Accessibility links

Өзара тыйымдар «сауда соғысы» жайлы сөзге түрткі болды


Мәскеудегі дүкендердің бірінде тауар таңдап тұрған әйел. (Көрнекі сурет)

Мәскеудегі дүкендердің бірінде тауар таңдап тұрған әйел. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық кейбір сарапшылар Астана мен Мәскеудің кейбір тауарларға тыйым салуын сауда соғысы нышанына баласа, енді біреулері оны еуразиялық интеграцияның «аралық ахуалының» салдары деп түсіндіреді.

Қазақстанда сәуір айында ресейлік кейбір кондитерлік және май, сүт өнімдерінің «техникалық регламентке сай келмейтіні» себепті сауда орындарынан алынғаны хабарланды. Оған дейін наурыздың соңында Қазақстанда ресейлік бірнеше өндірушінің ет өнімдерін сатуға тыйым салынған.

Өткен аптада Ресейдің «Роспотребнадзор» мекемесі «нормативтік талаптарға сай емес» қазақстандық сүт өнімдері, көкөніс және кептірілген жеміс түрлерін саудадан алу туралы шешім қабылдағанын хабарлаған.

Еуразиялық экономикалық одаққа енетін екі ел арасындағы «сауда соғысы» нышаны туралы баспасөзде айтылған болжамдарды Астана мен Мәскеу ресми орындары теріске шығарып үлгерді.

Сәуірдің 13-і күні журналистерге түсініктемесінде Қазақстан ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «Қазақстан мен Ресей арасында сауда соғысы жүріп жатқан жоқ» деп мәлімдеді.

«Бізбен барынша тығыз байланыс орнатып отырған достас елдер бар. Сонымен қатар, бізге өзінің сапасыз өнімін жөнелтетін кейбір кәсіпорындар да бар. Біздің сөрелермізде сапасыз тауар болғанына төзе алмаймыз және төзгіміз де келмейді» деген ол.

Бұдан кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.

«Менің ойымша, бұл – асырып айту. Нақты не болып жатқаны жайлы менде ақпарат жоқ. Бірақ, сауда соғысы деген атаулар қисынсыз деп ойлаймын» деген Песков.

Досым Сәтбаев.

Досым Сәтбаев.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев әлемдік тәжірибеде сауда соғысы жиі болатын құбылыс екенін айтады. Ондай соғыстар дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер арасында да болып тұрады дейді ол.

– Қазіргі болып жатқан жағдай Еуразиялық экономикалық одақтың жасанды екенін, тыңғылықты жасалмағандығының көрінісі. Яғни, бұл экономистер мен бизнесмендердің интеграциялық жобасынан гөрі, саясаткерлер құрған шикі жоба екенін айқын көрсетеді. Сондықтан осындай мәселелер әлсін әлі шығып жатыр, - дейді Сәтбаев.

Оның сөзінше, бұған дейін Кедендік одақ кезінде болған көріністер енді Еуразиялық экономикалық одақ кезінде де қайталанып отыр.

Қазіргі болып жатқан жағдай – Ресейдің Қазақстан тауарларынан өз нарығын қорғап қалудың амалы ғана.

– Сондай проблемалардың бірі – «тарифтік емес реттеу әдісі» деп аталып жүр. Бұл – өзге елдердің бизнес құрылымдарына үкімет тарапынан қойылатын жасанды тосқауыл түрлері. Ресейде бұл кең тараған тәжірибе, кезінде Кедендік одақ аясында Ресейдің жасанды тосқауылдар жасағаны жайлы мәлімдемелер жиі айтылатын. Сондықтан қазіргі болып жатқан жағдай – Ресейдің Қазақстан тауарларынан өз нарығын қорғап қалудың амалы ғана, – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, мұның барлығы Ресейдегі экономикалық жағдайдың қиындауымен тікелей байланысты. Санкциялар соғысы, ұлттық экономикасы күрделі жағдайда қалуы себепті ресейлік көптеген бизнес құрылымдар Ресейдің өз ішінде де тауар өткізуде қиындыққа тап болған.

– Сондықтан олар өз тауарларын ЕАЭО-ға енетін Қазақстан, Беларусь сияқты сырт елдерде өткізуге тырысады және сонымен бірге, бұл одаққа кіретін елдердің тауарынан өз нарығын қорғауға да тырысып жатыр. Мұндай сауда соғыстары бұған дейін Беларусьқа қатысты жиі болып келгенін айта кету керек. Ресми тұлғалар қалай деп айтса да, сауда соғысы бар, біз оның айқын нышандарын көріп отырмыз. Ресейде экономикалық ахуал қиындаған сайын мұндай сауда соғыстары тек күшейе түседі деп ойлаймын, - дейді Досым Сәтбаев.

Петр Своик.

Петр Своик.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда да отандық бизнес құрылымдарының уәжіне құлақ асып, қазақстандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғауға қатысты шаралар қолға алына бастаған болуы мүмкін.

Саясаткер Петр Своик Ресей мен Қазақстан арасындағы кейбір тауар түрлеріне салынған тыйымды еуразиялық интеграцияның аралық ахуалының салдары деп түсіндіреді.

– Тараптар ішкі кеден шекарасын алып тастағанымен ортақ кедендік кеңістіктің дұрыс жұмыс істеуіне қажетті көптеген негізгі тетіктері әлі жоқ. Нәтижесінде, экономикалық кеңістікті қорғайтын кеденшілер қысқартылып, олардың орнына «ішек дерті таяқшаларын» желеу еткен санитарлық дәрігерлер келіп отыр. Бұл жағдайда әңгіме тауар сапасы жайында емес, оларды (дәрігерлер – ред.) тек саяси мақсатта пайдаланып отыр, - дейді Своик.

Мағбат Спанов.

Мағбат Спанов.

Экономист Мағбат Спанов «сауда соғысы туралы айту негіз жоқ» деп санайды.

– Ешқандай сауда соғысы жоқ, тек бәсекелестік тартыс қана. Бұл тек жұмыс бабында кездесетін келеңсіздіктер. Себебі, Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеп жатқанына тек үш ай ғана болды, қандай да бір баға беру үшін тым болмағанда бір жыл, ал ең дұрысы екі-үш жыл уақыт өтуі керек. Мұндай жайттар алда әлі де болатыны анық. Және біз Ресеймен «соғыса» алмаймыз, олар бізді саяси тұрғыдан да, экономикалық жағынан да басып тастайды. Сондықтан сауда соғысы туралы сөздер – артық, - дейді ол.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG