Accessibility links

Астана Еуразия Одағындағы «тең өкілдік» туралы айтады


Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.

Астананың мәлімдеуінше, «Еуразия экономикалық комиссиясы қызметі бағыттарының үштен бірі Қазақстанның бақылау құзырында болмақ». Бірақ бұл «өкілдік» қағаз жүзінде ғана ма – ол жағы белгісіз.

Осы аптада өткен брифингте Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілі Самат Ордабаев: «Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шартта шешім қабылдау мен оны жүзеге асыру процесіндегі барлық тараптардың тең өкілдігін қамтамасыз ету механизмі анық жазылған» деп мәлімдеді.
Солдан оңға қарай: Беларусь премьер-министрі Михаил Мясникович, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Солдан оңға қарай: Беларусь премьер-министрі Михаил Мясникович, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

«Ел ішінде «бізді мемлекеттің тәуелсіздігі мен мүддесіне нұқсан келтіретін әлдебір жаңа шарттар мен келісімдерге хабарламай кіргізіп жіберуі мүмкін» деген жөнсіз қорқыныш бар. Бұған жол берілмейді» деп мәлімдеді Самат Ордабаев.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссияның 24 департаментінің үштен бірінде, яғни 8-9 департаментте Қазақстан өкілдері болады.

Қазір Еуразия экономикалық комиссиясында 23 департамент жұмыс істейді. Комиссия сайтының деректері бойынша, келешекте «одақтық үкіметтегі» 9 министрдің үшеуі Қазақстаннан тағайындалады. Ал қазір олардың құзырындағы департамент алтау ғана.

Нұрлан Алдабергенов монополияға қарсы реттеу және бәсекелестік саясаты департаменттері қызметін басқарады. Тимур Сүлейменов – қаржы саясаты және кәсіпкерлік белсенділікті дамыту департаменттеріне, ал Даниял Ахметов транспорт, инфрақұрылым және энергетика департаментіне жетекшілік етеді.

Қаржыны басқару, макроэкономикалық саясат, кедендік реттеу сияқты кейбір салаларды бақылау Ресей мен Беларусь министрлері құзырында болмақ.
Оқи отырыңыз: Еуразия Одағының үнсіз құрылған «үкіметі»

Экономист Олжас Құдайбергенов «Еуразия экономикалық одағы аясындағы өкілеттік дұрыс бөлінген» деп санайды.

- Біздің елдің еншісіне 23 департаменттің алтауы ғана тигенімен, басқару ісінде үш елдің өкілеттілігі шамамен тең бөлінген. Энергетика, мемлекеттік сатып алу, антимонополиялық реттеу және қаржы саясаты департаменттері Қазақстан өкілдерінің басшылығымен жұмыс істейді. Сондықтан Қазақстан Еуразия экономикалық одағы комиссиясы құрамынан лайықты орын алды деп айтуға болады, - дейді ол.

Ал оппозициялық саясаткер Петр Своиктің пікірінше, Еуразия экономикалық комиссиясы құрамындағы өкілдікті белгілі бір мемлекеттің мүддесін қорғау деп түсінбеген жөн.
Оппозициялық белсенді Петр Своик. Алматы, 54 сәуір 2013 жыл.

Оппозициялық белсенді Петр Своик. Алматы, 54 сәуір 2013 жыл.

- Еуразия экономикалық одағының «одақтық» министрлерінің ішінде де, Мәскеудегі аппаратында да Қазақстан өкілдері жетеді. Олар қызметіне тағайындалғаннан кейін елдің ұлттық мүддесін қорғайтын өкілдер емес, «еуразиялық» бюрократия өкілдеріне айналады. Бұл жерде проблема комиссия құрамындағы шенеуніктердің аздығында емес, «ұлтшыл патриоттар» қатты шошынатын парламенттік интеграцияның жоқтығында, - дейді Петр Своик.

Еуразия экономикалық одағын 2010 жылы Кеден Одағын құрған Қазақстан, Беларусь және Ресей елдері интеграциясының келесі қадамы деп атайды.

Мамырдың 29-ы күні үш ел президенті Астанада Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қойса, одақ 2015 жылдан бастап іске қосылады.

«Еуразия экономикалық одағы Қазақстанды тәуелсіздігінен айырады» деп санайтын кейбір азаматтық белсенділер мен оппозициялық саясаткерлер келісімге қол қоюға наразылық білдіріп жүр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG