Accessibility links

Шетелдіктер Ресейден кетіп жатыр


Мәскеудегі шетелдіктер көп баратын жердің бірі "Кризис жанра" бары болған.

Мәскеудегі шетелдіктер көп баратын жердің бірі "Кризис жанра" бары болған.

Ресейде жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары елдеріне қайтып жатыр. Бұл Мәскеудің Батыстан оқшаулану саясатының бір айғағы болса керек.

Нэш Тавхелидзе 1990 жылдардан бері Мәскеуде шетелдіктерге арналған ойын-сауық бизнесін жүргізіп келген. Ресейге салынған экономикалық санкциялардың кесірінен оның бизнесі құрдымға кеткелі тұр.

Тавхелидзе – шетелдіктер көп келетін әйгілі «Кризис жанра» түнгі клубының қожайындарының бірі. Мәскеуде тұратын шетелдік қызметкерлер мұнда көп келетін. Бірақ соңғы кездері келушілердің қатары сиреп қалды дейді ол.

– Былтыр өте ауыр жыл болды. Анда-санда бір-екі қыз-жігіттер келіп тұратын, қазір олар да елдеріне қайтып кетті, - дейді Тавхелидзе.

Ресей астанасында тұратын шетелдіктердің айтуынша, Украина дағдарысы басталып, санкциялар күшейген соң сырттан келген қызметкерлер жаппай елдеріне кете бастаған. Бұл сөзді үкіметтің ресми деректері де растай алады.

КЕТУШІЛЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Федералдық миграция қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2014 жылғы 20 қаңтар мен 2015 жылғы 20 қаңтар аралығында Ресейде тұратын шетелдіктер саны 417 мың адамға азайған. (Соғыстан бас сауғалап келген украиналықтар бұл санатқа жатпайды). Яғни Ресейде қызмет істейтін шетелдіктер саны 5 пайызға кеміген, оның үстіне кетіп жатқандардың көбі – Батыстан келгендер.

2014 жылдың екінші жартысында Ресейден кеткендердің қарқыны арта түскен.

Ресейде қызмет істейтін кейбір Батыс елдері азаматтарының саны 30, тіпті 50 пайызға азайған. РБК медиахолдингті таратқан ақпаратта шетелдік қызметкерлер мен туристердің ара-жігі ажыратылмаған, бірақ сонда да бұл көрсеткіштің күрт төмендеуі күрделі мәселеге айналған.

Бір жылдың ішінде Ресейде тұратын Германия азаматтарының саны 348 539 адамнан 240 113 адамға, яғни шамамен 30 пайызға кеміген. Осы аралықта Ресейде жүрген АҚШ азаматтарының саны 36 пайызға азайып, 79 337 адам қалған. Ұлыбритания азаматтарының саны 38 пайызға (68 627 адам), Финляндия азаматтарының саны 39 пайызға (46 157 адам), Норвегия азаматтарының саны 48 пайызға азайған.

Статистикаға қарағанда, 2014 жылдың екінші жартысында Ресейден кеткендердің қарқыны арта түскен.

РЕСЕЙДЕН КЕТУГЕ СЕБЕП КӨП

Ресейдегі Америка сауда палатасының президенті және атқарушы директоры Алексис Родзянко бұл елден кетіп жатқан шетелдіктерді үш категорияға бөліп қарастырады.

Бірінші топ – ірі халықаралық компаниялардың Ресейде жұмыс істеп келген қызметкерлері. Компаниялар Ресейде ахуалдың нашарлайтынын алдын ала болжап, шығындарды азайту мақсатында сырттағы қызметкерлерін кері қайтарып алып жатыр.

Екінші топ – санкциялардың кесірінен қатты зардап шеккен энергетика секторының қызметкерлері.

Родзянконың айтуынша, Ресейден кетіп жатқан «экспаттардың» саны қысқарып жатқан шетелдік бизнестің ауқымымен пара-пар.

Үшінші топ – жоспар бойынша қайтып жатқандар. Батыс компаниялары өз жоспарларына сәйкес сыртта жұмыс істеп жатқан қызметкерлерін қайтарып, олардың орнына жергілікті қызметкерлерді алып жатыр.

– Меніңше, бұл үш топтан де кетіп жатқандар көп, - дейді Родзянко.

Ал Ресейден жақын арада кетпек болып жүргендердің де түрлі уәждері бар.

– Маған бұл елдің даму бағыты ұнамайды, - деді Азаттыққа берген сұхбатында атын атамауды жөн көрген австралиялық заңгер.

Британиялық бір заңгер шығындарды қысқарту жүріп жатқандықтан, әріптесі екеуі елдеріне қайтуға жиналып жатыр екен. Енді бірі клиенттерінің көбі санкцияның «қара тізіміне» ілінген соң Ресейден кетуге бекінгенін айтты.

Аты-жөнін айтпаған Францияның бір азаматы осындағы америкалық құрылыс компаниясында жұмыс істеп келген. Жалақыны Ресей рублімен алып жүрген ол қазір табысының едәуір азайғанын айтады. Қазіргі алатын жалақысы көңілінен шықпайтын ол еліне оралуға шешім қабылдапты.

– Басқалар сияқты менің де Еуропада алған несиелерім бар. Қазір ол жақтағы несиелерімді төлеп, мұнда өмір сүруге ақшам жетпейді, – деді өзін «Әмина» деп таныстырған француз азаматы.

Родзянконың айтуынша, Ресейден кетіп жатқан экспаттардың саны қысқарып жатқан шетелдік бизнестің ауқымымен пара-пар.

– Биыл бизнестің ауқымы 20-30 пайызға кемиді деген болжам бар, - дейді Родзянко.

Мәскеуде Hudson деген атпен бар ашып, жеті жылдан бері тұрып жатқан бизнесмен Сечин Сиванкуттының айтуынша, бизнестің ауқымы 40 пайызға төмендеген.

– Көптеген жұрт ақшаларын қайтарып алып, бұл елден кетіп жатыр. Мұны біздің бардағы ахуалға қарап-ақ байқаймыз, - дейді Сиванкутты.

Ал «Кризис жанра» түнгі клубының иесі Нэш Тавхелидзе баяғы жақсы күндерді есіне алды.

– 1990 жылдардағы Мәскеуді еске алып тұрамын. Қандай керемет кез еді! Бәлкім, сол кездер келмеске кеткен шығар. Ал алда не күтіп тұрғаны белгісіз, – дейді ол.

Азаттық тілшісі Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG