Accessibility links

«Ресей халықаралық жүк тасымалы конвенциясын орындамай отыр»


Ресей кеденінде тексерісте тұрған Қазақстан жүк көліктері деп жарияланған видеодан скриншот. 10 қыркүйек 2015 жыл.

Ресей кеденінде тексерісте тұрған Қазақстан жүк көліктері деп жарияланған видеодан скриншот. 10 қыркүйек 2015 жыл.

Қыркүйектің 3-і мен 11-і аралығында Қазақстанға кіретін жүк көліктері Ресей кеденінен өте алмай, 9 күн тұрды. Қазақстан шенеунігі Ресейдің халықаралық конвенция мен ЕАЭО нормаларын орындамай отырғанын және ол әрекетін түсіндірмейтінін айтады.

Қазақстанға келе жатқан жиыны 100-ден астам жүк көлігі Ресейдің Самара және Саратов, Соль-Илецк кедендерінде тексеру талабымен тоқтатылып, мұның соңы шуға ұласқан еді. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері қыркүйектің 3-і мен 11-і аралығында бірнеше брифинг өткізіп, Қазақстан және Ресей билігін проблеманы шешуге шақырған. Қазақстанның билік орындары Ресей көлік министрлігі мен федералдық кеден қызметіне сауал жолдағанын хабарлаған.

Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Еуразия экономика одағының (ЕАЭО) мүшесі, бірыңғай кеден кодексін мойындаған Ресей тарапынан қысастық жасалып, қазақстандық жүк тасымалдаушы компаниялар шығынға бата бастады» деп мәлімдеген еді. Мәселе өткен аптаның жұма күні шешіліп, көліктер Қазақстанға жіберілді.

Азаттық тілшісі осыған орай инвестиция және даму министрлігі экономикалық интеграциялар департаменті директорының орынбасары Ерлан Абсатовпен сұқбаттасты. Шенеуніктің айтуынша, «Ресей халықаралық жүк тасымалы конвенциясын да, ЕАЭО-ның жүкті кедергісіз өткізу туралы қаулысын да орындамай отыр».

Азаттық: - Ресей федералдық кеден қызметі Қазақстанға кіретін жүк көліктерді қыркүйектің басынан жаппай тексере бастағаны, сол себепті шекарада жүздеген жүк көлігі шоғырланып, олардың елге кіре алмай тұрып қалғаны хабарланды. ЕАЭО-ға мүше Ресейдің елдің жүк көліктерін жаппай тексеруіне не себеп?

Ерлан Абсатов: - Қазақстан жүк көліктерін Ресей кедені жаппай тексере бастағаны туралы ақпарат бізге қыркүйектің 3-і күні түсті. Осыдан кейін инвестиция және даму министрлігі Ресей федералдық кеден қызметі мен көлік министрлігіне сұрау салды. Әзірге ресми жауап келген жоқ. Бірақ бізге ауызша қайтарған жауаптарына және өздерінің сайттарына жариялаған материалдарына қарағанда, бұл шара Ресей аумағына кіргізуге тыйым салынған тауарларды анықтау мақсатында жүргізілген. Ресей кеден қызметінің түсіндіруіне қарағанда, Еуропа елдерінен жүк алған қазақстандық кейбір тауар тасымалдаушы көліктер жүгін Ресей аумағында заңсыз түсіреді. Олай болса, санкция салынған тауарлары бар көліктер ғана тексерілуі керек еді, бірақ Қазақстанға Ресей арқылы өтетін транзит жүк көліктерінің барлығы тексерілген. Шекарада жүк көліктерінің шоғырлануының себебі сол.

Ресей кеденіндегі Қазақстан көліктері деп жарияланған видео:

Атап өтерлік жайт - бұл бір мемлекетке қатысты мәселе емес. Яғни кеден тексерісі кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жүк көлігінің қай мемлекетке тиісілі екені маңызды емес, норма бәріне бірдей қолданылады. Қазақстан-Ресей шекарасында шоғырланған жүк көліктерінің арасында өзге де мемлекеттердің, Түркия мен Өзбекстанның да жүк көліктері болған.

Азаттық: - «Көліктердің кеденде жаппай тексерілгеніне алғаш наразылық білдіргендердің бірі Қазақстан халықаралық автотасымалдаушылар одағы бас хатшысы Теодор Капланның Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда бұл мәселе қазір реттелген. Мәселе қалай шешілді?

Ерлан Абсатов: - Бұл мәселеге Қазақстанның бірнеше министрлігінің шұғыл араласуына тура келді. Өткен аптаның жұма күні түстен кейін жүк көліктері шоғыры тарады. Бұл жөнінде бізге жүк тасымалдаушылар хабарлады. Оның ішінде тексеруге ілінбеген көліктер де бар. Өйткені Ресей жағы тек санкция салынған тауарларды ғана тексеру жөнінде шешім қабылдаған болуы керек. Бірақ бұл жүк тасымалына қатысты Ресеймен арадағы барлық мәселе шешілді деген сөз емес.

Азаттық: - Басқа қандай мәселе бар?

Ерлан Абсатов: - Биыл мамырдың 29-ы күні Бурабайда Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) елдері премьер-министрлері «ЕАЭО аумағында халықаралық жүк тасымалында МДП кітапшасын қолдану туралы кеден конвенциясын (Конвенция МДП, 1975 ж) жүзеге асыру» жөнінде қаулы қабылдаған. Ресей осы қаулыны орындамай отыр.

Бірақ ЕАЭО премьер-министрлері қол қойғанмен, бұл құжатпен Ресей санаспай отыр. Ресей аумағы арқылы Қазақстанға кіретін жүк көлігі Ресей компанияларының кепілгерлік жүйесін пайдалануға мәжбүр. Бұл қосымша шығын деген сөз.

МДП кітапшасы (Carnet TIR) - түрлі мемлекеттер шекарасынан оңайлатылған кеден процедурасы арқылы өтуге мүмкіндік беретін халықаралық құжат. МДП кітапшасын алғанға дейін жүк тасымалдаушы түрлі іріктеулерден өтеді. Барлық тексерістен өткен соң ғана МДП конвенциясының шарттары бойынша жүк тасымалдау құқығына ие болады. Мұндай көліктер TIR белгісімен жүреді. Осы конвенция бойынша, барлық тасымалдар қосымша кедендік тексерусіз жүргізіледі. Мәселен Еуропа Одағы елдерінің бірінің кеден қызметі жүк артылған жерде мөр басып, пломба салғаннан кейін транзит елдерде кеден тексерісінен өтпейді. Транзит кедендер тек пломбаны ғана тексереді. Егер онда контрабанда тауарлары бар деген ақпарат болса ғана ашып тексеруге болады. МДП конвенциясы бойынша жүретін көліктер аралық кедендерде әртүрлі төлемдерден де босатылуы тиіс. Өйткені МДП кітапшасы әуел бастан сатып алынады. Оның құны Қазақстанда шамамен 100 доллар тұрады.

Бірақ ЕАЭО премьер-министрлері қол қойғанмен, бұл құжатпен Ресей санаспай отыр. Ресей аумағы арқылы Қазақстанға кіретін жүк көлігі МДП кітапшасын жиып қойып, транзит ақысы үшін Ресей компанияларының кепілгерлік жүйесін пайдалануға мәжбүр. Бұл қосымша шығын деген сөз. Кепілгерліктің құны тасымал қашықтығына байланысты, орташа бағасы - шамамен 20 мың рубль (300 долларға жуық – ред.). Мәселен, қазақстандық жүк тасымалдаушы Балтық жағалауы елдерінен жүк артты делік. Ол жолындағы Ресейден өзге елдердің барлығынан МДП кітапшасымен өтеді.

Азаттық: - Ал конвенция талабын Ресей неге орындамайды?

Біздің есебіміз бойынша, биыл маусымның 12-сі мен тамыздың 4-і аралығында Ресей кеден қызметі Қазақстанға келген 150 жүк көлігінің МДП кітапшасын қабылдамай тастады. Бірақ не себепті қабылдамағанын түсіндірген жоқ.

Ерлан Абсатов: - Біз де осы сауалды 2013 жылдан бері Ресейдің тиісті орындарына үнемі қойып келе жатырмыз. Кездесу сайын талқылаймыз. Бірақ нақты жауап бермейді. Бір қызығы биыл ақпан айының 25-і күні Ресей президенті Владимир Путин «Халықаралық жүк тасымалында МДП кітапшасын қолдану туралы кеден конвенциясын (Конвенция МДП, 1975 ж) Ресейде жүзеге асыру» жөнінде өкім де шығарған. Бірақ одан жағдай өзгермеген соң, бұл мәселені мамырдың 29-ы күні Еуразия экономика одағы премьер-министрлерінің талқылауына тағы ұсынып, қаулы алдырдық. Сонда да нәтиже жоқ. Біздің есебіміз бойынша, биыл маусымның 12-сі мен тамыздың 4-і аралығында Ресей кеден қызметі Қазақстанға келген 150 жүк көлігінің МДП кітапшасын қабылдамай тастады. Бірақ не себепті қабылдамағанын түсіндірген жоқ. Бейресми ақпараттарына қарағанда, «Ресей мұны контрабандалық тауарларды жібермеу үшін жасайды». Бірақ, конвенция талабымен жұмыс істегелі қазақстандық тауар тасымалдаушылар контрабандалық тауар тасыды деген факт екі-ақ рет кездескен.

Азаттық: - Бұл тек Ресей мен Қазақстан арасындағы мәселе ме, әлде ЕАЭО-ның басқа мүшелері арасында да осындай жағдай бар ма?

Ерлан Абсатов: - Ресей тек Қазақстанға ғана қатысты емес, өз аумағынан өтетін барлық халықаралық жүк тасымалына осылай жасайды. ЕАЭО-ның өзге мүшелері МДП конвенциясын орындап отыр.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG