстан бұл одаққа қосылғалы экономикалық дербестігін басқа мемлекетпен бөліскен елдің күйін кешіп отыр.

Уәлихан Қайсар Азаттық ұйымдастырған онлайн-конференцияда отыр. Астана, 4 қазан 2012 жыл.

Уәлихан Қайсар Азаттық ұйымдастырған онлайн-конференцияда отыр. Астана, 4 қазан 2012 жыл.

– Қазақстан келісімде мойнына алған міндетін ұйымға мүше басқа елдердің келісімінсіз біржақты түрде өзгерте алмайды. Ең өкініштісі, жағдайдың осылай өрбуі мүмкін екенін әу бастан біле тұрып кірдік бұған. Ол экономикалық қана емес, саяси тәуелсіздігімізге де шектеу болып отыр, – дейді Уәлихан Қайсар.

Тамақ өнімдері мен оның қаптамасын шығаратын алматылық кәсіпкер Елена Райкова Ресеймен шекарада кедендік бақылауды қайтадан қалпына келтіруге қарсы. Оның пікірінше, көрші елден келетін жекелеген тауарлар түрлеріне шектеу қою Қазақстанның бүкіл рыногын қалыптасып отырған күрделі жағдайдан құтқара алмайды.

– Олай болса бізге Кеден одағына енудің қажеті қанша еді? Бізде шығатын өнімдердің барлығы Ресейде де бар, енді соның бәріне шектеу енгіземіз бе? Беларусь сияқты біз де теңге девальвациясын жасауымыз керек, одан басқа жол жоқ, уақыт өткізбеуіміз керек. Теңге бағамы тауарды сырттан тасуды емес, өзімізде өндіруді ынталандыратындай болуы керек. Ал қазіргі теңге бағамы ресейліктерге пайдалы болып тұр. Жұрт көлік, азық-түлік, тіпті үйге дейін Ресейден сатып алып жатыр, – дейді кәсіпкер.

Халықаралық бизнес университетінің профессоры Мағбат Спанов Ресеймен арада кедендік бақылауды қайта қалпына келтіру күмәнді екенін айтады.

Халықаралық бизнес университетінің профессоры Мағбат Спанов.

Халықаралық бизнес университетінің профессоры Мағбат Спанов.

– Еуразия экономикалық одағы туралы келісім енді ғана қосылған кезде ондай шараға бара қоймайды деп ойлаймын. Қазіргідей жағдайда кезекті рет девальвация жасау да оң нәтиже бермейді. Біздегі бизнес негізінен олигархтық-монополиялық капитализм түрінде қалыптасқандықтан, елдегі шағын бизнес одан аттап өте алмайтын жағдайда қалған. Экономиканың тиімсіз, тауардың өзіндік құнының тым жоғары болуы Қазақстан экономикасы қалай басқарылып отырғанына байланысты. Қазіргі үкімет экономикадағы қиындықтарды жеңуге қабілетсіздік танытып отыр, – дейді экономист.

Мағбат Спановтың пікірінше, отандық тауар өндірушілерге шынайы қолдау көрсету үшін ең алдымен ұлттық экономикада түбегейлі реформалар қажет.

– Халықтың еңбек етіп, табысы ұлғаюы үшін ең әуелі елдегі саяси-экономикалық басқару жүйесін тұтасымен реформалап, аймақтарға берілетін өкілеттіктерді кеңейтуіміз керек, – дейді ол.

Қазақстан, Ресей және Беларусь бірлесіп құрған Еуразия экономикалық одағы туралы келісім 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енді. Қаңтардың 2-сі күні Армения бұл одақ құрамына ресми түрде енген, Қырғызстан да мамырдан бастап одаққа кіруге келісім жасасқан. Одақ келісімі бойынша, оған мүше елдер өз араларында тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін өтуіне мүмкіндік беруге міндеттеме алған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 1,2 миллион кәсіпорын мен жеке кәсіпкер тіркелген. Шағын және орта бизнес саласында 3 миллионға жуық адам еңбек етеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG